Қалалық қоғамдық-саяси газет

Келешек білімді жастардың қолында

0 919

Жастарды білім жолына бағыттап, түзу жолдан тайдырмай, санаға сәуле шашар оқу-білімнің тізгінін ұстату мемлекет пен қоғамның міндеті саналады. Келешектің іргетасын қалау үшін алдымен сол елдің жастарының саналы ұрпақ болып жетілуіне күш салу керек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз», – деген болатын.
Халқымыздың «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген ұлағатты сөзін, білімнің, шындығында да, баға жетпес үлкен рухани қару екенін, тек рухани қару ғана емес, сонымен қатар аса зор өндіргіш күш екенін білуіміз тиіс. Білімнің қуатына тең келетін басқа идеялық-рухани күш, қуат көзі жоқ екені белгілі. Өйткені білім – тек ғылымның іргетасы ғана емес, сонымен бірге тасы өрге домалаған еңсесі биік елдермен терезесі тең мемлекет болудың күретамыры, ел дамуының алтын қаруы. Білім бар жерде даму, жетілу, кемелдену үрдісі бір сәтке толастамайды.
Ұлы Абайдың: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады», – деген сөздері бүгінгі күні ұрпақтың әлемдік ғылыммен прогресс заңдылықтарына сәйкес, бәсекеге қабілетті болып қалыптастыру үрдісінде де өзекті болып отыр. Қазақстандық білім беру жүйесіндегі реформалар мектепке дейінгі тәрбиелеу жүйесі мен жоғары оқу орнындағы білім беру жүйесін қамтиды.
«Ерте заманнан бері қазақ атамыз «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген сөз қалдырған. Қазақтың бұл мақалының өзі бүгінгі күні айрықша мәнге ие болып отыр. Бұл заман – білекке емес, білімге сенетін заман. Заманауи әлемде елдің қуаты алдымен білім мен ғылымда болатын уақытқа келдік. Сол білімді қажетке, тұрмыс игілігіне жарата білуімізбен ғана бағаланады. Инемен құдық қазғандай, қиын, күрделі, орасан қажыр-қайрат пен ерік-жігерді талап ететін білімсіз өмір тұл», – деп атап өтті. Қазақстанда білікті мамандар даярлау мен білім саласын әлемдік стандарттарға сай реформалау мәселесіне баса назар аударды. Тәуелсіздікті баянды етуде білімнің маңыздылығын жете түсінген.
Арнайы министрліктер мен оқу орындары әдістемелер мен технологияларды жіті меңгеріп, халықаралық тәжірибені толық зерделеуде. Қазіргі уақыт – адамзат биігін білекпен емес, біліммен бағындырудың заманы. Бүгінгі жас ұрпақ мұны анық сезініп, білім бұлағынан молынан сусындауға зейін қоюда. Жастар өз күш-жігерін, білімін тәуелсіз елінің гүлденуіне жұмсамақ.
Өркениет көшіне бет бұрған қыруар істің алатын арқауы болып есептелетін ғылыми-техникалық және экономикалық прогрестің негізгі қозғаушы күші білім десек, қателеспейміз. Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарындағы тәрбиенің негізгі мақсаты – жастардың бойында азаматтық пен қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрлерін дәріптеуге, әлемдік және отандық мәдениет жетістіктерін оқып үйренуге, Конституцияға және қоғамға қарама-қайшы келетін әрекеттерге төзбеушілікке тәрбиелеу. Тәрбие қазіргі өзгермелі, сан салалы, көпмәдениетті, көпэтникалық үлкен өмірге енуге дайын қабілетті тұлғаның дамуына бағытталған және рухани құндылықтарының негізінде құрылады.
Тәрбие жұмысы – ол арнайы ұйымдастырылған қалыптастырушы үрдіс және ізгілікті қабылдайтын, әлеуметтік құндылықтар мен азаматтық мінез-құлық үлгілері бола отырып, тек ғылыми негізделген тәрбие жүйесінің аясында ғана өзін іс жүзінде көрсетіп, өзін-өзі қалыптастырған тұлға үлгісіне жағдай жасайды. Қазіргі уақыт талабы жаңаша дүниелік көзқарас тұрғысынан жаңаша ойлап, шешім қабылдай алатын, креативті ойлау қабілеті дамыған тұлғаны, өз елі мен жерінің, туған тілінің жанашырын дайындауды міндеттеп отыр. Бұл міндет жаңа уақыт талаптарына төтеп бере алатын, кәсіби білікті, бәсекеге барынша қабілетті, ұлтжанды азамат тәрбиелеу ісінің өзектілігін алға тартады. Ел болу, мемлекет құру – сонау түркі заманынан бермен қарай желісі үзілмей келе жатқан ұлттық арман-аңсар. Ел болу – болашаққа ашылған даңғыл жол. Сол жолды ұлттық тәрбие арқылы жүруді үйренсек, ешкімнен кем болмайтынымыз анық. Ұлттық тәрбие –
ұлттық сана-сезімі жоғары болашақ маман жастарды тәрбиелеуге негізделген білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі. Міндеті: мәдени-әлеуметтік өзгермелі жағдайдағы ұлттық тәрбиенің діңгегі ана тілі болып қалатынын негіздеу; қазақ тілі мен тарихын, мәдениеті мен ділін, салт-дәстүрі мен дінін құрметтеу рухында жастардың ұлттық интеллектуалдық мінез-құлқын қалыптастыру, бүгінгі қазақ елінің индустриалдық-инновациялық жүйесінің дамуын қамтамасыз ететін жоғары парасатты ұлттық сипаттағы белсенді іс-әрекетке тәрбиелеу, білім және мәдени-рухани тұрғыда басқа өркениеттермен бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету, қоғам мен адам, адам мен табиғат қарым-қатынасының өркениеттілік сана-сезімін ұлттық рухта қалыптастыру болып табылады.
Тәрбиенің басты нысаны – елдік сананы қалыптастырып, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді негіздеу, ұлтсыздықпен күресу. Қазақстанды Отаным деп таныған әр азаматтың осыған өз әлінше үлес қосуы – оның басты шарттарының бірі. Жастарға патриоттық тәрбие берудің бағдарлы идеяларын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2030» атты еңбегінің «Қазақстан мұраты» деп аталатын бөлімінде: «…біздің балаларымыз бен немерелеріміз… бабаларының игі дәстүрін сақтай отырып қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болады. Олар бейбіт, абат, жылдам өркендеу үстіндегі күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары болады», – деп үлкен үміт артты. Болашақ жастардың қолында деген ұрандарды жиі айтып, елімізде осы мақсаттарда қолға алынып жатқан жобалар аз емес. Тек оны өз керегіне қарай пайдалану –
әрбір жастың құзырындағы жұмыс. Мемлекет тарапынан жасылынып жатқан бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға әрбір жастың өз ұмтылысы болуы тиіс. Өйткені өмір ағыны тоқтамақ емес, жастық шақтың да жарқ етіп өте шығары баршаға мәлім.
Елiмiздiң болашағы жастардың еңбекқорлығына, талап-тiлегiне, арман-мұратына байланысты. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Біз жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек. Олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет», – деген болатын.
Білім алу, тіл үйрену, бәсекеге қабілетті болу, ұлтқа адал қызмет ету және Отаныңды Абайша сүю. Осы құнды қасиеттерді бойына жинақтаған саналы ұрпақ қана ұлтты жаңғыртып, жаңа белеске көтермек. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев елдік мүддеге қатысты әрбір істе жас буынды Абайдың ғибратты ғұмыры мен мол мұрасынан үлгі-өнеге алуға шақырды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Абайдың өсиеті – өскелең ұрпақтың айнымас темірқазығы. Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты. Ұлы ойшыл жастарымызды білім мен ғылым игеруге, өнер мен тіл үйренуге, адал еңбек етуге шақырды. Абайдың «Толық адам» тұжырымы өміріміздің кез келген саласында, мемлекетті басқару мен білім жүйесінде, бизнес пен отбасы институттарында негізгі тұғырға айналуы керек. Мұның бәрі интеллектуалды ұлт қалыптастыру үшін қажет», – деген еді.
Талантты жастарды мемлекет әрдайым қолдауға дайын. Олар үшін барлық жағдай жасалған. Демек, жастар алмайтын қамал, бағындырмас биік жоқ. Президенттің жастарға сенімі бұл. Ал білікті менеджер болуға қабілетті және креативті жастарды жасақтау мұнымен тоқтамақ емес. Жас келсе – іске! Жастарға жауапкершілік жүктелді. Елiңнiң ұлы болсаң, елiңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың мемлекетiн нығайтып, көркеюi жолында терiңдi төгiп еңбек ет. Жердiң де, елдiң де иесi екенiңдi ұмытпа. Сондықтан жастарға бiлiм беретiн ұстаздар да ұлы мұрат жолында жалынды еңбек етуге даярмыз.
Қаймағы бұзылмаған қазақ халқының қарқынды дамуы – ел болашағының кепілі. Даму барысында негізгі рөл жастарға артыларын ескерсек, сол жастар өз қара басының қамын қамдамай, ел болашағының беріктігін қалқалап жүруі керек. Өрнегін салған өткен күндерді тарих сахнасына қалдырып, асығы алшысынан түсер алдағы сәттерді санасына түйіп, іс-әрекетке бет бұруы тиіс.
Ол үшін негізгі міндет – сапалы білім. Білімді азамат атанып, ел мерейін асқақтатары тақиямызға тар келмесі анық. Сондай-ақ айрандай ұйып, басы біріккен озық елдер қатарына қосылып көшбасшы атану – көкірегімізде жалындап тұрған алау-үміттердің бірі. Тереземіз тең, керегеміз кең болуы үшін де зияткер ұл-қыз, білікті балалар тәрбиелеуіміз шарт.

Мерует КАЛДЫГОЗОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
«Менеджмент» кафедрасының аға оқытушысы, э.ғ. магистрі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.