Қалалық қоғамдық-саяси газет

Келелі мәселелер кеңесіп шешіледі

0 1  587

Биыл Ұлттық құрылтайдың үшінші жиыны еліміздің батыс бөлігіндегі Атырау қаласында өтті. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамды ілгерілету, мәдениет туралы маңызды мәселелерді тілге тиек етті.

Мемлекет басшысының пікірінше, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады.
– Алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет. Қазір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты талқылау көбейіп барады. Қаламгерлеріміз тіпті Шыңғысханның тегі кім деп айтысып-тартысып жататын болды. Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қояды. Дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дүниетанымына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті. Олар, яғни сол заманның қайраткерлері бір кездері ұстанған бағытына бола дауласса, ендігі ұрпақ кімнің ісі дұрыс, кімдікі бұрыс деп даурығып жүр. Жалпы бұрынғы және қазіргі тарихтың түрлі кезеңдерін, тұлғаларын бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Түптеп келгенде, мұның бәрі – біздің тарихымыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы ағартушылық деп санайды. Бұған қоса, кітапхана ісін өркендетуге бейжай қарауға болмайтынын атап өтіп, көп ұзамай Алматы мен Астанада тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапханалар бой көтеретінін жеткізді.
Әрі Мемлекет басшысы болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет деп санайды. Оның пікірінше, Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалған.
– Жошы әулеті 6 ғасыр бойы Орталық Еуразияның тағдырына тікелей ықпал етті. Ұлан-ғайыр аумақта біртұтас өркениет құруға ұмтылды. Жошы ұлысы Ұлы даланы мекен еткен халықтардың сан ғасырлық даму бағдарын айқындап отырды. Ұлық ұлыс мемлекетті басқару ісін жаңа деңгейге көтерді. Оның Рим империясымен ұқсастығы да – осында. Биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толды. Бүгінгі жиынымыз да осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алады. Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Ендеше, Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек, – деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанның жеті томнан тұратын жаңа академиялық тарихын жазу жұмыстары жүйелі жүріп жатқанын хабарлады. Бұл іске 250 ғалым, соның ішінде 60 шетелдік маман атсалысып жатыр. Аталған еңбектің дербес бір томы Жошы ұлысына арналмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетіне мүше болып сайланғанын еске салып, еліміздегі қайталанбас табиғи және тарихи ескерткіштерді кеңінен дәріптеуге шақырды. Бұл ретте Президент жерасты мешіттерін және тылсым табиғатымен шетелдіктердің ерекше қызығушылығын туғызған Үстірт қорығын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізбесіне енгізу жөнінде тапсырма берді.
Бұған қоса, Мемлекет басшысы Ешкіөлмес жотасындағы, Арпаөзен, Құлжабасы, Сауысқандық сайларындағы дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресі саналатын таңбалы тастарды (петроглифтерді) қорғауға алу үшін тиісті шаралар қабылдауды, сондай-ақ жалпы тарихи-мәдени мұрамызды сақтау үшін археологиялық қызметті жүйелеуді тапсырды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесіне айрықша тоқталды. Президенттің пікірінше, еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, дәстүрлі дініміз – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет. Бұл орайда Мемлекет басшысы Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге айрықша назар аударған жөн деп санайды.
Сонымен қатар Президент ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға жеке-жеке тоқталды. Олар – тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық. Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек. Президент ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды. Сонымен бірге бұл Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр.
– Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек. Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы қазір шетелде шамамен 200 мыңға жуық қазақстандықтың заңды түрде жұмыс істеп жүр. Президенттің пікірінше, қазір шетелде еңбек ету – қалыпты құбылыс.
– Американың өзінде Орталық Азиядағы көршілес елдердің мыңдаған азаматы тұрып жатыр. Көбі бизнесін жүргізіп, саудамен айналысады, арасында қалталы адамдар пайда болып жатыр. Бірақ олар өзінің ұлттық ерекшелігін жоғалтқан жоқ. Ең дамыған елдердің азаматтары да шетел асып, табыс табуға намыстанбайды. Заманауи көшпенділер, Modern Nomads дегеніміз – осы. Бұл – бүкіл әлемде болып жатқан үрдіс. Соңғы жылдары жастарымыз да шетелге жиі шыға бастады. Қазір Қазақстанның 200 мыңға жуық азаматы заңды түрде сыртта жұмыс істеп жүр. Табыс табу үшін шетелде бейресми еңбек етіп жүргендер де бар. Қай жерде болсын, еңбектің, кәсіптің жаманы болмайды. Тек бәрі заңды болуы керек. Сонда мемлекет олардың құқығын қорғап, қандай да бір жағдай болса, көмектесе алады, – деді Президент.
Жайық жағасында жалғасын тапқан жиында жұртшылық атынан Парламент Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин, қоғам қайраткері Оразалы Сәбден, Парламент Сенатының депутаты, «Возрождение» қазақстандық немістер бірлестігі» қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Евгений Больгерт қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды.
Өз сөзінде Евгений Больгерт қазақстандық мектептерде «Қаржылық сауаттылық пәні» енгізілуі мүмкін екенін айтты. Депутаттың мәліметінше, соңғы жылдары Қазақстандағы интернет- алаяқтық қылмысы 10 есеге дейін өскен.
– Халықтың қаржылық сауаттылығы әлі де төмен. Жүргізілген зерттеу бойынша, азаматтардың басым бөлігі қаржылық сауаттылық туралы ақпаратты әлеуметтік желілерден алады екен. Ал кейбіреулері тіпті бұл тақырыпта ізденбейді. Қазіргі уақытта біздің жастарымыз қарқынды цифрландыру, жасанды интеллект сынды атомдық жылдамдықпен даму дәуіріндегі қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Осындай мәселелерге төтеп беретін заманауи мектептер керек, – деді халық қалаулысы.
Сонымен қатар құрылтай отырыстары барысында қазіргі кездегі жасөспірімдер мен жастардың арасындағы мәселелерге көңіл бөлінді және бірқатар ұсыныстар берілді. Ұлттық құрылтай мүшелерінің ұсыныстары негізінде Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Сонымен қатар Оқушылар мен жастар арасында электронды темекіні/вейпті тұтынудың алдын алу жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған жол картасы қабылданды. Қазіргі кезде Парламентте вейпті әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға толық тыйым салу туралы заң қарастырылуда. Тағы бір бастама ретінде 2023-2024 оқу жылына арналған балалардың лудоманияға және компьютерлік ойындарға тәуелділігінің алдын алу бойынша әзірленген жол картасын айтуға болады.
Өз кезегінде Қасым-Жомарт Кемелұлы құрылтайда айтылған жаңа идеялар мен ұсыныстар мұқият қаралып, нақты шаралар қолға алынатынын жеткізді. Сонымен қатар Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысын келесі жылы Көкшетауда өткізуді ұсынды.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.