Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Әке туралы толғаныстан» туған ой

Жазушы Кемел Тоқаевтың туғанына – 100 жыл

0 1  333

«Тау алыстаған сайын биіктей түседі» деген сөз жазушы Кемел Тоқаев сынды алыптарға арнап айтылғандай. Белгілі жазушы, детектив жанрының өкілі, Ұлы Отан соғысының ардагері Кемел Тоқаевты білмейтін қазақ кемде-кем. Биыл ұлттың ұлы тұлғасының туғанына бір ғасыр толып отыр.

Жазушының көптеген еңбегі майдан даласынан сыр шертеді. Ол қазақ детективінің негізін қалаушы ретінде танымал. Кемеңгер жазушының «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Сарғабанда болған оқиға» сияқты шығармалары сөзімізді шегелей түседі. Ұлы Отан соғысының ардагері, Халық қаһарманы Қасым Қайсенов туралы «Арнаулы тапсырма» атты шығармасының да оқырманы қалың. Қасым Қайсеновтің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген бір сұхбатында Кемел Тоқаевтың өжеттігіне, табандылығына дəн риза болып, еңбегін жоғары бағалағаны жазушының шеберлігін танытады. Қаламгердің табандылығы болар, батыр Қасыммен бірге Украинаға барып, оның қан майдандағы партизан достарымен кездескен екен. Осындай əке жолын қуған көрнекті қоғам қайраткері, белгілі дипломат, саяси ғылымдар докторы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде танымал тұл-ғаға айналды.
Қасым-Жомарт Тоқаев – Мəскеу мемлекеттік халық-аралық қатынастар институтын, сонымен қатар Бейжің тіл институтын, КСРО Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық Академиясын бітірген жан. Білікті тіл маманы, бірнеше тілде еркін сөйлейтіні тағы бар. Институтты бітіргеннен соң мамандығы бойынша КСРО Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында, шетелдік өкілдіктерде қызмет істеген. Қазақстанда, сондай-ақ шет елдерде жарық көрген халықаралық қатынастар мəселелері жөніндегі кітаптары бар.
Кемеңгер жазушы Кемелдің кесек бейнесін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Əке туралы толғаныс» атты ғұмырнамалық кітабын парақтағанда көргендей болдым. Аталмыш туындысында Президент əкесі Кемел Тоқаев пен анасы Тұрар Шабарбаева туралы көркем əңгімелейді. Ғұмырнамалық кітап өзін аялап өсірген асқар тау əке мен аяулы анасына деген естелік сыйы іспетті. Толғанысы терең еңбекте ата-анасы туралы деректер жетерлік.
«Əрбір саналы адам өткеніне ойша көз жіберіп, өмір жолындағы іс-əрекеттерін ата-анасының берген ақ батасымен салмақтап таразылайды. Бұл əсіресе бір қырдан асып, елуді еңсерген адамдарға тəн. Мен де солардың бірімін. Сондықтан көп жылдар бойғы ойтолғауларымды тұжырымдап, қағаз бетіне түсіріп, əке-шешем туралы əңгімелеп беруді жөн көрдім», – деп бастайды автор еңбекті.
Терең тебіреніске толы толғауда өзінің өмір есігін ашқан сəттен бастап баяндаған. Сол жылдарда əке көзін көрген жандар туралы да естеліктер жетерлік. «Балалық пен жастық шақ» деп атау берілген тарауда асқар тау əкесі туралы толғамды деректер мен естеліктерге жол берген.
Естелік еңбек – тарихи шындық. Адам өмірінде болған оқиғаны баяндау арқылы тарихқа да барады. Ол заңдылық. Қасым-Жомарт Тоқаев та аталмыш естелігін жаза отырып, тарихқа тоқталуды жөн санаған. Əкесінің ауыр балалық шағы туралы суреттеген тұсында: «Ұжымдас- тыру жəне қазақтарды азайту саясаты ұлттың генофонында орны толмас зиян əкелді. Туған халқына пайдасын тигізер жүз мыңдаған адамдар аяусыз жойылды. Тарихтың сол қатыгез кезеңінде ұлттың жартысына жуығы қырылды, соның ішінде қазақ зиялыларының басына зауал күн туды», – дей келе: «Совет үкіметі қарсы келгендердің барлығын бұрын-соңды əлем тарихында кездеспеген жойқын реп- рессияға ұшыратты. Кінәсіз адамдар құрбандыққа шалынды. Олардың қатарында Кемел Тоқаевтың да жақын-жуықтары бар. Олардың өмірден өтуінің үрейлі болғаны соншалық, айтып-жеткізуге тіл бармайды. Дегенмен осы кітапта ол жайында да айтуды жөн көрдім», – дейді толғанып. Сол зұлмат жылдары барынан айырылып қалмас үшін Кемел Тоқаевтың атасы Фрунзе қаласына жол тартқан. Осылайша қасіретке толы өмірі басталып кетеді. 1933 жылдың ауыр да тауқыметті кезеңі шығармада ашық та айқын баяндалады. Бір шаңырақтың өмірі – халықтың, қалың қазақтың өмірі. Сол жылдары елінен безіп, тау асып босып кеткен қазақ өмірі шынымен аянышты еді. Жат елде көрген қорлық пен жантөзгісіз аштық талай жанның өмірін жалмағаны тарихи шындық. Өткен ғасырда қазақты қан қақсатқан ауыр қасірет Тоқаевтар əулетін де айналып өтпеген. «Əке туралы толғаныста» Қасым-Жомарт Тоқаев Фрунзедегі əкесінің өте аянышты өмірі мен қара үйдегі қасіреті туралы ашық жазады. Өмір мен өлім арасындағы күресі баяндалады. Атасының туыстары мен жақын адамдарынан айырылғаны аянышты-ақ. Өмірден баз кешіп, жоқ болып кетуінің де себебі қасіретпен бетпе-бет келуі болар. Аттас туысы, əкесінің ағасы Қасымның жанкештілікпен өмірмен күресуі Кемелдің де аман қалуына себеп болған шығар. Қос жетім қол ұстасып, қиын да қасіретті кезеңдерді бастан кешіреді. Бірақ «Бірге тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ» деген, тағдыр екі жаққа кетуге мəжбүр етеді. «Əкейдің еске алуынша, мынау жалпақ дүниеде жақын атаулыдан жалғыз өздері қалған аға-інінің айырылысуы да тым ауыр өткен. Тіпті қоштасар кезде əңгіме-ақыл айтысып, сырласуға қайран жоқ. Екеуі интернат жанындағы сəкіде үнсіз тұнжырап, жұлым-жұлымы шыққан аяқ киімдеріне тесіліп қарап қана отырды. Зіл батпан үнсіздік басып, бір-бірімен қоштасуларының біржола екенін, енді ешқашан бірін-бірі көре алмайтынын сезгендей», – деген цитаталар тым аянышты-ақ. Бұл екі бауыр арасындағы көрініс арқылы қазақ даласындағы шерге толы оқиғалар суреттеледі.
Қасым соғыс жылдары майданға аттанып, көз жұмады. «Студент кезімде мен əкемнен оның өмірінің ең қиын кезеңі туралы сұрадым», – дейді. Сонда əкесі: «Мен үшін ең қиын сəт ағамның қайтыс болғаны туралы хабарды – «қара қағазды» алған сəтім болды», – деген екен. Қасым 1942 жылдың ақпанында елі үшін төсін оққа тосып шейіт болды. Əкесі бауырының хаты мен Кеңес армиясының лейтенанты шенінде түскен естелік суретін көзінің қарашығындай сақтап жүрген. Фотоның артқы жағына өз қолымен қарындашпен «Інім Кемелге естелік үшін» деп жазған екен. Сол кездері ағасы Қасымның жиі түсіне енетіндігіне, ақыл айтып, кеңес беріп, оны өмірдің қиянаттарынан сақтандырғысы келетін сыңай танытатынын жиі сөз етеді.
Бірнеше уақыт өткен соң, оның майданда қаза тапқаны туралы ресми қағаз келеді. Осыдан соң ғана əкесі Тоқаев əулетінен жалғыз өзі қалғанын еріксіз мойындаған. Кемел бауыры Қасымның атын өшірмеу мақсатында ұлының есімін Қасымжомарт қояды. Жұбайы ата дəстүрді сақтаудың нəтижесінде қайын ағасының есімін тікелей айтпай, баласын тек Жомарт деп атаған екен. «Өзімнің есімім үшін тағдыр көруге жазбаған көкеме қарыздармын. Жаны жомарт, пейілі кең азамат болсын деп армандаған анам мені Жомарт атапты», – деп жазады ол.
«Əке туралы толғаныстың» екінші тарауы «Соғыс» деп аталады. Аталмыш тарауда əкесі Кемелдің қан майдандағы өмірі мен одан кейінгі бұралаң тағдыр жолы туралы баяндалады. Сұрапыл соғыстағы ауыр жарақаты шынайы баяндалады. «Соғысты еске алғанда, əкем ауыр əскери іс-қимылдарды жеңіл серуендей суреттейтін көркем шығармаларға сенбеу керек дейтін. Қан судай аққан шайқастарда қорқуды білмеген сарбаздар мен офицерлер жайлы көптеген авторлардың «көпірме» əңгімелері оның ашуын туғызушы еді», – деп еске алады. Соғыстың жайын тек сол қан сасыған далада жүріп, оққа ұшқан серіктерін жоқтаған жан ғана сезінеді. Көркемдеп жазу оңай, ал бастан кешіру бір басқа.
«Əдебиетке барар бұралаң жол» деп аталатын келесі тарауында Кемел Тоқаев соғыстан кейін Алматыға келіп, С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсетіні баяндалады. «Дəрістерді танымал ғалымдар, жазушылар мен журналистер оқыды. Жоғарғы курстарда əкейге қазақ əдебиетінің классигі Мұхтар Əуезовтің лекцияларын тыңдау бақыты бұйыр- ды», – деп тебірене мақтанышпен еске алады. Əкесі құрмет тұтқан Алаш азаматтары мен ірі тұлғалар, қазақ қаламгерлері мен достары, қоғам қайраткерлері туралы да баяндап, олардың əрқайсысына жеке-жеке тоқталып, тарихи сəттерді де алға тартады.
Одан кейінгі тарау, əрине, шығармашыл жанның еңбек жолына арналған. «Кемел Тоқаевтың шығармашылығы» тарауында қайтпас қайсар мінезді əкенің жазушылық образы айқын көрініс табады. «Жазушы болу үшін бақытсыз балалық шақ керек» деген екен бір данышпан. Сол даналық сөз Кемел Тоқаевқа арналғандай. Ол көп əділетсіздік көре жүріп, өмірдің бұрқ-сарқ қайнаған қазанына түсіп, ерте есейеді, тез шыңдалады. Қиындыққа мойымай, бейнетке дес бермей өскені де содан болар. «Жазушылық – Жаратқанның берген сыйы. Сол сыйдың қадір-қасиетін біліп, шеберлігін шыңдау үшін күні-түні талмай еңбек еткен адам ғана дегеніне жетеді», – деп ой түйеді.
Ғұмырнамалық кітаптың бесінші тарауы Кемел Тоқаевтың замандастары мен ортасына арналған. Қасым-Жомарт бұл тарауда əкесінің студенттік шақтағы таныс-достары, бірге жүрген қаламдастары мен уақыт өткізген замандастары туралы кеңінен сыр шертеді. «Əбіш Кекілбаевтың əкемізге деген құрметін біздің жанұя ол кісі қайтыс болған күндері айқын аңғардық. Үйге арнайы көңіл айтуға келгенде əкемізді өзінің «қаламдас үлкен ағасы» ретінде сыйлайтынын шын пейілмен білдірді», – деп еске алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев ғұмырнамалық эссенің соңғы тарауын аяулы жанға арнап «Ана» деп атаған. Ананың балаға деген шексіз мейірімін əңгімеге тартымды арқау етеді. Асыл ана ұсақ-түйек нəрсеге дейін бəрін білу қажет деп санаған. Ол кісінің қатысуынсыз өткен ата-ана жиналысы жоқ та шығар, сірə. «Төрт баласының барлық мұғалімдерін жақсы білетін» деп тебірене еске алады. Бала Қасымжомарттың есеюі, қоғамға етене араласуы да осы тарауда сөз болады. Сонымен қатар анасының үнемі ақылшы болып, кеңесін ұдайы айтып отыруы да тəрбиенің ең биік көрсеткіші екені даусыз. «Анам менің қызметіме бар ынтасымен қарады жəне əрдайым көмектесуге тырысатын. Ол кісінің кеңестері, негізінен, менің ұзақ уақыт бойы Қазақстаннан тысқары, шетелде жүруіме байланысты ел ішінде жақсы білмейтін түрлі адамдармен арақатынасыма қатысты болатын», – деп анасына деген ыстық ықыласын жасырмайды.
Дана қазақ «Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» дейді. Осындай аяулы ата-ананың тəлімін алған бала Қасым бүгінде ел басқарып отырған көшбасшы, қоғам қайраткері, бастысы, елін сүйген ерен ер. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің тек ел басқарумен ғана шектелмей, шығармашылықпен айналысып, ұрпаққа аманат етер асыл дүниелердің де авторы екенін осылай әйгілеуде.

Индира Сүлейменова,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
«Менеджмент» кафедрасының аға оқытушысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.