Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әке – отбасының тірегі

0 728

Таразда тұңғыш рет «Әке – отбасының тірегі» атты қалалық әкелер форумы өтті. Қалалық білім бөлімі мен «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен жиын әкелер институтын дамыту, әртүрлі салалар мен мамандық иелерінен құралған әкелерді бір диалог алаңында жинап, бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелерді талқылау, қоғамдағы зиянды әрекеттерден баланы қорғау, отбасы құндылықтарын насихаттауға бағытталды.

Әкелер форумы барысында спикерлер өз тәжірибелерімен, зерттеулерімен бөлісті. Атап айтқанда, «Сенімен Болашақ» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының басшысы Дәурен Бағжанов, Жамбыл облысы ардагерлер кеңесі жанынан құрылған әкелер кеңесінің төрағасы Қонысбай Ильясов, «Ұстаз» институты «Педагогикалық психология» кафедрасының аға оқытушысы, «Талдау социологиялық және маркетингтік зерттеулер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, әлеуметтанушы, «Сенімен Болашақ» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының сарапшылар кеңесінің мүшесі Бақыт Әлмұратов, «Білім-Инновация» ұлдар лицейі әкелер кеңесінің төрағасы, кәсіпкер Руслан Аманжолов сөз сөйлеп, қоғамдағы әкенің рөлі жайлы әңгіме қозғады.

Басқосуда арнайы шақырылған құрметті қонақ, «Сенімен Болашақ» РҚБ төрайымы Жансая Исмағұлова қоғамда саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыруды, ата-ананы ортақ алаңға жұмылдыруды, рухани құндылықтарды насихаттауды мақсат еткен, өзі басқарып отырған қоғамдық бірлестіктің жұмысынан хабар беріп, оның бүгінде еліміздің 18 аймағында филиалдары жұмыс істеп отырғанын айтты. Осы қатарда Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі» КММ басшысының орынбасары, облыстық ата-аналар комитетінің төрағасы, «Сенімен Болашақ» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының сарапшылар кеңесінің мүшесі Ринат Нұрақбаев, Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының директоры, «Сенімен Болашақ» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының сарапшылар кеңесінің мүшесі Мәлік Ақүрпеков, Тараз қалалық «Әулиеата» мешітінің бас имамы, «Сенімен Болашақ» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының сарапшылар кеңесінің мүшесі Ержан Аманбаевтар ұлттық құндылық, патриотизм, бұқаралық спорт, инклюзия, өмірлік маңызды дағдылар, отбасылық білім және демалыс, мектептер жанындағы әкелер кеңестерінің маңызы секілді тақырыптарға жан-жақты тоқталды. Бірқатары өз өміріндегі әкенің орнын, тәрбиесін айтып, кеңесімен бөлісті.
Сондай-ақ психолог мамандар әкелермен психологиялық тренинг жүргізді. Кездесу соңында форумға қатысқан әкелер өздерінің пікірлері мен ұсыныстарын жеткізді. Көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, бала тәрбиесіне қатысты көп ақпарат берілді. Форумның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан азаматтар арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.