Катарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатында бүгін, 13 желтоқсанда Аргентина мен Хорватия финалға берілетін алғашқы жолдаманы сарапқа салады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Кездесу елорда уақытымен 13-інен 14 желтоқсанға қараған түні сағат 01.00-де басталады. Тікелей эфир «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан көрсетіледі.
Ойын Лусаил қаласындағы 89 мыңға жуық адамға арналған «Лусаил Айконик» стадионында өтеді.
FIFA рейтингінде Аргентина – 3, Хорватия 12-орында тұр.
Екі құрама бұған дейін бес мәрте кездесті. Құрамалар екі-екіден жеңіске жетсе, бір ойында тең нәтиже тіркелді.
С тобында Аргентина Сауд Арабиясына 1:2 есебімен есе жіберіп, Мексика мен Польшаны 2:0 есебімен жеңсе, 1/8 финалда Австралияны 2:1 есебімен ұтты.
Аргентиналық футболшылар ширек финалда Нидерландпен негізгі кезеңде 2:2 есебімен тең түсіп, пенальти тебуде 4:3 есебімен жеңіске жетті.
Айта кетсек, 14 желтоқсан күні елорда уақытымен 1.00-де басталатын жартылай финалда Франция және Марокко кездеседі. Матч «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Еске сала кетсек, жартылай финалға Нидерланд құрамасын жолдан тайдырған Аргентина, Англияны ұтқан Франция, Португалияны жеңген Марокко, Бразилияны жеңген Хорватия жартылай финалға шыққан.