Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кадр сыртындағы қарбалас

0 274

Дыбыс. Жарық. Мотор. Көк жәшікке үңілген көрермен теледидардан кезекті жаңалықты тізгіндеген диктор мен қолына микрофон ұстаған тілшіні ғана көреді. Алайда ақпараттың уақтылы елге жетуіне, көрнекті көрсетілуіне кадр сыртында жүрген көп маман еңбек сіңіреді. Облыстың айнасына айналған «JAMBYL» телеарнасы биыл 30 жылдық мерейтойын тойлауды бастап кетті. Осы орайда, газеттің тілшілері мамандық өзгертіп, кадрдың сыртындағы жұмысты көрсету мақсатында арнаның жұмысымен танысты.

Арайлым Шабденова, Суреттерді түсірген Сәкен Абжапаров

Әр арна үшін күз мезгілі – жаңа маусымның бастауы. Бұл жолы да телеарна өзінің көрермендерін жаңа маусыммен қуантты. Көрерменге тарту ретінде 7 тележоба біртіндеп эфирге шығып, жаңалықтар түрленіп, студиялар жаңғырып, жаңа жүргізушілер қатарға қосылған. Іргетасы 1989 жылдың 1 қарашасында қаланған телеарна аймақтық филиалдар арасында алдыңғы қатарда. Бұдан бөлек, Жамбыл облыстық радиосы да биыл бір ғасырлық белесті артқа тастады. Тамырын тереңге жайған телеарнаның жаңа маусымы жаңа жобаларға толығып, бүгінде көрермендердің көңілінен шығуда. Телевизия өнімдерінің маусым сайын жаңарып тұруы – қалыптасқан дәстүр, заман талабы. Көрермен көңілінен шығатын, замана сұранысына сай дүние жасап шығару – телеарна ұжымы үшін үлкен жауапкершілік.
– Бұл – біздің отызыншы қоңыр күзіміз. Сонау 1989 жылдан бері заман өзгерді, буын алмасты, ұрпақ жалғасты. Жыл сайын ажары кірген арнамыздың аумағы да кеңейіп келеді. Бүгінде облысымыздың 99,3 пайызын қамтып отырмыз. Хабардың 80 пайызы қазақ тілінде болса, 20 пайызы ресми тілде. Тәулігіне 17 сағат хабар тарататын арнаның қоржынында 34 жоба бар. Біз саннан бұрын сапаға мән береміз. Көрермен талабы мен талғамын ескере отырып сапалы контент ұсыну – бұл біздің басты міндет, – деді «JAMBYL» телеарнасының директоры Мейіржан Әлібекұлы.

Сапалы хабар, жағымды жаңалық журналистің сауатты сөзімен, ажарлы келбетімен ғана көркем өрілмейді. Сәтті кадр шығуы үшін білдей оператор, режиссер, дыбыс режиссері бірлесіп күш жұмсайды. Осы салада талай жылдан бері қызмет етіп келе жатқан арнаның ардагер мамандарының кадр сыртында болса да, теледидар дамуына қосқан үлестері орасан. Тікелей эфирде берілетін хабар мен жаңалық үшін аппараттық-студиялық бөлмедегі әр маман жауапты. Ал негізгі тізгін қайткенде де режиссер қолында. Арнаның шығармашылық тұрғыда өсіп-жетілуіне, телеарнаның түлеуіне 25 жылдық ғұмырын арнаған Ұлдана Смайлова алғаш арна табалдырығын аттағаннан бастап түрлі саланы қатар меңгергендігін айтады. Сондай-ақ өмірлік жолдасын да осы жақтан тауыпты.

– 1992 жылы арнаға режиссердің көмекшісі болып жұмысқа тұрдым. Содан алғашқы ұжымның қатарындағы аға буынмен техниканы үйреніп, қажет болған жағдайда бейнетаспа құраушы да болып жұмыс істедік. Ең қиыны да осы жұмыс. Редакторлар, жүргізушілер, операторлар белгілі бір уақыт арасында ауысып жұмыс жасаса, монтажер орнынан қозғалуға уақыт таппайтын. Журналист мәтінді жазып береді, бейнетаспа құраушы болса сол ақпаратты көрерменге түсінікті жеткізу үшін еңбектенеді. Ол кезде маман тапшылығы бар, техниканың дамымаған кезі. Телеарнадағы мамандардың жұмысы бірімен-бірі тығыз байланысты. Мұнда эфирге бір ақпаратты жіберу үшін журналист, оператор, режиссер, инженер, дыбыс режиссері – бәрі-бәрі тығыз байланыста жұмыс жасайды. Телеарнада мен өзімнің өмірлік серігімді жолықтырдым. Жолдасым Атымтай Шегебаев та 25 жыл осы арнада инженер-энергетик болып жұмыс істеген. Тіпті жас отбасы ретінде мемлекеттен 2 бөлмелі пәтер алғанымыз да бар. Мұның барлығы қарап отырсаң, телеарнамен байланысты тарих, – дейді Ұлдана Жүмитқызы.

Тілсіз алыптың тетігін тез түсінген мамандар алғашқы камералардың келуімен бейнекадрларды жинап, Жамбыл топырағында түсірілген бар кадрды жинақтап, бейнеқорға енгізетін мамандар да осында жұмыс жасайды. Ал бүгін студиялық хабарлар мен жаңалықтар қызметінен көрсетілетін сюжеттердің сапалы дыбыста шығуына жауапты сала мамандарының жұмысы өз алдына қауырт. Ал барлық жұмыстың жиынтығы кезекші эфир инженерінің тікелей бақылауында болатынын бірі білсе, бірі білмейді. Бұл салада ұзақ жылдар қызмет етіп отырған Айнұр Шырынбековамен әңгімелесу барысында телеарнаның талай қызықтары мен қиындықтарын еске түсірдік. Таң қылаң атқаннан ең біріншілердің бірі болып жұмысқа сағат 7-лерде келетін маман «телевышкаға» эфирдің қосылғандығы туралы хабар беріп, қажетті тетіктерді басып, арнаның эфирге кедергісіз шығуына жол ашады. Сигналдың барлығын тексеріп болғаннан соң, 7:25-те телеарна өз жұмысын бастайды.

– Техниканың тілін білу, эфирдегі әрбір секундты қадағада ұстау, олқылыққа орын бермеу, арнаның көрермендерге уақтылы хабар таратуына тікелей жауап береміз. Біз үшін әрбір секундтың өзі бағалы. Режиссерлік пультті басқарып, жаңалықтар бөлімі мен хабар тарататын студияның басқару тетігі екі бөлек орналасқан. Студияда үш адам эфирде олқылық болмауын қадағада ұстаса, пультте жалғыз өзім әрбір секундта оқыс оқиға болмауын қадағалап отырамын. Бір секундтың ішінде шешім қабылдап, шешім шығаратын уақыт көптеп кездеседі. Түнгі 01:05-те эфир аяқталады, менің де жұмысым бітеді. Он төрт жыл осы салада жұмыс істеп келемін, сондықтан барлығы автоматты түрде өздігінен жасалынады, – дейді кезекші эфир инженері Айнұр Абдуқасымқызы.

Телевизия саласының кез келген адам біле бермейтін аса маңызды тұстарының бірі – жарық қою. Күңірт бөлмеден бояуы қанық картина шығара білу – асқан шеберлік. Сондықтан жарық қоюшы мамандар түсірілімге шықпас бұрын өз құралдарын тәптіштеп тексереді. Мұнсыз болмас. Өйткені түсірілім барысында күтпеген жайттар жиі кездеседі. Ал мұнда бұл жұмыстарды Қанат Құлыбаев жасайды.

30 жыл ішінде қазақ телевизиясында адам сенгісіз өзгерістер болып, техниканың соңғы озық түрлері қолданыла бастады. Дегенмен бұл жұмыстың өзгермейтін басты талабы – мамандардың шексіз фантазиясы. Бұл орайда, арнадағы операторлардың орны тым ерек. Бұрнағы жылдары 7,5 келі штатив пен 3,5 келі камераны асынып алып, отқа да, суға да түсетін журналистердің ақпаратын көрерменге бейне арқылы жеткізетін оператор мамандардың жұмысында да талай қызықтар мен қиындықтар қатар жүреді. «Бүгінде 1,5 келі штатив пен 2,5 келі камераны арқалап жүріп жұмыс жасаймыз. Салада жүргеніме 8 жыл болды, ал «JAMBYL» телеарнасында 3-ші жыл қызмет етіп келемін. Әр күн қызыққа толы. Әр саланың өз қиындықтары секілді біздің басымыздан да талай қызықтар өтті», – дейді оператор Тоқтар Терлікбаев.

Тоқтардан өзге мұнда 6 оператор қызмет етеді. Хабарлар бөлімі мен жаңалықтар бөлімі және шығармашылық қызмет болып бөлінетін арнада барлығы 100-ден астам адам қызмет етеді. Оның ішінде 19 редактор болса, 13-і монтажерлер мен инженерлер. Сондай-ақ 5 жүргізуші бар.

«Елсіз ер жетім, ерсіз ел жетім» демекші, телевизия саласында да солай. Режиссер, дыбыс режиссері, инженер, редактор, монтаж жасаушы, оператор, тілшінің басы бір істе бірікпесе, телеарнаның қабырғасы мен қақпасы бүтін болмайды. 30 жылдықты тойлауды бастап кеткен арна ұжымына тек сәттілік тілейміз. Облыстың айнасына айналған телеарнаның алар асулары көп болғай! «JAMBYL» телеарнасы қосулы болсын, оқырман!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.