Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Көзсіз ерлікке құрмет

Оныншы сынып оқушысы қос сәбиді от құрсауынан құтқарды

0 415

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Ұлы дала» шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйде болған өрт кезінде батылдығымен көзге түсіп, оттың ортасында қалған тұрғындарды құтқаруға атсалысқан 10-сынып оқушысы Қыдырәлі Қыздарбекті отбасымен бірге қабылдады.

Кездесуде Ербол Шырақпайұлы сын сәтте ерлік көрсетіп, елдің ыстық ықыласына бөленген тараздық жеткіншектің адамгершілік пен табандылыққа негізделген бұл әрекеті тек замандастарына ғана емес, тұтас қоғамға үлгі екенін айтты.
– Қыдырәлі – бүгінгінің батыры, ел мақтанышы! Ел үмітін арқалаған жас өрендердің арасында дәл осындай ерлікке барған оқушылардың болуы біздің болашағымыз жарқын, ел іргесінің берік екенін дәлелдейді, – деді аймақ басшысы өз сөзінде.
Оқыс оқиға болған түс мезгілінде батыр ұл сыныптастарымен бірге сабақтан қайтып келе жатқан екен. Сол сәтте ол «Ұлы дала» шағынауданындағы көпқабатты үйдегі пәтерлердің бірінен өрт шығып жатқанын байқайды. Қыдырәлі тайсалмастан өртеніп жатқан үйге жүгіреді. Пәтерге көтеріліп келе жатып, үшінші қабатқа жеткенде тынысы тарыла бастаған. Сонда да киімімен бетін бүркеп, алға жылжыпты.
– Өрт шыққан пәтердің есігі ашық екен. Ішінен сәби жатқан бесікті сыртқа алып шығып бара жатқанда тағы да баланың жылаған жан дауысы естілді. Бесікті сыртқа шығарып, қайтадан кіріп, шамамен 3 жасар баланы да алып шықтым. Үшінші рет тағы да кірдім. Осы кезде балалардың анасын екі кісі сүйеп, сыртқа шығарып бара жатты. Ол кісі пәтерде ұйықтап қалған болса керек. Осы уақытта өрт сөндіретін машина, арнайы мамандар да жетіп үлгерді. Арнайы қызмет мамандары келген соң, бәрінің сәтті боларына көзім жетіп, үйіме қайттым. Осы оқиғаның әлеуметтік желіде кеңінен тарауына ықпал еткен мектептегі мұғалімім, сынып жетекшім Индира Уәлиханқызына алғысым шексіз, – деді батыр бала ағынан жарылып.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.