Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көзден кетсе де, көңілден кетпеген батырлар

0 217

Тарих беттерінен адамзат тарихындағы Отан үшін болған ең ірі соғыстар жайлы деректерді ақтарсақ, 1941-1945 жылдарды айналып өтпейтініміз рас. Себебі фашистік империяның құйтырқы әрекетіне қарсы соғыста ақыры әділдік жеңді. Отан үшін жан алысып, жан беріскен майдан даласындағы қазақ жауынгерлерінің ерлігі де аңызға айналып, ел ішінде айтылып келді. Кейбір жүрек жұтқан батырлар жайлы дерек тіптен аз болғанымен, ауыл ішіндегі ағайыннан көп нәрсе еститініміз де рас. Көзден кетсе де, көңілден кетпеген қазақ солдаттарының бейнесін қайта еске алған Сарагүл Зауырбекова соғыстан кейінгі жылдары ауыл ақсақалдарынан естіген әңгімелерін айтып беруден жалыққан емес.

Сәндібек Піренов

Жамбыл облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің 2010 жылдың 26 ақпанында Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағатына жолдаған ақпаратына сүйенсек, Ұлы Отан соғысына біздің облыстан 41 453 азамат аттанған. Оның ішінде Жамбыл қаласынан шақырылғандар – 14 701. Облыс бойынша сұрапыл соғыста 15 536 жерлесіміз қаза тауып, 17 639-ы хабар-ошарсыз кеткен. Бұл жай ғана сандар емес, бұл – майдан даласындағы қазақ жауынгерлерінің қасіреті. Соғыстан дін-аман оралған сарбаздардың қай-қайсысын алсақ та, майдан даласындағы отты жылдар туралы том-том кітап жазуға болады. Біздің кейіпкеріміз Сарагүл Дәліқызы 1945 жылы Шу өңірінде туған. Қазір Тараз қаласында тұратын апамыз ауылдағы ағаларынан естіген әңгімелерін балаларына айтып отыруды зейнетке шыққаннан бері жұмыс қылып алғандай.
– Мен дүниеге келгенде соғыс бітіп, Кеңес үкіметі жеңіс тойын тойлаған екен. Жалпы адамзат тарихында жер үшін болған соғыстар көп. Бірақ осы соғыстың ызғары көпке дейін созылғандай. Ол кезде біз бала едік. Шу ауданы Еңбек ауылындағы Сейдалы Досанов, Абдраш Салимбаев және нағашымыз Шынәсілдің соғысқа қатысқанын жақсы білемін. Әлі есімде ауыл балалары ардагерлерді көрсе қоршап алып, соғыс жылдарындағы әңгімелерін тыңдауға әуес еді. Бұл үрдіс біз есейгенге дейін жалғасты. Кейін біздің артымыздан өсіп келе жатқан іні-қарындастарымыз да майдангерлердің үй жағын айналшықтап жүретін.
Сейдалы Салимбаев соғыс басталған жылы әскер қатарына алынған екен. Ол да соғысқа шақырылған ауыл азаматтары секілді орыс тіліне шорқақ болған. Дегенмен бір айлық оқу-жаттығудан кейін әскери тәртіптің нәтижесінде мылтық атуды да үйреніп, орыс тілін де бір кісідей меңгеріп алған. Майдан даласында аман қалу үшін сарбаздың қай бөлімде болғаны маңызды емес. Жеңіске деген құлшынысы жоғары Сейдалы атамыз жаяу әскердің қатарында болып, еңбектеп жүріп окоп қазып, офицерлердің айтқанын бұлжытпай орындаған. Сұрапыл соғыс бірге жүрген достарын өзімен бірге алып кетіп жатты. Мұндайда оқ пен оттың арасындағы жауынгерлердің тағдыры бір ғана сәтпен өлшенетіндей көрінеді. Аспан асты, жер үсті дүрбелең күйге түсіп, көк түтіннің арасынан «Елім үшін!» деп ұрандаған солдаттардың дауысы. Оқу-жаттығудағы көздерінде от ойнаған жастардың қарқыны соғысқа машықталып қалған неміс әскерін есеңгіретіп тастаған. Мәскеу түбіндегі соғыстан кейін-ақ Кеңес әскері жауға қарсы тұра алатынына сенген. Соның өзінде көптеген шағын ауылдарға неміс басқыншыларының табаны тиді. Кеңес әскерінен бөлек, халқы да есеңгіреп қалған. «Құдай басқа салмасын, Жер-ана күңіренген алапат шақта жанымызды қоярға жер таппайтын едік. Бейбіт заманның балалары соғысты көрмей-ақ қойсын!», – деп Сейдалы ата әңгімесін арыдан бастайтын.
– Кеңес әскерлері жауды Берлинге дейін ығыстыруға бекінген. Шағын ауылдарда торуыл құрып күтіп отырған немістерді үстінен басып қалу үшін қаншама жоспар құрылды. Бірі ойдағыдай орындалды, енді бірі көп қантөгісті қажет етті. Алла сақтасын, неміс солдаттарының сол кезде елді жапыра тонағанын, тауық пен аша тұяқты түліктерді қуып жүріп атқанын барлау жұмысы кезінде талай рет көргенбіз. Елдегі қарттардың да азық-түлік пен әшекей бұйымдарын қалталарына сыймаған соң, етігінің қонышына дейін толтырып алатын неміс офицерлерінің қатыгездігі туралы еститінбіз. Кейін сол шағын ауылдарды азат ету барысында мерт болған офицерлерді тінту кезінде оған әбден көзіміз де жеткен-ді, – деп жалғаған ардагердің әңгімесі енді қыза түскенде, ауыл балалары жамырап сұрақ қойғанға әуес болған. Шулаған балалардың: «Аға, сол алтыннан неге сіздер де алмадыңыздар?», – деген сұрағына Сейдалы атаның: «Бізге болмайды, тәртіп қатал, мұндайда ешкімді тергемей-ақ атып тастайды», – деп қысқа қайырған кезі болған.
Майдан даласында қалт еткен артық қимылыңнан кейін-ақ жарық дүниемен қоштасып кетуің бек мүмкін. Сейдалы ата соғыстың қайнаған ошағына түсіп, жау жағы мықтап бекінген төбешікті алу үшін болған айқаста командирден әуелі «Атыңдар, бірақ оқты бекерге жұмсамаңдар!» деген бұйрық түседі. Сонда қарсы келген жауға оқ жаудырып жатқан сарбаздардың өзі де оққа ұшып жатқанда, ішінде Сейдалы атаға оқ тиіп, басты қорғайтын темір шлемі ұшып кеткен. Одан қалса, командирден «отставить» деген бұйрық беріледі. Майдан даласы бір сәтке тіршілік тоқтап қалғандай тып-тыныш бола қалған. Бұл кезде Сейдалы ата ұйқыға кеткен екен. Кейін жолдастары оған көмек көрсетіпті. Әйтеуір тілеуі бар ата осыдан кейін де небір қиын-қыстау күндерді артта қалдырып, Берлинге дейін жетіп, елге оралған.
– Омырауы медальдерге толып жүретін Сейдалы атамыз ауылға келіп, Дәусия жеңгемізбен қосылып, екеуі бір фермада сиыршы болып жұмыс істеген. Бізге Шуға ат арбамен жиі келіп тұратын аға да, жеңгеміз де дүниеден өтті, – деп Сарагүл апа ауыр күрсінді.
Шу өңірінен майдан даласына аттанған Абдраш Салимбаевтың да өнегелі өмір жолы – көпке үлгі. Ол Украина жерінде болған соғыста жараланып, жау қолында немістердің небір құйтырқы әрекеттеріне төзген. Онда аштықтың зардабын татып, қамауда қатты ауырған соң ғана емделуге рұқсат берген екен. Осы сәтті ұтымды пайдаланған Абдраш ата қасындағы жолдастарымен жоспар құрып, тұтқыннан құтылған. Сөйтіп, Украинадағы ну орманды паналап жүріп, партизандарға қосылған. Соғыстың соңғы жылдарына дейін Абдраш Салимбаев Қасым Қайсенов басқарған жауынгерлердің қатарында айқасқа түскен.
– Әсия апамыздың жалғыз баласы соғыстан оралғаннан кейін қатқыл мінезді Абдраш атамыз қызметке орналасып бойын тіктеп жатқанда, алыстағы ағайындар «немістің шпионы, сонда тұтқында болған» деп арыз жазып, ақырында Украинаға жер аудартып жіберген. Мен ол кезде әлі мектепке бармаған едім, ауыл тұрғындары жиылып, Шудан сонау Еңбек ауылына дейін жаяулатып жеткен едік. Ертесіне мылтық асынған 3 солдат келіп Абдраш ағаны алып кеткенде, апалардың жоқтау айтып қалғаны есімде. Содан кейін 25 жылға қамалғаны белгілі болды. Бірақ көзі ашық ағамыз қамауда жатып қарулас жауынгерлермен хабарласып, кейін Қасым Қайсеновтің көмегімен босап шыққан. Мен ол кезде 4-сыныпта оқитынмын. Абдраш аға сол кезде украин қызына үйленіп те үлгерген екен. Сол атамыздың кеудесі жарқырап жүретін. Оның қайсысы медаль, қайсысы орден екенін біз, ойын балалары білмейтінбіз. Абдраш ағаны ауыл тұрғындары аса құрметтейтін. Ол жары Вера Афанасьевнамен бірге жеті бала тәрбиелеп өсірген. Өмірінің соңына дейін «Дружба» совхозында қызмет атқарған.
– Ұлы Отан соғысы жауынгерлердің өміріне өшпес із қалдырды. Бірақ Шынәсіл нағашымның соғыстан көрген азабы тіптен бөлек. Соғыстан кейін оны ауылға біреулер әкеліп тастаған, олардың кім екенін де білмейміз. Соған қарағанда, миына зақым келген болса керек-ті. Бірде әлсіреп жата қалса, енді бірде өздігінен басы ауған жаққа жүгіре басып «ат, ат» деп, кейін еңіреп жылайтын. Нағашым үстіне шинелін киіп алып жүгіргенде, бізге шинелі құстың қанатындай болып көрінетін. Содан біз шинелін жармаса ұстап, бәріміз шұбырып қосыла жүгіретінбіз. Ол кісінің сырқаты бар екенін есейе келе түсіндік. Кейде жағдайына қарамастан, бізді отырғызып қойып өлең жаттатқызатын. Өлеңнің шумақтары әлі есімде:
Әбеке, батаңды бер, мен балаңа,
Барамын Отан үшін бір қалаға.
Сол жерде ажал жұтып өліп кетсем,
Қалмайын арманда болып мен далада.
Поездің бір жүрісі жерді тескен,
Иіліп тау мен ағаш тәжім еткен.
Ішінде орыс, қазақ бірдей толып,
Берлиннің қаласына барып жеткен.
Сол жерде 103-ші бар екен бір разъезд,
Бір жігіт есік ашып кіріп келді.
Айтуға сөз таба алмай тұрды сасып,
Сол жігіт мұғалімнің інісі екен,
Танктер басып кеткен тілсіз мақлұқ, – деп нағашымның үйреткен өлеңін жатқа айтатынбыз. Балалық шағымыздың қалтқысыз сәттерін қызықты өткізуге себепкер болған нағашымыз жайлы кейін сұрастырсам, соғыстан алған жарақаты асқынып, 1970 жылы дүние салыпты, – деп Сарагүл апамыз майдангердің тағдырын қайта еске алды.
Соғыс жылдарындағы майдангердің хаттары, ауылда көзін көрген ағалардың әңгімесі Сарагүл Зауырбековаға таңсық емес. Алтын құрсақты ана өмірлік серігіне айналған Тұрғынбек ата екеуі 11 бала тәрбиелеп өсірген. Ол 2010 жылы дүниеден өтіпті. Балаларының барлығы да Отан алдындағы әскери борышын өтеген. Сонау сұрапыл соғыстағы майдангерлердің көзсіз ерлігі туралы әңгімелерді естіп өскен батыр апамыздың осы жасқа дейін көрген-білгені аз емес. Бүгінде Сарагүл апаның да немере-шөберелері жиылып, қызықты әңгімелерін тыңдауға әуес болып алған.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.