Қалалық қоғамдық-саяси газет

Күзде қандай аурулар күшейеді?

0 712

Күз – жұқпалы және вирустық аурулар өршіп, созылмалы сырқаттар асқына түсетін кезең. Бұл кезде иммунитет біршама төмендейтіндіктен, мазасызданған жағдайда тезірек емделуді қолға алмаса, науқастың жазылуы да біршама уақытқа созылып кетуі әбден мүмкін. Әсіресе күзде көп кездесетін көптеген ауруларды елеусіз қалдыруға болмайды.

Әсіресе күздің ортасында тұмаудың ең қауіпті кезеңі басталады. Ол адамның денсаулығын нашарлатып, жұмысқа деген құлшынысын төмендетіп, ыстығын көтеріп, мазасын алады. Мұрыннан су ағу, тамақтың қарлығуы, жыбырлата қышуы да тұмаудың басты белгілері болып табылады. Бәрімізге белгілі, тұмау – тез жұғатын және басқа да ауруларды қоздыратын аса жұқпалы вирус. Тұмаумен ауырған бір адам айналасындағы 30-40 адамға вирус жұқтырады екен. Сондықтан одан сақтану үшін адам көп жерде жүрмеу керек. Ал үйден шығар алдында мұрын айналасына оксолинді мазь жағып алған артық етпейді. Тұмау вирусы өршіген кезде тазалық сақтаудың да мәні зор. Бұл уақытта сырттан келген кезде міндетті түрде қолыңызды жуыңыз, өйткені тұмау автобустағы орындық арқалығынан, ұстауға арналған темірлерінен де жұғады. Оның алдын алу үшін иммунитетті көтеретін тұнбалар мен дәрілер ішкен дұрыс. Қалтаңызда міндетті түрде беторамал жүрсін. Ал тұмауратқан адаммен сөйлескенде, қашықтау жерде тұрыңыз.
Бұл мезгілде ауада қалқыған түрлі инфекцияны кез келген адам оңай жұқтырып алады. Сақтық шараларын қолданбаған жағдайда адамның мазасы қашып, көзі талып, жарыққа қарай алмайды, маңдайы түсініксіз себептермен қақсап ауырады. Денесінің дел-сал болуы да содан. Өйткені бұл кезде адам ағзасындағы иммунитет төмендейді. Сондықтан дене температурасын төмендетпей, мезгілімен ыстық тамақ, шай ішіп тұрған абзал.
Пиелонефрит – күз мезгілінде бастау алатын қуық ауруларының бір түрі. Ол көбіне гигиеналық тазалықты сақтамағандықтан пайда болады. Ал уақытында емдемесе асқынып, бүйрекке әсер ете бастайды. Өйткені бүйрек те – суыққа тез шалдығатын нәзік орган. Пиелонефрит бүйрек ауруын қоздырған кезде адамның ыстығы көтеріліп, жүрегі айнып, басы ауырады. Кейде бұл ауру омыртқаның сегізкөзін қақсатып ауыртуы да мүмкін. Бұл аурудың алдын алу үшін әсіресе күзгі жаңбырда су болып қалмауды қарастыру керек. Аяқтан сыз бен суық өтпеуі де – басты мәселе. Таңғы және кешкі салқында жаурамау да назарда болғаны дұрыс.
Ларингит – адамның тамағы қатты суықтаған кезде пайда болатын ауру. Бұл кезде науқастың тамағы қырылдап, дауысы шықпай қалады. Мұрынның ішкі жағы ашып ауырады және басты да мең-зең етіп жібереді. Құлақ шыңылдап, ыстық көтерілуі де мүмкін. Мұндайда бас айналып, тамаққа деген тәбет болмайды. Ал ауыздан ыстық леп білінеді.
Ларингит балаларда өте ауыр жағдайда өтуі мүмкін. Дұрыс күтінбеген жағдайда ол созылмалы түрге ұласып кетеді. Сондықтан күн салқындағаннан бастап дұрыс тамақтанып, газды және мұздай сусындардан аулақ болған дұрыс. Ал одан емделу үшін майлы хлорофиллипттің екі тамшысын күніне 3 рет мұрынға тамызып отыру керек.
Күзде күннің қысқаруы, ауаның салқындауы мен күн сәулесіндегі ультрафиолеттің азаюы адам ағзасына тікелей әсер етеді. Бұл кезде адамның көңіл-күйі болмай, тез ашуланғыш болып келеді. Нақ осы мезгілде адамдардың есінен ауысуы көбірек кездеседі екен. Сондай-ақ жүйкесі сыр бергендердің осы уақытта мазасы кете бастайды. Тіпті криминалистер түннің ұзарып, күннің қысқарған кезінде жол апаты мен біреуге зақым келтіру, жарақаттау сынды оқиғалардың көп болатынын анықтаған. Ал психологтар «мұның бәрі адам психологиясының әлсіздігін көрсетеді» дейді. Егер шыдамсыз, себепсіз-ақ тез ашуланшақ болып бара жатқаныңызды байқасаңыз, дереу дәрігерге көрініп, жүйкені тыныштандыратын тұнба қабылдаған дұрыс. Мүмкіндігінше тек жақсы нәрселер ойлап, көңіл-күйіңізді бақылап отырыңыз. Мұның бәрі де жүйкенің сыр бермеуіне керек көмек. Айналадағы адамдарға жақсы көзқараспен қараған абзал. Ұрыс-керістен аулақ жүргейсіз.
Бүгінде жастар арасында мезгілге сай келмейтін жеңіл киімдер кию сәнге айналған. Мәселен, тым қысқа юбка, бөкседен төмен шалбар, кеуде мен кіндікті ашық қалдыратын кофта киетін қыздар, сол сияқты жігіттер арасында кеудені ашып тастап киетін жемпір, қолтығы суық кіруге арналғандай тым кең жейделер шығып жатыр. Сырт көзге, бәлкім, сұлу көрінер, дегенмен мұндай ашық-шашық киіну адамды цистит ауруына шалдықтырады. Адамның жаурап жүруі ағзадағы патологиялық флораның өсімін арттырып жібереді. Мұның соңы алуан түрлі ісік ауруларымен аяқталуы мүмкін. Ал цистит кезінде ең бірінші қуық зақымданады. Бұл кезде адамның кіші дәретке отыруы қиындайды. Тез емделмесе, ауру бүйректі, одан әрі бүкіл ағзаны зақымдайды. Кеселден сақтану үшін салқын судан, жаурау мен суықтаудан сақтану керек. Бір орында отыра беруге де болмайды. Кеңсе немесе үйдің салқын болмағаны абзал. Ең бастысы, гигиеналық тазалықты сақтаңыз. Ауыр жұмысты да тоқтату керек. Уақытылы ыстық тамақ ішіп, күніне 8 сағаттық түнгі ұйқыны бұзбаған дұрыс.
Қорыта айтқанда, өз денсаулығыңыз – өз қолыңызда. Кез келген аурудан сақтану үшін салауатты өмір салтын ұстанып, мамандардың кеңесіне құлақ түрген жөн. Біз үшін әрбір адамның саулығы аса маңызды.

Дәулет Ахметбеков,
облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.