Қалалық қоғамдық-саяси газет

Күтімсіз көшет көгермейді

0 307

Жамбыл облысында «2021-2025 жылдары ормандарды молықтыру және молайту туралы» кешенді жоспарға сәйкес, 140,8 миллион дана ағаш көшетін отырғызу көзделген. Ал биылғы жылы 16 миллион 655 мың дана тал егіледі деп межеленген. Мұндай үлкен көлемде отырғызылатын көшеттерге қазір көпшілік таңырқай қарап отыр. Біреулер бұл тек сұлу статистикаға түзілген сандар десе, екіншілері мұнша ағаштың тамыр тартып, өніп кететініне сенбейді. Осылайша, тағы қыруар қаржы құмға сіңген судай бола ма деп қауіп қылады.

Бұқараның бұлайша базына айтуы орынды. Себебі жылда мыңдаған көшет ағаштары отырғызылғанымен, оның аз ғана пайызы көгереді. Қалғандары қурап, құр бұталары қалған. Мұны жергілікті билік те мойындап, жиындарда жауаптылардың жұмысын сын тезіне алғанымен одан шығып жатқан нәтиже шамалы. Десе де, «2021-2025 жылдары ормандарды молықтыру және молайту туралы» кешенді жоспар өз жемісін беретініне шенділер сендіруде.
Жалпы, кешенді жоспар бойынша 2021-2022 жылдары 35,1 миллион дана ағаш отырғызылған. Оның қаншасы өніп, қаншасы қурап кеткені туралы нақты ақпарат жоқ. Жауаптылар тек болжам айтады. Ал 2023-2025 жылдары 105,5 миллион ағаш отырғызылмақ. Оның 16 миллион 655 мың көшеті биыл егіледі. Көшеттердің арасында сексеуіл, қарағаш және тағы да басқа талдар бар. Бұл туралы облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Данияр Башанов айтып отыр.

– Бүгінгі күнге 5 670 гектар жерді дайындау жұмыстары толығымен аяқталды. Қазір 16 651,0 мың дана сексеуіл және қарағаш көшеттерін тұқымбақтардан қазу жұмыстары жүргізілуде. Көктемгі орман отырғызу жұмыстарына қажетті көшет материалдары мекемелердің тұқымбақтарында өсірілген көшеттермен толық қамтамасыз етіледі және барлық көшет материалдардың карантиндік сертификаттары алынған, – дейді Д.Башанов.
Бұдан бөлек, облыс аумағын абаттандыру және санитарлық тазалық жөніндегі көктемгі екі айлық аясында да жас көшеттер отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар әсіресе Тараз қаласында кең көрініс беруде. Мәселен, қала әкімдігіне қарасты «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС биыл қала аумағын көгалдандыру және желектендіру мақсатында 15 мың ағаш егуді жоспарлап отыр. Оның 7,5 мыңы көктемгі айларда егілсе, қалғаны күз айларында отырғызылмақ. Наурыз-сәуір айларында бойлары 2,5-3 метрлік жабық тамырлы ағаш көшеттерін Арбат-1,3, Үшбұлақ-2, Тектұрмас, Тонкурш аллеясы, «Қазақ хандығына – 550 жыл» монументі, Темір жол вокзалы сквері, Т.Рысқұлов ауданы аллеясы, «Көне-Тараз» кешені және Саңырақ батыр скверінде отырғызу көзделсе, 2,5 мың түп ағаш округтерге таратылып үлгерген. Яғни, тұрғындың сұрауы бойынша жемісті ағаштар округ аумақтарына егілуде. Одан бөлек, шырша, қарағай, арша және бозарша көшеттерін «Денсаулық саябағына», Тәуке хан, Төле би, Айша бибі, Кенесары көшелерінің бойына және Тектұрмас кешені аумағына егу жұмыстарына зиялы қауым өкілдерінен бастап, жастар да атсалысуда. Осылайша, қазіргі таңда қала аумағында 5 000 түп ағашты отырғызу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Алайда бұл көшеттердің ерекшелігі қандай? Биыл билік өкілдері неге сенім артып отыр?
Көше бойында жасыл желектің жайқалып тұрғанына тұрғындар да дән риза. Алайда бірер айдан кейін көшеттер қурап, сұрқы қашпай ма деп алаңдайды. Бірақ агроном Жасұлан Молдабаев биылғы көшеттердің тез тамыр тартып кетеді деген ойды айтады.
– Биыл отырғызылып жатқан көшеттерге қарасам, барлығы 1-санаттағы ағаштар. Яғни, бір жерде жеті жыл отырғызылып, бабына келген. Мұндай ағаштар барынша тез тамыр тартып кетеді. Оған қоса, қала температурасына да аталған көшеттер тез бейімделеді, – дейді агроном.
Негізі, ашық тамырлы ағаштардың жерсінуі қиын екен. Сондықтан биыл бойлары 2,5-3 метрлік жабық тамырлы ағаштар Алматы мен Түркістан облыстарынан сатып алынған. Ал бұған қазынадан 1,7 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржыға көгалдандырудан бөлек, күтіп ұстау жұмыстары да жүргізіледі.
Күтіп ұстау жұмыстарына тоқталсақ, қала көшелері мен скверлеріндегі 10 483 дана қылқан жапырақты және жапырақты ағаштарды мезгілдік жұмыс жоспарына сәйкес әртүрлі ауруларға қарсы пестицидтермен дәрілеу жұмыстарын жүргізу және аталған ағаштардың түбіне минералдық және органикалық тыңайтқыштардың берілуі жоспарлануда. Сондай-ақ қала аумағында отырғызылған 28 000 дана көпжылдық раушан гүлдеріне күтім жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек, биыл саябақтар мен скверлердегі көгалдарға жалпы аумағы 807 000 шаршы метр жерге минералды тыңайт-қыштар отырғызылады. Тағы бір айта кетерлігі, қала аумағында су құю автокөліктерімен 7 000 дана талдар суғарылмақ. Бұл бағытқа 10 дана «Камаз» суқұйғыш автокөлігі мен 8 дана «Зил» суқұйғыш көлігі жұмылдырылады.
Жоспарлы жұмыстың тағы бірі – шаһар көлеміндегі 19 600 шаршы метр гүлзарларға гүл отырғызу жоспарлануда. Оның 10 500 шаршы метріне сәуір айында, қалғаны мамыр айында егіледі. Бұған қосымша 627 дана қазандықтарға гүл тұқымы себілмек. Көпжылдық раушан гүлінің 5 000 данасын, зор киіктің (канны) 2000 данасын, гладиолустың 1 500 данасын «Көне-Тараз» кешені, облыс әкімшілігі ғимаратының алды, Жамбыл-Көшеней көшелерінің қиылысы мен Төле би көшесінің бойына отырғызу көзделуде. Міне, осылайша, облыс орталығы Тараз қаласын көгалдандыру мен желектендіруге қыруар қаржы мен күш жұмсалуда. Себебі шалғай елді мекендерге ағын су түгілі, ауыз судың өзі әрең жетіп жатқанда бар үміт қала аумағына егілетін көшеттерде болып тұрғаны анық. Сондықтан миллиардтаған қаржыға алынған ағаш көшеттерін қуратып алмай, жауапты мамандар жұмысына жауапкершілікпен қарайды деп сенейік.

Дедек Төлен

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.