Қалалық қоғамдық-саяси газет

Күте-күте кезекті, сарылумен күн өтті

0 91

Бүгінгі күннің басты мәселесінің бірі – баспана. Алқалы топта арқа-жарқа сөз бастап, көңілдің хошын демдеп, қатарыңның алдында маңғаздана сөз айта алмау да осы баспананың жоқтығына келіп тіреледі. Өйткені үйі жоқтың күйі жоқ.

Пәтер алу мақсатында кезекке тұрып, жер телімін таңдап, оған құжат жинап, жар құлағы жастыққа тимей, жамбасы жер иіскемей баспананың зарымен шапқылап жүргендер көп. Солардың бүгінгі хал-ахуалы қандай? Осы мәселе бойынша алдымен Тараз қаласының аумағынан жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін беру мәселесі бойынша қала әкімдігіне хабарласып, мәлімет алған едік.

– 2005 жылы құжаттарымызды жинап, келіншегім екеуміз жер кезегіне тұрдық. Кейін отбасылық жағдаймен Жаңатас қаласына көшіп кеттік. Араға екі жыл салып, яғни 2007 жылы Тараз қаласына келіп, кезегімізді қарап көрсек, мамандар 2005 жылғы базадан таппады. Сөйтіп, қайтадан 2007 жылға кезекке қойды. Міне, сол 2007 жылдан бері күні бүгінге дейін 15 жылдың жүзі болды. Бірақ кезек әлі жеткен жоқ, – деді Мұрат Жұмағұлов.
Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін беру мәселесі бойынша қала әкімдігіне хабарласқан едік, кезекке тұрған азаматтардың жалпы саны бүгінгі күнге 108 806 адамды құрайтындығын айтты. Осы орайда ағымдағы жылдың наурыз айында мемлекеттік қызмет автоматтандырылғанға дейін 75 мың адам тіркелгенін айта кеткен жөн.

«Жер учаскесін алу үшін кезекке қою» мемлекеттік қызметі автоматтандырылғаннан кейін наурыз айынан бастап 2 ай мерзімде 30 мыңға жуық азамат, ал қазіргі уақытта яки тамыз айында 1 мыңға жуық азамат тіркелген.
2005-2006 жылы кезекке тұрғандардың саны – 12 744. Оның ішінде 2005 жылы тұрғандар саны – 1202, 2006 жылы кезекке тұрған азаматтар саны – 11 542.

– 2007 жылы жаз айында жер кезегіне тұрғанмын. «Жер кезегі жақындады» деп ешкім осы уақытқа дейін айтқан емес. Әрине, құлағымыз түрулі жүреді. «Неге осыншалық ұзақ уақыт күттіреді екен?» деген ой мазалайды. Былтыр «мекенжайларыңыз, телефон нөмірлеріңіз өзгерсе, жаздырып кетіңіздер» деген соң, жаңа мекенжайым мен ұялымның нөмірін қалдырдым. Сол уақытта мамандар «2006 жылдың кезегін бастадық» деп айтқан болатын. Яғни 2007 жылы тұрғандарға әлі кезек келген жоқ, – деді тағы бір көпбалалы ана Қымбат Нұрманалиева.
Тараз қаласының Бас жоспарына және егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес «Қарасу» (Құмшағал) алқабында жеке тұрғын үй қарастырылуына байланысты қала шекарасын кеңейту барысында Жамбыл ауданынан қала аумағына өткен шаруа қожалық иелерінің жерлеріне мемлекет мұқтажы үшін қайтып алу жұмыстары атқарылған. Осыған байланысты «Қарасу» (Құмшағал) алқабына инфрақұрылым жүргізіліп, жер телімдерін тарату жұмыстары аяқталып, құжаттарын рәсімдеу жұмыстары қарастырылуда екен. Сондай-ақ Тараз қаласының «Қарасу» (Құмшағал) алқабынан жеке тұрғын үй құрылысы үшін кезекпен берілетін жер учаскесінің жалпы көлемі – 369 гектар, жер телімінің саны 1460 екен.

Ресми мәлімет бойынша, қазіргі уақытта Киров базарына қарама-қарсы 312 гектарға жуық жер телімдерін мемлекет мұқтажы үшін алу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Жер телімдері алынған соң, құрылыс бөлімі инфрақұрылым жүргізбек. Осы жер телімдері жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер кезегіндегі азаматтарға берілетін болады.

Ал бүгінгі күнге дейін пәтер алу кезегінің тізімінде 22 528 азамат тіркеліп тұр. Оның ішінде 1946 – кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 3294 – көпбалалы отбасы, «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана», І және ІІ дәрежедегі «Ана даңқы» атағын алған отбасылар, 10 179 – әлеуметтік жағынан қорғалатын топтарына жататын азаматтар, 7109 – мемлекеттік қызметшілер, өзге де бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері мен әскери қызметшілер көрінеді.

Осы орайда айта кетерлігі, «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою және мемлекеттік пәтерлерді бөлу» электронды түрде «Kеzekte.kz» АЖ жаңа электрондық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
Ендеше, аспан асты, жер үстін мекен еткен әр азамат баспаналы болып, әр отбасының төрінде бақыт шамы жарқырасын!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.