Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Кәсіптік білімнің қарашаңырағы

0 173

Кез келген мемлекеттің дамуы ең әуелі білікті мамандардың жеткілікті болуына тікелей байланысты. Бүгінде ғылыми-техникалық прогресс пен еңбек нарығының өзгермелі талаптары кадр даярлау ісіне жаңаша көзқарас қажет екенін көрсетіп отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында айрықша атап өтті.

– Бізге білікті мамандар өте қажет. Әсіресе өз саласын жетік меңгерген нағыз шеберлер керек. Қазіргі тілмен айтсақ, «сапасы жоғары адами ресурстар» қажет. Өйткені білікті, саналы адамдар – ұлттық экономиканың арқауы, ел болашағының кепілі. Осыған мемлекет қажетті жағдай жасап, лайықты жалақы төлеу қажет. Бұл – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі, – деді Президент құнды құжатта.
Бұл ретте елімізде кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдары білікті кадрлар даярлауда маңызды рөл атқаратыны белгілі. Колледждер тек теориялық білім беріп қана қоймай, жастарды нақты еңбек нарығына сай тәжірибелік дағдылармен қаруландырып, сұранысқа ие маман иесі болуға жол ашуда. Бұл тұрғыда биыл негізі қаланғанына 105 жыл толып отырған Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі өз миссиясын жүйелі жүзеге асырып келеді.
Колледждің терең тарихы 1920 жылы Шымкент қаласында педагогикалық техникум болып құрылудан бастау алады. Алғашқы директоры – қоғам қайраткері Сегізбай Айзұнов болса, 1926-1929 жылдары техникум тізгінін қазақтың көрнекті қайраткері, жазушы, Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытов ұстады. Одан кейінгі жылдары колледжді түрлі білікті азаматтар басқарып, оқу ордасының дамуына зор үлестерін қосты. 1929 жылы техникум Сырдария округтік Атқару комитетінің қаулысымен Шымкенттен Әулиеатаға көшіріліп, Жамбыл педагогикалық училищесі деп қайта аталды. Ал 1945 жылы оған ұлы ақын Абай Құнанбайұлының есімі берілді.
Бір ғасырдан астам уақыт ішінде колледж түрлі кезеңдерді бастан кешіріп, еліміздің сан саласында айшықты із қалдырған білікті мамандарды түлетті. Олардың қатарында ақындар – Сырбай Мәуленов, Әдібай Табылдиев, академик Төлеген Тәжібаев, ғылым докторлары – Мәулен Балақаев, Нығметулла Киікбаев, Жанғара Дәдебаев, қоғам қайраткері, Жамбыл облыстық халық ағарту басқармасының басшысы болған Жатай Жұмаділов, қаламгерлер – Арғынбай Бекбосын, Шырын Мамасерікова және жазушы Тынышбай Рахымовтар бар. Бұлардан да өзге еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті қызмет атқарып жүрген түлектері жетерлік.
Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан сәттен бастап білім ордасының көкжиегі кеңейіп, дамудың даңғыл жолына қадам басты. Колледжде жыл сайын заман талабына сай өзгерістер енгізіліп, сұранысқа ие мамандықтар ашылуда. Қазіргі таңда оқу ордасында 11 мамандық, 15 біліктілік бойынша 1 085 студент білім алып жатыр. Ол мамандықтардың дені педагогика мен мәдениет салаларына бағытталған. Сондай-ақ студенттерге тәлім беретін 189 оқытушының барлығы дерлік жоғары білімді, түрлі педагогикалық дәрежелерді иеленген білікті ұстаздар.
Колледждің материалдық-техникалық базасы да жылдан жылға нығайып келеді. Айталық, бүгінде оқу ордасында «Автоматтандырылған кітапхана-ақпараттық жүйесі» бағдарламасы негізіндегі электрондық кітапхана, оқу, хореография залдары, көрме, мұражай, «Абайтану» орталығы, «Кәсіптік бағдар беру алаңы», «Кәсіптік бағдар беру кабинеті», психологиялық көмек орталығы мен Студенттік парламент бар.
Сондай-ақ қазіргі таңда әлеуметтік серіктес ретінде 27 мекеме колледжбен бірлесе жұмыс істейді .
– Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының бастамасымен білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту бағытында маңызды қадамдар жасалуда. Осы орайда халықаралық деңгейде И.Арабаев атындағы Қырғыз Мемлекеттік университетімен, Анкара музыка және бейнелеу өнері университетімен, Қытай Халық Республикасындағы Шыңжан педагогикалық институтымен және Корея мемлекетіндегі KARIS ассоциациясымен ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Бұған қоса өнер бағытындағы мамандықтарды даярлауда 90 жылдам астам тарихы бар П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжімен, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясымен, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясымен, Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжімен, Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы Маңғыстау жоғары педагогикалық колледжімен, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі секілді оқу ордаларымен де тығыз байланыс орнаттық. Келісім аясында білім беру саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру, оқу бағдарламаларын жетілдіру, студенттердің кәсіби дағдыларын дамыту, тиімді инновациялық жобаларды әзірлеу және енгізуге бағытталған жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы», Алматы гуманитарлық-экономикалық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институты, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті, Шымкент қаласындағы «Мирас» университетімен де өзара ынтымақтастық жөнінде келісім жасалған. Сонымен қатар ынтымақтастық нәтижесінде колледжіміздің базасында Алматы гуманитарлық-экономикалық университетінің «Педагогика, психология және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының филиалы ашылды, – дейді колледж директоры Саясат Есеев.
Сондай-ақ бұл білім ордасы Жамбыл облысының техникалық және кәсіптік білім беру саласын дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған Жол картасы негізінде педагогикалық бағыттағы тірек колледжі ретінде бекітілген. Осының аясында оқу ордасының іс-тәжірибесі облыста педагог мамандарды даярлайтын 6 жекеменшік колледжге таратылып отыр. Мұндағы мақсат – колледждің оқу процесінің сапасын басқарудың инновациялық стилімен таныстыру, өзара тәжірибе алмасу.
Колледж тарапынан қазір көп тілде білім бере алатын педагог мамандарды даярлау ісі де нақты қолға алынған. Осыған орай өткен жылдың соңында Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы мен Сингапурдың «Marshall Cavendish Education» компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалған болатын.
– Колледждің «Бастауыш білім беру» және «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандықтары бойынша көп тілде білім беруді жоспарлап отырмыз. Осының арқасында келешекте түлектеріміз шет мемлекеттердің балаларын оқытуға мүмкіндік алады. Оның үстіне елімізде де балаларына балабақшада немесе 1-сыныптан бастап ағылшын тілін қосымша үйретуге тырысатын ата-аналар тарапынан да сұраныстар өте көп. Осыған орай биылғы оқу жылында колледждің оқыту бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.
Жалпы, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына оқу бағдарламаларын әзірлеуге министрлік тарапынан академиялық дербестік берілген. Бастапқыда біз көп тілде білім беру жүйесі қалыптасқан бірқатар мемлекеттің озық тәжірибелерін жан-жақты зерттедік. Соңында осы Сингапурға тоқталдық. Себебі бұл ел жарты ғасырдың ішінде өте қарқынды дамып, әлемдік деңгейде зор тәжірибе қалыптастыра білді. Осы жоба аясында «Marshall Cavendish Education» компаниясы арқылы педагогтарды тағылымдамадан өткізіп, сингапурлық білім беру контенттерін пайдалану арқылы оқытудың үздік тәсілдерін тәжірибеге енгіземіз, – дейді Саясат Керімбекұлы.
Осы ретте атап өтерлігі, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы тарапынан «Marshall Cavendish Education» компаниясымен бірлесіп, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі мен «125 International School» жекеменшік мектебін аймақтағы сингапурлық оқыту әдістемесін тарататын негізгі орталық ретінде қалыптастыру көзделуде.
Колледжде білім алуға ниетті талапты жастарға барлық жағдай жасалған. Айталық, жуырда оқу ордасы тағы бір жаңа жатақханамен толықты. 120 орындық жатақхана құрылысын жеке кәсіпкер Меиз Рыспаева жекеменшік-әлеуметтік серіктестік аясында жүзеге асырды. Студенттер үйі заманауи стандарттарға сай салынып, барлық қажетті инфрақұрылыммен, жатын бөлмелер, оқу және демалыс залдары, асхана мен кір жуу бөлмелерімен қамтамасыз етілген.
Оқу ордасы ұжымының қол жеткізген толайым табыстары да баршылық. Білім ошағы 2019, 2023 жылдары техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында өткен байқауда «Үздік колледж» номинациясын иеленіп, 1 миллион теңгенің сертификатына қол жеткізді. Сонымен қатар халықаралық, республикалық, облыстық сайыстарда да үнемі жеңіс тұғырынан көрінуде. Атап айтсақ, «Талап» КЕАҚ Қазақстан Республикасының колледждерінің қызметін бағалау, қамтамасыз ету және қосымша сапасын арттыру, ынталандыру мақсатында жүргізілген мониторинг нәтижесінде оқу орны 214 колледждің ішінде «гуманитарлық-экономикалық» және «өнер-гуманитарлық» бағыттары бойынша қатарынан екі жыл І орынды иеленді. Сонымен қатар «Табысты менеджмент-2021» облыстық байқауында ұжымды басқарудағы заманауи стилі мен жаңашылдығын көрсеткені үшін ІІ орынды еншіледі. Бұған қоса ұлағатты ұстаздар мен озат студенттердің қол жеткізген жекелеген жетістіктері де баршылық.
Бүгінгі жаһандану дәуірінде Жамбылдағы кәсіптік білімнің қарашаңырағы саналатын колледж заман талабына сай мамандар даярлауда өзіндік орны бар, тәжірибесі толысқан білім ордасы ретінде ерекшеленуде. Ғасырдан астам тарихы бар оқу орны үздіксіз жаңғырып, жаңарып, уақытпен үндесе дамып келеді. Колледж бүгінде тек білім берумен шектелмей, өңірдің педагогикалық және мәдени әлеуетін арттырып, жастардың жарқын болашағын қалыптастыруға сүбелі үлес қосып отыр. Алдағы уақытта да бұл оқу орны өзінің даңғыл жолынан жаңылмай, болашақтың бағдары болар білімді де білікті ұрпақ тәрбиелеу ісінде көш бастап тұратынына сеніміміз мол.

Бағила АБЖАПАРОВА,
Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі
директорының ғылыми-әдістемелік іс жөніндегі орынбасары

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.