Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кәсіпті нәсіп еткендер – елге құт

0 663

Тәуелсіздік алғалы ел саясатының басым бағытының бірі бизнесті қолдау болып келеді. Осы тұрғы­дан алғанда Қазақстан – ТМД мемлекеттері арасында алғаш болып кәсіпкерлерге жүйелі түрде қолдау көрсетіп келе жатқан ел. Жалпы, Қазақстан бизнесті жүргізуге ең қолайлы жағдайы бар елдер қатарына кіреді. Демек, бизнеспен шұғылданғысы келген, кәсібін ашуға оңтайланып жүр­ген азаматтарға ыңғайлы жағдай бар. Мұн­дай азаматтарды қолдауға арналған мем­лекеттік бағдарламалар да көптеп қабыл­данып жатыр.

Соның бір айғағы – Әулиеата өңірінде кез келген кәсіпкердің бастамасына атқарушы органдар тарапынан кең қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, жуырда Жамбыл ауданында жеке кәсіпкер тұрғындардың бос уақытын өткізуіне арналған демалыс орталығын салу туралы ұсынысын білдірген болатын. Аудан әкімдігі тарапынан демеу тапқан жоба бүгінде жүзеге асуда.

Ал күні кеше аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы аудан орталығынан 40 шақырым қашықтықта орналасқан Гродекова ауылдық округінің аумағында құрылысы жүріп жатқан нысандағы шаруалар жайымен жеке барып танысып қайтты. «Almaly resort» демалыс аймағын Досан Рымтаев басшылық ететін «Фортис Констракшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салуда. Демалыс орталығына бүгінде 550 миллион теңге қаражат жұмсалған. Құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған нысанға ұзындығы 10 шақырымды құрайтын электр желілері жүргізіліп, жобада көзделген ғимараттар мен құрылыстар бой көтеріп үлгерген. Құрылыс жұмыстарына 60 азамат жұмылдырылуда. Жер көлемі – 9.6 гектарды құрайды. Орталықтың мүмкіншілігін жан-жақты таныстырған Досан Тасболатұлы алдағы жоспарларында бүгіп қалмады.
– Облыс тұрғындары мұнда таулы аймақтың табиғатын тамашалауға мүмкіндік алады. Жоба толығымен аяқталса, орталық бір мезетте 250 адамды қабылдай алады. Мұнда 70 адамға арналған 7 котедж, 8 қонақ үй, еуропалық моншалар, 150 адамды тамақпен қамтамасыз ету үшін кафе-мейрамхананың, техникалық және қызмет көрсету персоналына арналған тұрғын үйдің, үлкен, орта бассейннің, футбол, тенис алаңы, 120 адамға арналған ашық демалыс алаңының, ат спорты алаңшасының, балық өсіруге арналған тоғанның құрылысы қарқын алған. Тұрғындар демалыс орталығын тек қана жазда ғана емес, жыл он екі ай қолданады. Қыс мезгілінде тау етектерінен шанамен сырғанауға арналған жобаны іске қосамыз. Барлық ғимараттар ауыз су мен жылумен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ атпен саяхат, квадроциклмен серуен ұйымдастырылмақ. Бір күндік демалысқа арналған 100 адамды бір мезетте қабылдайтын 10 киіз үйді жайластыру да көзделуде. Орталық тамыз айынан бастап, кезең-кезеңімен жұмысын бастайды. Жергілікті тұрғындарға бағаның қолжетімділігіне назар аударатын боламыз. Жергілікті әкімдікке айтар өтінішіміз де бар. Орталыққа апаратын 9 шақырым жолды асфальттауға көмек көрсетулеріңізді сұраймыз, – дейді Д. Рымтаев.
Еуропалық үлгіде салынып жатқан орталықты аралаған өңір басшысы серіктестіктің жобасына оң бағасын берді.
– Өңірімізде демалыс орталығынан тапшылық бар. Жоба ауқымды әрі туризмдік нысанның бірегейі болмақ. Дегенмен өңір жасөспірімдері осында жаздық лагерді қарсы алуға мүмкіндік алуға жұмыс жасауыңызды сұраймыз. Ал жол жабындысын төсеу жұмыстарына қолдау білдіретін боламыз, – деді Ерлан Қыдыралыұлы.
Аудан әкімінің жұмыс сапары кезінде аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Бауыржан Тоқтасынов пен аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Бауыржан Төлендиев бірге жүрді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.