Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Кәсіподақ – еңбек адамына қалқан

0 147

Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысы ғасырдан астам тарихында талай қиын кезеңдерді басынан өткерсе де, өз міндетіне адал болып келеді. Ол – еңбек адамын қорғаудың, әлеуметтік әділеттілікті орнатудың, қоғам тұрақтылығын сақтаудың басты тетігі. Қай уақытта да кәсіподақ – халық пен билік арасындағы алтын көпір, еңбек адамының сенімді серігі болып келеді.

Бүгінгі таңда кәсіподақ ұйымдары тек өндіріс саласында ғана емес, білім беру жүйесінде де маңызды рөл атқарып отыр. Мұғалім – ел болашағын тәрбиелейтін тұлға болса, ал кәсіподақ – сол ұстаздың әлеуметтік қорғаны және рухани тірегі.
№6 Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте бастауыш кәсіподақ ұйымы ұстаздардың құқығын қорғап қана қоймай, ұжымдағы ынтымақ пен өзара қолдау мәдениетін нығайтып келеді. Ұжымда «Бірлік бар жерде – береке бар» деген қағида берік орныққан. Кәсіподақ ұйымы мұғалімдердің еңбек жағдайын жақсарту, әлеуметтік көмек көрсету, демалыс пен мәдени шараларды ұйымдастыру бағытында тұрақты жұмыс атқаруда. Мәселен, жас мамандарға қолдау көрсету, зейнеткер ұстаздарды құрметтеу, мерейтой иелерін ұлықтау – басты дәстүрлерінің бірі. Ұстаздар қауымы үшін адалдық – балаға білім мен тәрбие берудегі жауапкершілік, ал табыс – еңбектің, адал қызметтің нәтижесі деп есептейді.
Президент тапсырмасымен биылғы жыл елімізде «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланды. Бұл бастама – еңбек адамының мәртебесін көтеріп, қоғамдағы шынайы құндылықты дәріптеудің көрінісі. Бүгінде жастардың көпшілігі жеңіл табысқа ұмтылып, жұмысшы кәсіптерінен алыстап бара жатқаны жасырын емес. Осы тұрғыда мемлекет пен кәсіподақтардың міндеті – еңбек адамының беделін арттыру, жұмысшы мамандығын таңдаған жасты қоғам мақтан тұтатындай деңгейге жеткізу. Білім ордаларында бұл бағытта бірқатар игі шаралар атқарылуда. Оқушылар арасында «Еңбек – елдің күші», «Мамандықтар әлемі» атты кездесулер мен көрмелер өткізіліп, түрлі салаларда еңбек етіп жүрген түлектермен кездесулер ұйымдастырылуда.
Атап айтсақ, «Кәсіптік бағыт беруші мектеп» жобасы аясында мектеп оқушылары «Аспара» колледжінде ұйымдастырылған ашық есік күніне қатысып, шаш үлгілеу және визажист, тігін және матаны оюлау шеберханаларының жұмысымен танысты. Ал «Кәсіпкерлік апта» шеңберінде танымдық іс-шара ұйымдастырылып, оқушылар егіс алқабында диқандармен кездесіп, өзара пікір алмасты. Сондай-ақ алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Ақылбек Утешев 10 «А» сынып оқушыларын өңірдегі №0216 – әскери бөлімге бастап барып, танымдық экскурсия жасады. Бұл іс-шараның мақсаты – жас ұрпақтың кез келген мамандыққа, еңбекке құрметпен қарауын қалыптастыру, кәсіби маман болуға ынталандыру.
Сонымен қатар жас мұғалімдердің кәсіподақ қозғалысына қызығушылығын арттыру да бүгінгі күні өз жемісін беруде. Жас ұстаздар мен жұмысшылардың әлеуметтік белсенділігін арттыру – кәсіподақтың болашағына салынған инвестиция. Адал еңбек еткен адамның қолы – елдің берекесі, ал маңдай тері – мемлекеттің байлығы.
Бүгінде ұстаз, дәрігер, құрылысшы, заңгер – бәрі де елдің өркендеуіне өз үлесін қосып жүр. Олардың барлығы қоғамның нағыз қаһармандары. Сондықтан «Еңбек адамы – ел мақтанышы» деген сөз – құр ұран емес, ұлт руханиятының өзегі деп білеміз. Мектеп ұжымында еңбек етіп жүрген әрбір ұстаз немесе мектеп қызметкері – осы идеяның үздік ұстанушысы. Олар жас ұрпаққа еңбектің қадірлісін саналарына сіңіріп, «Адал еңбек – адал табысқа жеткізеді» деген ұстанымды өмірімен дәлелдеп келеді.
Бүгінгі Қазақстан – еңбекті дәріптейтін, әділетті қоғам құруға ұмтылған мемлекет. Осы жолда кәсіподақтар мен еңбек ұжымдары ел дамуының басты қозғаушы күші болып қала береді. Мемлекет басшысы атап өткендей, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидасы – біздің қоғамымыздың жаңа рухани тұғыры болуы тиіс. Кәсіподақ – өткеннің мұрасы емес, болашақтың кепілі. Бүгінгі таңда еңбек адамының дауысы, мұғалімнің сөзі, ұжымның бірлігі – бәрі де кәсіподақ арқылы естіледі. Осы тұрғыда әрбір бастауыш ұйым – үлкен қозғалыстың тірегі. № 6 Ы.Алтынсарин мектебінің кәсіподақ ұйымы – осы сенімнің айқын көрінісі. Ұжыммен бірге алдағы уақытта да әділеттілік пен еңбек мәдениетін дәріптеп, ұстаз еңбегінің абыройын арттыруға үлес қоса бермек. Мұғалім – елдің болашағын қалыптастырушы, ал кәсіподақ – сол мұғалімнің еңбегін қорғайтын қалқан. Еңбек адамының мәртебесін көтеру – қоғамның өркендеуіне қосылған ең үлкен үлес. Еңбек адамы – елдің мақтанышы, кәсіподақ – сол мақтаныштың қорғаушысы.

Мөлдір Қырықбаева

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.