Еңбек адамы – қоғамның негізгі тірегі, ел дамуының қозғаушы күші. Олар тек өз қызметіне адал болумен шектелмей, дене шынықтыру мен салауатты өмір салтын ұстанып, спорттық шараларға белсене қатысады. Осыған орай, Тараз қаласында еңбек адамдары – кәсіподақ мүшелері арасында спортпен жүйелі айналысу дағдысын қалыптастыру мақсатында Республика күніне орай «Кәсіподақ барысы-2025» облыстық турнирі өтті.
Шараның ашылу салтанатында Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Биыл кәсіподақтар үшін ерекше тарихи кезең болып отыр. Себебі бұл жылы біз Қазақстан кәсіподақтарының 120 жылдығын және Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығын атап өтудеміз. Бұл – еңбек адамын қорғау, оның құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету жолындағы ұзақ жылғы еңбектің, ұйымшылдық пен бірліктің айғағы. Осындай маңызды даталар ұлттық мерекеміз – Республика күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан да бүгінгі шаралар еліміздің барлық өңірінде кеңінен аталып өтуде. Бүгін, міне, екінші мәрте өткізіліп отырған «Кәсіподақ барысы» турнирі де соның айғағы. Бұл – еңбек адамын, ұстаздар қауымын, білім саласының өкілдерін біріктіретін, олардың рухын көтеретін игі бастама. Қазақ күресі – халқымыздың намысын, батылдығы мен жігерін танытатын ұлттық өнер. Сондықтан мұндай жарыстар арқылы біз салауатты өмір салтын қалыптастырып қана қоймай, ұжымдық ынтымақты да арттырамыз. Қазіргі таңда облыстық кәсіподақтар ұйымында 150 мыңнан астам мүше болса, соның 65 мыңы – білім беру саласының қызметкері. Бұл – үлкен күш, зор әлеует. Біз осы бірліктің арқасында талай бастаманы жүзеге асырып келеміз. Бүгін боз кілемге шығатын балуандарды және барша қатысушыларды Республика күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Әрқайсыңызға мықты денсаулық, сәттілік, табыс және тартысты дода тілеймін, – деді Бағлан Жиенәліұлы.
Келесі кезекте спорт кешенінде жиналған жұртшылықты Республика күнімен облыстық мәслихат депутаты Фарида Жүнісова, «АMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов құттықтады. Сондай-ақ спортшыларға деген ізгі тілегін ұйымдастыру алқасының төрағасы, Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков те жеткізді.
– 2023 жылы бұл жарыс Тәуелсіздік күніне орай алғаш рет өткізілсе, өткен жылы «Кәсіподақ барысы» турнирі республикалық деңгейде ұйымдастырылды. Ал биылғы спорттық дода еліміздің басты мемлекеттік мерекесі – Республика күніне арналды. Осындай бастамалар ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттап, білім саласы қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға, сондай-ақ ұстаздар арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайтуға септігін тигізетініне сенім мол. Барша қатысушыларға сәттілік, жарысқа әділдік, шын мықтыға жеңіс тілеймін! – деді Ерұлан Сәбенұлы.
Өңірден іріктелген 24 балуан бақ сынаған бәсекеде 70-90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің оқытушысы Омар Керимов, ал 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде мойынқұмдық Марат Шоқабаев топ жарып, «Кәсіподақ барысы-2025» белбеуі мен 150 000 теңге қаржылай сыйақыға ие болды. Сонымен бірге турнирде тартымды өнер көрсеткен барлық қатысушы облыс мәслихаты мен «AMANAT» партиясының арнайы қаржылай жүлдесімен, сондай-ақ Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Жұматай КӨКСУБАЙ