Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кәсіпкерлер бағаны тұрақтандыруға жан-жақты атсалысуда

0 292

Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету – атқарушы биліктің басым міндетінің бірі. Бағаны тұрақтандыру шаралары қалай жүргізіліп жатыр? Осы орайда Жамбыл облысының тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз етуде бірқатар оңтайлы шешімдер қабылданып, жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Шалғай жатқан Сарысу ауданында азық-түлік бағаларының тұрақтылығы қарапайым халық үшін өте маңызды. Айлығы шайлығынан аспайтын жұрт жеңілдіктер мен жәрмеңкені асыға күтіп жүреді. Осыған орай, аудан әкімдігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бағытында жүйелі жұмыстарды қолға алып келеді. Солардың бірі – әр аптаның сенбі күні өтетін күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі.

Жаңатас қаласының орталық базарында 18 мәрте ауыл шаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Айта кетсек, «Сарысу Аманат» қорымен және аудан әкімінің қолдауымен арзандатылған бағада (20-25 пайызға төмен) 3 жәрмеңке және «Батыр Бек» әлеуметтік дүкенімен нарықтан 20-25 пайыз төмен 4 жәрмеңкеде 25 тоннаға жуық әлеуметтік маңызы бар тауарларын орталық базарда сатылымға шығарды. Ал Жуалы ауданының кәсіпкерлері сүт өнімдерін (сүзбе –1200 теңге, сарымай – 1550 теңге) ешқандай делдалсыз тікелей Сарысу ауданына жеткізіп, орталық базарда сауда-саттық жасауға арнайы белгіленген коммуналдық орындарда  сатып жатыр.

Бұдан бөлек, бүгінде Жаңатас қаласында жұмыс істеп тұрған 2 әлеуметтік дүкен бар («Батыр-Бек» және «Шадияр»). Сонымен қатар, жаңадан арзандатылған бағадағы «Адал» супермаркеті ашылды. Аталған сауда орындарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері ең арзан бағада сатылып жатыр. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тұрақтандыру қорынан алынған азық-түлік тауарлары бірінші кезекте осы дүкендерге жеткізіледі. Жалпы азық-түліктің негізгі қоры Тараз және Шымкент қалаларындағы көтерме базарлардан жеткізіледі. Наурыз айында «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тұрақтандыру қорынан жеткізілген арзандатылған бағада жеткізілген 5 тонна ақ қанттың негізгі көлемі осы әлеуметтік дүкендерде сатылды.

Жалпы аудандағы азық-түліктің қалдығы да бақылауда. Аудандағы жиналған қор аудан халқына жеткілікті. Таусылған тауарларды әкелу шаралары кәсіпкерлер тарапынан тұрақты түрде кедергісіз жүргізіліп келеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.