Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кәсіп ашуға 505 мың теңге

0 626

Кәсіп ашып, бизнес бастағыңыз келе ме? Бизнес-жоспарыңыз да дайын, бірақ қаржының жоғы қолбайлау ма? Ендеше, өз бизнесін дөңгелетуді көздегендерге 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант беріледі. Алу үшін міндетті түрде кәсіптік білім керек.

Арайлым Шабденова

Кәсіптік оқу – заман талабына сай, сұранысқа ие мамандарды қайта даярлайтын қысқа мерзімді курс. Қалалық жұмыспен қамту орталығы мамандарының айтуынша, еліміздегі индустрияландыру бағытының қарқынды дамуы, кәсіптік-техникалық мамандарға деген сұранысты арттырып отыр. Сондықтан да Үкімет «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағытын кәсіптік-техникалық мамандарды даярлауға ерекше ден қойды.

– Бағдарламаның мақсаты — азаматтардың қабілеті мен қызығушылығына, мүмкіндігіне қарай жұмысшы мамандығына даярлау, өз мамандығы бойынша жұмыс таппай жүргендерді қайта оқытып, кәсіптік біліктілігін көтеру. Бүгінде қайта даярлықтан өтемін дейтін тараздықтар үшін мамандық түрлері ұсынылған. Оқу мерзімі – 3 ай. 1 ай теория, 2 ай практика. Аптасына 6 күн, күніне 6 сағат оқиды, – дейді қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Айгүл Сапаралиева.

Маманның айтуынша, бұл бағдарламаның ең тиімді тұсы да осында. Кәсіптік білімнен бөлек, бағдарламаның екінші бағыты бойынша өз бизнесіңді бастауға мемлекеттен қайтарымсыз 200 АЕК көлемінде, яғни 505 мың теңге грант алуға болады. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Сондықтан да кәсіптік білім алып, сол бағытта өз ісін дөңгелетемін деушілерге әрқашан қолдау бар. Бұл грантты ұтып алудың екі жолы бар. Біріншісі – Тараз қаласы халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы кәсіптік курста оқу. Екіншісі – «Бизнес-Бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерінде оқу. Біріншісінде 3 ай оқу міндеттеледі. Оны тәмамдаған соң, өз бизнес-жоспарыңызды құрып, комиссияға ұсыну керек. Комиссияның оң шешімін алған соң, сізге өз ісіңізді бастауға 505 мың теңге көлемінде ақшалай қолдау жасалады. Мәселен, сіз тігіншінің 3 айлық курсын тәмамдадыңыз делік. Енді өз цехыңызды ашып, кәсіп бастау жоспарда болса, бизнес-жоспарыңызды дайындаңыз. Комиссия оны қабылдаған жағдайда жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, ұтып алған грантыңызды тігін цехыңызға жұмсайсыз.

Екінші, «Бизнес-Бастау» жобасының да схемасы осыған ұқсас. Бірақ мұнда 3 ай оқудың қажеті жоқ. Яғни 25 күндік оқуы аяқталған сәттен бастап бизнес-жоспарын әзірлейді. Егер бизнес-жоспарын әзірлей алмаған жағдайда «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы, жоғарыда аталғандай, бағдарлама шеңберінде әзірлеуге көмектеседі. Бұл бағытта 25 күн бойы оқығандарға бір жолғы стипендия төленеді. Олар да тегін оқиды. Айта кетейік, мұнда белгілі бір кәсіпті игермейсіз. Тек бизнес-тренерлер кәсіпкерлік негіздеріне оқытып, саладағы заңнамалар, маркетингтік стратегия, салыққа қатысты мәліметтерден хабардар етеді. Оқу курсы барысында өз ісін бастаушыны жеке кәсіпкер ретінде тіркеуге, бизнес-жоспарын әзірлеп беруге тегін көмектеседі. «Бизнес-Бастау» арқылы кәсібін дөңгелететіндер 505 мың теңгелік қайтарымсыз гранттан бөлек, кәсіпкерлігін дамыту мақсатында 20 млн теңгеге дейін жылдық 6 пайызбен шағын несие ала алады.

– Үстіміздегі жылға мемлекеттік қайтарымсыз грантқа 1600085,0 млн теңге бөлініп, 276 азаматқа 200 АЕК немесе 505 000 теңгеден және 82 азаматқа 100 АЕК 252 500 мың теңге жоспарланды, бөлінген қаражат толығымен 100 пайыз игерілді. Бүгінгі таңда мемлекеттік грантты 358 азамат жеңіп, 297 азамат еңбек құралдарын, 61 азамат құс және асыл тұқымды ешкілерін алып, өз кәсіптерін бастап жұмыс жасауда. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында екінші бағыт бойынша 2019 жылға республикалық бюджеттен қалаға шағын несиелендіруге «Даму» АҚ екінші деңгейлі банктер арқылы 896,6 млн теңге бөлінген. Игерілгені – 649,1 млн теңге. Ол дегеніміз меженің 72,4 пайызы орындалып, 60 азаматқа шағын несие беріліп, 54 жоба, 15 жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, өз нәтижесін береді, – дейді Айгүл Сапаралиева.

Жалпы түсінген жанға кәсіптік білім – екі қолға бір күрек таба алмай жүргендерге үлкен мүмкіндік. Мемлекет осылайша жұмыссыздықты «тұншықтырып», жұрт қолына балық емес, қармақ беріп, сұранысқа ие мамандықтарға баулымақ.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.