Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кәсіби мереке қарсаңындағы ғалыммен кездесу

0 349

24-қазан – Кітапханашылар күні. Осыған орай университет қабырғасында Кітапханалық-ақпараттық орталықтың (КАО) ұйымдастыруымен мерекелік іс-шара өтті.

«Ашықтық. Креативтік. Жаңашылдық­_2023» тақырыбы аясында өткен мерекелік жиында КАО қызметкерлерінің шығармашылық көрме-жәрмеңкесі, кітап баспаларының жәрмеңкесі, «АРТ-вернисаж» университет жас суретшілер туындыларының көрмесі ұсынылды. Орталық директоры Гүлжан Жеңісбекқызы ұйымдастырылған шараның мақсатын айтты. Кәсіби мерекеде университет деңгейінде кітапханаға көңіл бөлетін күн екенін айрықша атап өтті. Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Тұрлыбек кітапхана саласы мамандарының еңбегіне ерекше тоқталды.

– Кітап арқылы адам ақылы толысады. Кез-келген ғұлама ғалымның, жазушы, қайраткер болсын тұлға болып қалыптасуына кітаптың қосар үлесі зор. Кітапхана – білім мен даналықтың көзі. Кітап оқыған бала еліне пайдалы адам болады. Кітапханашылардың алдында әрдайым басымызды иеміз,- деді Аслан Еділханұлы.

«Ғылым және ғалым: Өнегелі өмір» тақырыбында профессор Сәмен Құлбарақпен кездесу ұйымдастырылды. Еркін форматта өткен сыр-сұхбатты ф.ғ.к., доцент Темірбай Мұқашев жүргізіп отырды. Ғалыммен әңгіме өрбіту мақсатында өткен кездесуге   ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов келді.

Профессор Сәмен Құлбарақтың еңбек жолына, шығармашылық жұмыстарына тоқталған Темірбай Мұқашев ғылым жолы қиын жол екенін де баса айтты.

– Назарларыңызға ғалымның осы уақытқа дейін еңбектеніп көз майын тауысып, жүрегінің нәрін құйып жазған сүбелі еңбектерін ұсынып отырмыз. Руханиятқа еңбек ету үлкен қажырлықты талап етеді. Осы орайда Сәмен Құлбарақ өнегелі өмірін ғылым мен білімге арнаған адам,-деді.

Ғалыммен сұхбатта кейіпкер туып-өскен жері Сыр өңірінде өткен балғын балалық дәуреннен бастап, ғылымға бет бұрған сәтті әсерлі әңгімелеп берді. Қазақ әдебиетінің белгілі жазушысы Тахауи Ахтановтың прозазы мен драматургиясын зерттей бастаған ғылым жолын да ашылып айтты. Қазақтың маңдайына біткен қарымды қаламгермен кездесу бұйырғанын, кездесіп қана қоймай етене араласып, диссертациясын қорғау сәтіне Тахауи Ахтановтың өзі келгенін әдемі суреттеп айтқан профессордың әңгімесін студент жастар ұйып тыңдады.

Сәмен Құлбарақтың өмірі мен еңбек жолына арналған сыр-сұхбат әсерлі әңгімемен өрбіді. Кездесудің келесі бөлімінде студенттер ғалымға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды.

КАО ұйымдастырған іс-шара «Кітапхананың болашағы», «Жасанды интеллект және оны кітапханаларда қолдану мүмкіндіктері» тақырыбындағы презентациялармен және психологиялық тренингпен жалғасты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.