Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көрші елден ағылған көш

Баспана бағасына қаншалықты әсер етуде?

0 148

Осыған орай біз «Krisha.kz» қосымшасына көз салғанымызда, Тараздағы жалдамалы пәтерлердің бағасы жаз айларымен салыстырғанда едәуір жоғарылағанын аңғардық. Мәселен, Желтоқсан мен Байзақ батыр көшелерінің қиылысындағы 2 бөлмелі пәтердің жалдау құны 170 мың теңге екен. Бірден хабарландыруда көрсетілген нөмірге хабарластық. Өзін Жандос деп таныстырған азамат пәтерінің бағасын жоғарылатуына саяси жағдайдың еш қатысы жоқ екенін алға тартты.

– Менің пәтерім орталыққа жақын орналасқан. Әрі биыл ғана еурожөндеуден өтті. Пәтерде кондиционер, Wi-Fi, теледидар, тоңазытқыш секілді тұрмысқа қажетті заттардың барлығы бар. Тұрғын үйдің маңына дәріхана, мектеп, балабақша сынды нысандар да жақын орналасқан. Яғни жас отбасылардың балаларын білім ордаларына орналастыруына барлық жағдай жасалған. Сол себепті дәл осындай бағаны белгілеп отырмын. Жалпы күз мезгілі – пәтерақының қымбаттайтын кезеңі. Өйткені жаңа оқу жылы басталып, ауылдан қалаға студенттер ағыла бастайды. Демек, сұраныс та жоғары болады. Соған сай бағаның да артуы орынды деп санаймын. Себебі нарық заңы осыны талап етеді. Бірақ маған осы уақытқа дейін бірде-бір ресейлік хабарласып, пәтер сұраған емес. Қоңырау шалатындардың дені – өзіміздің қаракөздер, – дейді қала тұрғыны.
Алайда Айдос Кенжехан есімді тұрғын ресейлік азаматтар хабарласып, пәтерін жалға беруге қомақты қаржы ұсынғанын айтады.

– Қазір Ресейден келіп жатқандар көп. Біздің баға оларға түк емес. Құнын екі есе көтеріп жатыр. Мәселен, менің жақын досымның ұлы жалдайтын пәтерді иесі бір-ақ күнде 250 мыңнан 500 мыңға арттырып жіберген. Мұндай жағдай өте көп. Қазір көбісі Алматының шетіне қарай ағылып, уақытша жер үйлерді паналауға мәжбүр. Өзім де бір пәтерді осы Таразда жалға беріп отырмын. Бірде жұмыстан қайтып келе жатқанымда, бір Ресей азаматы хабарласты. Тіпті мен ойлағаннан да көп қаржы ұсынып, пәтер іздеп жүргендерін жеткізді. Алайда оған қазіргі пәтерімді жалдап отырған адамдарды шығарып жіберіп, орнына оларды қоныстандыра алмайтынымды ашық айттым. Қомақты қаржыға бола сондай әрекетке бару – адамгершіліктің үлгісі емес. Әрбір саналы азамат солай істеуі тиіс деп ойлаймын, – дейді Айдос Өмірәліұлы.

Ал заңгер Марғұлан Шыныбаев мұндай жайтқа көбінесе риэлторлар кінәлі деген пікірде.

– Халықаралық тәжірибе бойынша жылжымайтын мүлікті сату, жалға беру риэлтор арқылы жүзеге асады. Себебі ол – маман, оның сертификаты, лицензиясы болады, соған сай оның жауапкершілігі де бар. Яғни олар келісімшартта жазылған талаптардың бәрін орындауға міндетті. Ал біздің заңнамада риэлтордың құқықтық жағдайы белгіленбеген. Риэлтор мен оның қызметі туралы ешқандай заң жоқ. Яғни қазір нарық, жылжымайтын мүлікке қатысты ешқандай білімі жоқ бос жүрген адамның бәрі риэлтор бола алады. Риэлтор боламын деген ниет болса болды, барасың да өзіңе жарнама жа¬сайсың, сөйтіп жұмыс істей бересің.


Екіншіден, олардың бәрінде бірдей жауапкершілік бола бермейді. Негізі, олар үйдің тазалығына, қауіпсіздігіне жауап беруі керек, бізде олай емес. Шетелде осының барлығына риэлтор жауап береді, кейін бір жағдай болса, ол оның имиджіне, беделіне кері әсер етеді. Сондықтан елімізде риэлтор және оның қызметі туралы заң қабылдау керек деп ойлаймын. Одан соң айта кетерлігі, халықтың басым бөлігі құқықтық жағынан сауатсыз. Яғни заңды толық білмегендіктен, жем болып отыр. Жалпы пәтерді жалға аларда иесімен шарт жасасу керек. Сонда ешкім де ұтылмайды. Бұған арнайы белгіленген ережелер бар. Шарт болған жағдайда бір ай бұрын хабарлауы керек «босат» деп. Ал ол болмаған жағдайда Азаматтық кодекске сай 3 ай бұрын хабарлауы қажет. Шартты жайдан-жай бұза алмайды. Оның бірнеше ережесі бар. Біріншіден, жалға берген сомасын төлемесе, екіншіден, жалға берілген мүлікке зиян келтірілсе, үшіншіден, өзі пәтерді жалға алып отырып, онда тұрмай, өзге біреуге тұруға берсе, шартты бұзуға болады. Бұл жағын, өкінішке орай, көпшілігі ескере бермейді, – дейді заңгер.

Біз осы орайда халық тығыз қоныстанған ықшамаудандардағы пәтер бағаларына да зер салып көрген едік. Мұндағы 1-2 бөлмелі пәтерлердің құны көбіне 40-70 мыңның арасында екен. Қымбатшылықтың қарқынына қарасақ, пәтерақы енді бұдан әрі арзандамайтын сияқты. Әлбетте, өзге өңірлермен салыстырғанда тәуір дегенімізбен, бұл жанға жұбаныш бола алмайды. Өйткені Жамбылда жалақының аз екенін әрі дотациялық қамыттан шыға алмай жатқанын әркімнің іші білуде.
Жуырда Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі пәтерін жалға берушілердің бірыңғай базасы құрылатынын мәлімдеді. Соған сәйкес енді арнайы тізім жасалып, пәтер иелерінің салықтан жалтармауы қатаң қадағаланбақ. Ал бұл нарықтағы бағаға қаншалықты әсер ете алады? Оны уақыт көрсетеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.