Әлемде орын алған геосаяси жағдайлар еліміздегі ішкі нарыққа да салқынын тигізуде. Әсіресе көршілес Ресей мемлекетінде жарияланған әскери жұмылдырудан кейін елімізге ағылған шетелдіктердің саны бірден артқан. Соның салдарынан баспана жалдау бағасы 2-3 есеге шарықтап кетті.
Соңғы күндері жалдамалы пәтерінен қуылған азаматтардың, тұратын жер таба алмай көшеде жүрген студенттердің видеосы әлеуметтік желіні жиі шарлап кеткен болатын. Мұның басты себебі – пәтерақының қымбаттауы. Бұл жағдай Астана, Алматы секілді ірі қалаларда ушығып тұрған сыңайлы. Ал Жамбылдағы ахуал қалай? Осыған үңіліп көрсек…
Облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында: «Ресей азаматтары өздерімен көршілес мемлекеттерге қоныс аудара бастағаны баршамызға белгілі. Соның ішінде біздің де мемлекетке шекара асып келіп жатқан ресейліктер бар. Бүгінгі күнде жалпы Қазақстан Республикасының аумағына 98 мың адам өтсе, оның 64 мыңы елімізден қайта шығып кетті.
Соңғы күндері облысқа әртүрлі мәселелермен келген ресейліктер саны – 3226, ал шығып кеткендер – 3741. Бұл бойынша күнделікті мониторинг жасалуда. Сондай-ақ тұрғындар арасында шетелдіктердің келуі бойынша ішкі істер органдарын үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар ету қажеттілігі бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Аталған мәселе бойынша тұрғындар тарапынан наразылық тудырылған мәселелер жоқ. Облыста жалпы қоғамдық-саяи ахуал тұрақты бақылауда», – деген еді.
Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Тарих бесігінде тербетіліп қалыптасқан Ұлы Жібек жолындағы Тараз қаласы 2000 жылдан астам тарихы бар «Ұлы Дала елі» деп атанып жүрген қазіргі байтақ мемлекетіміздегі ең ежелгі шаһарлардың бірі екенін көпшілік жақсы біледі. Тараз қаласы да әлемдегі ұлы қалалар тағдырымен тамырлас. Ол мыңдаған жыл бойы талай тарихи оқиғалардың куәсі болды. Сол тарихы мол қалада тұрып, ұрпақтарымызды өсіріп, қызмет етіп, еңбегімізбен ел экономикасын арттыруға өз үлесімізді қосып жүргенімізді мақтаныш етеміз. «Тараз – рухани байлығымыздың алтын діңгегі» – деп көпшілік Таразға және оның тұрғындарына ерекше көңілмен қарап, сый-құрмет көрсетіп отыратындарына да куәміз. Тіпті, 2015 жылы елімізде кең көлемде аталып өткен Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының құрметіне ұйымдастырылған көптеген игілікті іс-шараларының соңғы акорд-нүктесі дәл осы Таразда қойылуының өзі көне шаһарға деген ел-жұртымыздың көңілін, құрметін білдіреді. Республикалық және жергілікті баспалар «Тотыдай таранған Тараз», «Көркіне көз тоятын Тараз», «Көне Тараз, жаңарған Тараз» деп мезгіл-мезгіл жарыса жазып жатады. Ол мақалалар мен суреттемелер қала тұрғындарының мақтаныш сезімін оятып, көңілін марқайтып, жүрекке жылулық орнатады.
Ежелгі Тараз өңірі өзінің сан ғасырлық інжу-маржан көне тарихымен, табиғи орналасқан жерінің ерекше көркімен, Алатау мен Қаратудың қойнауынан бастау алатын қаншама өзендердің суының мөлдір тазалығымен, саф ауасының кәусарлығымен көпшілікті сүйсіндіреді, тамсандырады. Қала тұрғындарына келсек басқа өңірлерден аса қонақжайлығымен, аңқылдаған ақ, кең пейілімен, таза да шынайы ой-пікірлерімен басқаларды тәнті етеді. Осындай көрікті, көкжелеңге көмкерілген қасиетті шаһарда тұрып, өмір кешіп жатқанымызды басым көпшілігіміз мақтан етеміз. Қай елде, қай қалада болмайық, ойымыздан Тараз шықпайды, түсімізге де Тараз кіреді. Бұл дегеніңіз өз қаламызға деген сүйіспеншілігімізден, махаббатымыздан болар, сірә.
Тарихқа көз салсақ, Тараз шаһарының тарихы өте терең және мол. Ол сол заманның ең сұлу қалаларының бірі болғанын бізге жеткен мәліметтерден білеміз. Қалада көз тартар зәулім ғимараттар, бау-саябақтар, су қауыздары мол болған. Олардың арасынан Чжичже сарайы алыстан көз тартады екен. Айша бибі, Қарахан, Тектұрмас әулие кесенелерімен қатар ежелгі тарихи қалашықтар мен қорғандар, қамалдар мен каналдар тек жамбылдықтардың ғана емес ұлтымыздың тарихи құндылығы десек қателеспейміз. Оны жанай пәленбай ғасырлар бойы күндіз-түні, қыс-жазы бір тынбай еркелей ағып жатқан Талас өзенін кім көрмеді, кім ат суғармады, ол неге, қандай тарихи оқиғаларға куә болмады десеңші? Тараз туралы көптеген ақындар мен ежелгі шайырларжыр жазып, сазгерлер ән шығарып, жазушылар мен жаһангер-ғалымдар естеліктер мен жолжазбалар қалдырды. Тіпті, шығыстың белгілі шайыры Фирдоуси тараздық сұлу да сымбатты, инабатты аруларын ерекше суреттеп: «Мөп мөлдір көздің қарасын Тараздан ғана табасың» деп тамсана жырламады ма?! Басқа да парсы тілді Рудаки, Омар Хаям, Низами сияқты көрнекті ақындар Тараз қаласының шырайлы көркін,оның көзтартаралық сәулеті мен әсем табиғатын өлеңдеріне арқау еткені жайлы деректер аз емес.Ия, біз сондай тарихы терең, қиялға қанат бітіретін ежелгі және кеінгі жылдары жаңарып жасарған киелі Тараз шаһарында тұрамыз.
Жыл өткен сайын қаламыз тоты құстай таранып, көркіне сән қоса түсуде. Тек соңғы он жылдың өзінде «Астана», «Бәйтерек», №15-ші ықшамаудандары, еліміздің тұңғыш Президенті атындағы саябақ, «Тараз-Арена» спорт сарайы іске қосылып, орталық мешіт ғимараты да ерекшеленіп, көз қуантады. Бауыржан Момышұлы атындағы Жеңіс және Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақтар реттеліп, әрлендіріп, көпшіліктің тынығатын көрікті аймақтарыына айналдырылды. Қала орталығындағы кезінде жөнді көңіл бөлінбей жаз айларында тосын су иістеніп, көлбақалар мекендеген, қамыс пен балдыр басып көкеріп кететін шағын өзен жағалауы да абаттандырылып, көгелдендіріп, қайықтар мен катамарандар жіберілді, көз тартар әсем көпірлер салынды. Қаламыздың орталық көше жағаларына тартымды бірнеше жаңа гүлзарлар пайда болып, жол жиектері әсем гүлдермен абаттандырылды.Қала орталығындағы «Достық» алаңы мен орталық көшелер 2011 жылы толық реконструкциядан өтіп, қаланың шығыс жағындағы кіре жолға көрікті қақпа-арка қойылып, шаһар келбеті замануи талаптарға сай қайта жаңғырды. Бірнеше субұрқақтар жөнделіп, гүлзарлар мен көше бойындағы жасыл желектер ретке келтірілді.
Көпшілік «Көк базар» деп атап кеткен қаланың сауда орталығындағы бей-берекет қызмет істеп жатқан базарлар басқа аймақтарға көшіріліп, онда бірер жыл археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, біраз құнды тарихи жәдігерлер табылды. «Көне Тараз» мұражайы мен Халық достығының жаңа сарайы іске қосылды. Халық «Шахристан» және «Арбат» деп атап кеткен мәдени орталықтар адам танымастай өзгерді. Тектұрмас аймағы, Талас өзенінің жағалауы абаттандырылып, туристік аймаққа айналдырылуда. Қаламызда бірнеше жаңа мектеп пен емдеу орындарының ғимараттары пайдалануға берілді. Шаһар көркін 2015 жылы өткен Қазақ хандығының 550 жылдық атаулы датасы қарсаңында жүргізілген іс-шаралар ерекше ажарландыра түсті. Хан Жәнібек пен Керейге, Төле биге, Балуан Шолаққа ескерткіштер мен еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне және «Біз біргеміз» манументтері орнатылды, бірнеше саябақтар ашылып, көшелер кеңейтіліп, жаңа асфальтпен көмкерілді, арықтар бетондалды, балалар мен жаңа шағын спорт алаңдары жасөспірімдерге қызмет етуде.
Қаланың бас жоспары бойынша алдағы жылдары 14-ші ықшамаудан бой көтереді, онда көрікті сәулетті үйлер тұрғызылады деген жанға жайлы мәлімет бар. Уақыт келе біздің тарихы тереңде жатқан Тараз өңірі белгілі туристік аймаққа айналдыру жайлы әңгіме әр дәрежеде қозғалуда. Иншалла! Бұның барлығы ризашылық сезімімізді қытықтап, бойымызды сергітіп, келешегімізге сеніммен қаратады. Лайым, біздің сүйікті Тараз қаламыз көріктеніп, өсіп, қанатын кеңге жайып, жасарып, құлпырып, жайнай бергей!
Байырғы қала тұрғыны ретінде қазіргі Тараздың сәулеті жайлы ойға түйген мәселелерді ой таразысынан өткізе келе көңілге кірбің кіргізіп, «әттеген-ай!» дегізетін кейбір жайты көпшілікпен бөліспек болып, қолыма қалам алдым.
Сырт көзге біздің қала жасыл тал-дараққа, көрікті желекке көмкеріліп тұрған, көшелері таза, саялы шаһар болып көрінуі заңдылық. Өйткені, қала климаты жанға жайлы, ауа-райы жылы Оңтүстікте, табиғаты бай аймақта орналасқан. Су да тапшы емес, қала көшелерін Талас өзенінен тармақталған бірнеше каналдар кесіп өтіп жатыр. Сол каналдардан бастау алатын сандаған арықтармен сылдырай аққан су көше бойындағы тал-теректерге нәр беріп, бойларына күш-қуат беруде. Олардың бәріне ризашылықпен хош дей келе енді қаламыздың қазіргі сәулеті мен бой көтеріп жатқан құрылыстардың сырт бейнелеріне, әсемдігіне зер салып, көңіл елегінен өткізіп көрелік.
Сәулет – құрылысты жобалау, салу, оған көркемдік бейне беру өнері, архитекторлық ғылымның әрі өнердің бір ендікте тоғысуы. Солардың барлығы бірігіп, қала келбетіне өң беріп, реңін ашып, заман талабына сай үйлесімін тауып жатса кәнеки, шіркін. Расын айтуымыз керек, соңғы жылдары біздің шаһардағы жаңадан салынып жатқан ғимараттар, шағын аудандар өзінің сәулеттілігімен еш көз тарпайды. Өкінішке орай, басым көпшілігі сүреңсіз, бұрынғы стереотиптен шықпай, ескі сүрлеу-ізден еш таймай жаңа құрылыстар бой көтеруде. Мысалы, осыдан бірер жыл бұрын құрылған «Астана», «Бәйтерек» ықшамаудандарының қазіргі келбетіне көз жүгірітіп көріңізші. Қызыға, сүйсіне қарайтын, көз тартар бірде-бір әсем ғимарат жоқ, ешбірі заман талабына сай емес. Одан кейінгі етек жайған 15-ші ықшамауданы да мәз емес, ығы-жығы салынған, базбір үйлерде балкон, лоджа деген тіптен жоқ. Лүп еткен желге шатырлары ұшып, жауын жауса тамшы ағатын сапасыз тұрғызылған үйлер аз емес. Үйлердің қазіргі архитектуралық сырт келбеті сонау ескі дәуірден келе жатқан «әйтеуір тезірекхалықты баспанамен қамтамасыз етсек болғаны, оның сапасы, сырт келбеті бізге еш қажет емес, ол үшін басымызды ауыртып қайтеміз» деген пікірден шықпай келе жатқанымыз өкінішті. Қала орталығындағы жаңадан салынып жатқан ғимараттардан да ешбір сәулет өнерін көріп отырған жоқпыз. Барлығы инкубатордан шыққан балапандай біркелкі. Кімнің қолынан не келеді, жапа-тармағай, еш жоспарсыз, ретсіз, «бос жатқан» жерлер» деп скверлер мен балалар ойнайтын алаңдарға жаппай-тармағай үйлер, дүкендер, шаштараздар және т.б. салынып жатқанын көрудеміз.Қазақ «Ауылына қарап азаматын таны» деп бекер айтты ма екен? Ендеше, неге заман талабына сай сырт келбеті көз тартатын, архитектуралық әсем, биік, 9-12 қабатты зәулім, әсем ғимарттар салмасқа? Біздің қала сәулетшілерінің қабілеті, біліктілігі, тіпті, қиял-ойлары, фантазиясы оған жетпей ме? Әлде біреулер олардың қолын байлап, негізгі істеріне кедергі жасап, аяқтарынан шалып отыр ма?Олар неге мына қатар жатқан Шымкент, Түркістан, Қызыорда қалаларының қазіргі сәулетіне көңіл аударып, сондай әсем, көрікті ғимараттар, үйлер құрылысын жоспарлап, құрылысшылармен бірігіп қала келбетін өзгертпеске? Оған бізде не жетпейді? Неге жауапкершілік тым төмендеп кетті? Басқа қатар жатқан қалалардың қазіргі келбеттерінің жағымды өзгерістерін көргенде, ішіміздің қыж-қыж қайнайытыны бар. Ол заңды да. Өйткені әркім өз қаласының, өз өңірінің патриоты. Тіпті, жай ғана «Күшігің жаман екен» деген сөздің өзі намысымызға тимей ме? Неге қала архитекторлары дәрменсіз, ойсыз?
Әр қаланың өсу, даму бас жоспары бар екені белгілі. Біздің Тараз қаласының бас жоспары бекітілгенде, комиссия мүшелері неге қала келбетіне көрік беретін ғимараттар салуды талап етпейді. Енді таяу жылдары жаңа 14-ші ықшамаудан автовокзал мен Талас өзені арасындағы алқапта бой көтереді деп жоспарланып отыр. Келешекте Талас өзеніне тоған-шлюз қойып, су бөгетін орнатып, өзен жағасын Астана, Өскемен, Семей, Павлодар қалаларындағы жағажайлар сияқты бетондап, гранит тастармен әрлеп, абаттандырып, қалақ халқы бір мезгіл серуен құратын, демалатын аймаққа айналдыруға кім кедергі болады? Тіпті, оған жаз айларында қайықтар мен су велосипедтерімен жүзетін айдын-бассейн жасауға да мүмкіншілік бар емес пе? Сонда жаздың апатап ыстығында демалушылар өзен жағасына барып, бір сергіп қалар еді (осыдан оншақты жыл бұрын пәленбай миллион қаржы жұмсалып, ойсыз, ақылсыз, негізсіз ашылған «Зербұлақ» су бассейіні бұл күндері кісі жиренетін, жөп-шалаң, балдыр басып, лас шалшыққа айналғанына куәміз). Қала желкесіндегі Тектұрмас аймағында біраз мәдени тірлік жасалды (субұрқақтар, текпішектер, ескерткіштер және с.с.). Бірақ жоспарланған іс соңына дейін аяқталмай қалды. Етегінде ағып жатқан өзен суын пайдаланып, сол тарихи сәулетті аймақты неге абаттандыруға, көкалдандыруға болмайды? «Қалауын тапсаң қар жанар» демейтін бе еді бабаларымыз. Ендеше, табиғат сыйы Талас өзенін қаламыздың сәлеті мен көркі үшін пайдалансақ несі артық? Тек, көпшіліктің қолдауы мен ниеті керек, басшылардың ынтасы, жөнді ниеті қажет. Өкініштісі, билік иелері ортасында құрылысшы-архитекторлар жоқтың қасы болғандықтан ба қала сәулетін жақсартуға аса ынта жоқ. Ойланатын мәселе…
Құдайдың құдіретіне мың алғыс. Тараз қаласы еліміздегі ең жасыл-желеңді шаһар екені белгілі. Өкінішке қарай, соңғы кезде жасыл ағаштарды орынсыз кесу, гүлзарлар мен скверлер орнына мейрамханалар, кафелер, қонақүйлер мен ТЖО-лар «қаптап» бара жатқаны көпшілікті қынжылтады. Келмеске келген кеңес заманында қаланың даму, өсу жоспары қатаң қадағалауда болатын. Ықшамаудандар арасында арнайы скверлер жасалып, көшелер арасында кең жолақтар қалдырылып, оларға тал-ағаштар егу дәстүр еді. Сыртқа шыққан адамның тынысы кеңейіп, тал-дарақтар қалаға көрік беріп тұратын. Қала ішіндегі каналдар мен арықтар мезгіл-мезгіл тазартылып, егілген жас ағаштар дер кезінде суғарылатын. Ал, қазір керісінше, қала ішіндегі жасыл желек көлемі азайып, қала «өкпесі» қысылып, тұншығып барады. Біле-білсек жасыл тал-дарақтар қала ауасын тазартып, шаң тозаңды азайтып, айқай-шуды басып тұратын қасиеті бар екенін неге естен шығарамыз? Жыл сайын қаншама миллиондаған қаржыға мыңдаған әртүрлі ағаштар, жас шыбықтар отырғызылады. Бірақ, соның біразы тамыр байламай, жаздың аптап ыстығына шыдай алмай кеуіп, құрғап қалатынын көріп жүрміз. Өйткені күтім өз дәрежесінде емес. Бейжалық, кереғарлық басым. Көше бойындағы базбір ғимараттар мен үйлер көпшілкке арналған тротуарды өз иелігіне айналдырып жібергені кім жауапты? Көптеген тойхана жанында автомашина тұрақтайтын орын жоқтықтан, негізгі көшені тарылытып, көше қимылына кедері жасап жатқаны тағы бар.
Кафе, тойхана дегеннен шығады, кейде біздің қаладағы негізгі кәсіп тамақ ішіп, тостаған босату ма деп қаласың. Тіпті, сырттан келен қонақтар әлгі тойхана мен мейрамханаларымыздың тым көптігін байқап, оларға кім бара береді деп сұрақ қоюы да орынды. Тек ортадағы бір Д.Қонаев көшесінің бойында әртүрлі формадағы ғимараттарда 15 кафе, тойхана, куәапхана мен сырахана бар екені жасырын емес. «Бизнеске жол ашық, қолдау бар» деп қаламыздың бизнесін тек тамақтандыру, ішімдік ішу ісіне бағыттап кеткеніміз артық емес пе екен? Ойланайықшы…
Қаламыздың төңірегіндегі табиғаттың берген жер релефін де тиімді пайдаланып жүрмегенімізді мойындауымыз керек. Мысалы, қаламыздың тау беткейіндегі Тектұрмас қыратына жасыл желек ағаштар отырғызып, демалыс аймағына айналдыруға неге болмайды? Жиегінде ағып жатқан Талас өзенінен су тартып (арнайы сорғыш-насостар қойып), кыратты көгеріштендіріп, жасыл ағаштар отырғызып, ұлттық тағамдармен, шұбат, қымыз сияқты сусындармен қарсы алатын тамақтандыру орнын ашып, сырттан келген қонақтарға қаламыздың келбетін биіктен тамашалауға мүмкіндік жасау қиын жұмыс па? Табандылық пен сұраныс неге төмен? Әкімдер мен оның төңірегіндегі билік иелері не, қандай ойда жүр? Әйтеуір уақыт өткеніне мәз болып, ешнәрсеге басын ауыртпай олардың жүре бергені дұрыс па? Ертең олардың қызметіне халық қандай баға береді? «Айтуға оңай» дейтіндер табылар. Шындап келгенде, қолға алсақ бәрі болады. Тағы әлгі біз айтқандай, құнт жоқ, ынта жоқ, ой-идея жоқ, ұмтылыс жоқ. Ия, айта берсек әңгіме мен іште қыжыл көп.
…Уақыт шіркін еш аялдамай алға жылжып, келер күндерге кедергісіз, батыл алға тартып барады. Уақыт көшінен қалмай, заман талаптарына сай қала көркі, қала сәулеті жаңарып, көркіне көрік қосып отырғанын кім болмасын қалайтын болар. Сондықтан да біз ойда жүрген біраз ой-пікірімізді ортаға салдық. Егер қосарыңыз болса, оныңызды ризашылықпен қабыл алуға дайынбыз.
Тараз қаласы
Құрбанәлі ШАХАБАЙ