Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көрсеткіштер көңіл көншітеді

0 2  037

Ақ халатты абзал жандардың арқасында соңғы күндерде қаламызда коронавируспен ауырғандар тіркелмеді. Бұл тараздық дәрігерлердің ерен еңбегі екені даусыз.

Бүгінде қала тұрғындарын денсаулығын жақсарту, кадр тапшылығын азайту мақсатында қазақстандық медициналық университеттерден 30 жас маман келіп еңбек етуде. Осылайша 10 000 тұрғынға шаққанда дәрігерлермен қамтамасыз ету деңгейі 29,5-ті құраған.
Өңіріміздің өткен күніне және бүгінгі нәтижесіне назар салсақ, дерт дендеген кезең болса да, демографиялық көрсеткіш көңілге қонымды. Атап айтсақ, табиғи өсім 3 пайызға, туу көрсеткіші 7,6 пайызға өскен. Нәрестелік өлім көрсеткіші төмендеп, 1000 тірі туған нәрестеге есептегенде 8,1 промильді құраған. Туберкулезбен болатын өлім-жітім көрсеткіші 30 пайызға, қан айналым жүйесінен аурушаңдық көрсеткіші 6,5 пайызға төмендеп отыр.
Халыққа сапалы, қолжетімді медициналық қызмет көрсету үшін материалдық-техникалық базаны нығайтуға жергілікті бюджет есебінен медициналық құрал-жабдықтар және медициналық мақсаттағы бұйымдарды алуға 2,2 миллиард теңге қаржы бөлініп, 144 дана медициналық құрал-жабдық және республикалық бюджет қаражаты есебінен 2,0 миллиард теңгеге 1 дана «Сызықты үдеткіш» сатып алынған. Осылайша медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету 88,1 пайызды құрап, 2,7 пайызға артқан. Сонымен қатар жерлес- терімізді жоғары білімді кадр етіп дайындау үшін С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің филиалы ашылып, жергілікті атқарушы органның гранты бойынша 32 студент білім алуда. Сондай-ақ 50 дәрігер резидентурада оқып жатыр.
Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде және жергілікті бюджет есебінен медициналық көмектің сапасы мен тиімділігін арттыру мақсатында, 2021 жылы қолға алынған 8 нысанға құрылыс және 6 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аталған нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталған.
Соңғы жылдары «Спайс», «Тұздар» сынды атаулармен белгілі болған есірткілік заттардың саны арта түсуде. Қауіпті өнімді тұтынушылардың ішінде, өкінішке қарай, Тараз тұрғындары да бар. Соған сәйкес, синтетикалық есірткілер мен құрамында спирті бар заттарды индикациялау үшін жаңа аппарат сатып алынып отыр. Сонымен қатар «Primary Health Care» Ұлттық қауымдастығымен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында №5 қалалық емханасында үздік практика орталықтары ашылып, бүгінгі таңда өз жұмыстарын жалғастыруда.
Осылайша өңір мен шаһар медицинасының әлеуеті артып, ұлт саулығы жолында мамандар аянбай тер төгуде.

Жұматай Көксубайұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.