Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көркем сөздің шебері

0 826

Жаратқан ие кісі жүрегіне сөз қасиетін қондырып, дарын сыйлаған соң, сол дарын нығметін халқына, өскелең ұрпағына, оқырманына қайтарар мұрсат та береді. Қызметін көрсетіп қалар уақыт бұйыртады. Сөз қасиеті қонған дарынның қай-қайсысы да сөз ғылымының отымен кіріп, күлімен шығып, әдебиет үшін бесік тербеткен аналардай түн ұйқысын төрт бөліп жүреді.

Бірінің шығармашылығында күлінен шоғы көп болса, екіншілерінің отынан күлі көп болып қынжылтады. Ол қаламгерге құдай берген таланттың мөлшеріне байланысты-ау. Біз сөз етейік деп отырған Рахым Айтбайұлы Садықбеков ағамыз – сөз ғылымын терең игерген, туған тілінің қадір-қасиетін санасына сіңіріп өскен, ғылымда да, көркем шығармалары арқылы да оқырманның, шәкірттерінің жүрегіне ұялата білген ғалым, қаламгер, жазушы. «Қаламгерді Алладан кейін шарықтататын – туған жері мен оның табиғаты, ауылы», – деп ағаның өзінің туып өскен ауылы туралы көсіле айтқан әңгімесінен кейін ойға қалдым. Ағайдың айтуынша, Үшаралды тап бір жердің жәннаты, жұмақтың төрі дерсің. «Міне, Үшарал! Алыстағы құм ішінде жұлдыз боп жанған қасиетті ауыл», – деп масаттана суреттейді ағай. Туған жерінің бар әсемдігін бойына шабыт еткен, ел-жұртының мейірімін жүрегіне қондырған, жазық даласының кеңдігін, жайлылығын мінезіне ұялатқан арманшыл бала КазГУ-дің филология факультетіне оқуға түседі. Қазақ әдебиетінің майталман білімпаздары – профессор, академик Т.Нұртазин, М.Балақаев, С.Кеңесбаев, З.Қабдоловтардың лекцияларын тамсана тыңдап, Мұхтар Әуезовтің дәрістерінен рухани нәр алады.

Университетті бітірген соң, жас маман үш-төрт жыл Жамбыл обком комсомолында бөлім меңгерушісі болып істейді. Жол сапарға жиі шығып, ел көреді, жер көреді. Өмір тәжірибесі молығады. Бұл кез шығармашылығының бірқалыпты қалыптасып, республикалық газет-журналдарда әңгіме, очерктері жарияланып, оқырманға таныла бастаған кезі еді. Осы орайда ұстазы, академик К.Ахановтың жетекшілігімен «Қазақ және кейбір түрік тілдеріндегі сөздердің көп мағыналылығы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Бұл екі арада Жамбыл қаласында пединститут ашылып, арнайы жолдамамен соған аға оқытушы болып келеді. Институттың психология каифедрасында аға оқытушы, кейіннен кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарады. Негізгі мамандығы қазақ тілі мен әдебиеті саласы болса да, психология пәнін терең игеріп, кәсіби маман ретінде үлкен беделге ие болады. «Сол кездегі студенттер, әсіресе орыс тобындағылар психология пәнінен Рахым Садықбековтің лекция оқуын өтініп, деканатқа талай барып едік», – деп еске алады шәкірттері. 1989 жылы институтта «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы ашылып, кафедра меңгерушілігіне Рахым Садықбеков тағайындалады. Кафедраның аяғынан нық тұрып кетуіне тәжірибелі ұстаз, білікті маман, есімі республикаға аян Қапаш Тасболатов ағамыз да атсалысып, қала, ауыл мектептерінен тәжірибелі мамандарды шақырта бастайды.

Қос білікті ағалардың сынынан өткен мен де кафедраға оқытушы болып қабылдандым. Бірақ сынақ жеңіл болмады. Жуалы ауданының орталығында орналасқан мектепте оқу ісінің меңгерушісі едім. Жамбыл және Шымкент облыстарының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің бірлескен екі күндік семинарын мен өз мектебімде ұйымдастырдым. Осы семинарға Қапаш аға мен Рахым аға екі күн бойы тапжылмай қатысып, жақсы пікірлерін айтып, мені жұмысқа шақырды. Сынақ мұнымен біткен жоқ. Облыста өтетін маңызды конференцияға баяндамамен шақыртты, бірнеше сабақтар бергізіп, студенттер алдында сыннан өткізді. Мен үшін бұл бір бақытты кездерім болды. Себебі КазГУ-де білім берген кісілігі мен кішілігі келіскен, сарабдал білімдерін бойына жинаған академик, профессор ағаларымның тәліміне сусап қалыппын. Осы екі ағаның бойынан сағынышыма айналған кемеңгер ұстаздарымның (З.Қабдолов, Т.Кәкішев, Т.Нұртазин, Б.Кенжебаев, Х.Сүйіншіәлиев, М.Жолдасбеков, Р.Нұрғалиев, К.Аханов, С.Кеңесбаев, М.Балақаев т.б.) қасиеттерін көргенде, мен үшін жаңа әлемнің есігі ашылғандай болды. Ыбырайша айтқанда, «қойға шапқан аш қасқырдай» сабақ беру мен қоғамдық жұмысқа, кафедраның ешқашан бітпейтін тіршілігіне кірісіп кеттік. Бұл қуанышқа жүзі мейірімге толы, жаны жайсаң, қамқоршыл, дауыс көтермейтін, ешкімнің көңіліне, намысына тимейтін, қандай бір қиын шаруа болмасын ебін таба, әзіл-қалжыңын араластыра отырып тындыратын кафедра меңгерушісі Рахым ағамыздың ақылды, жайлы мінезі қосылды. Жан-жақтан жиналған кафедра мүшелері үшін бұл бір естен кетпес тарихи кезең болды деп ойлаймын.
Рахым ағаның кафедраның жұмысын жүргізу тәсілі ешкімге ұқсамайды. Аз сөзбен саз сөйлейтін ағамыз пікір озықтығынан алдына жан салмайды. Алдына жан салса, баяғы ұстаздарын М.Әуезовті, Т.Амандосовты, З.Қабдоловтарды санап, бел тұтып, солардан мысал айтып, бізді терең ойға жүгіндіріп барып, баяғының абыз шешендерінше өзінің әдемі, қоңыр даусымен көсіле, төгілдіре жөнеледі. «Мақтану, лепіру деген таяздықтан, мардымсыздықтан, келешегі жоқ осал адамнан туады. Бармен қанағаттану – болымсыз адамның ісі. Институтта сабақ беру дәреже емес, алдыларыңда үлкен ғылым жолы тұр, оны игермей болмайды, бұл – ғылымның ортасы», – деп бізді ара-арасында жайлы мінезімен қамшылай отырып ой тастайды, ғылымға жетелейді. Ешкімнің ойына келмейтін байқаусыз нәрсенің өзінен әзіл-қалжың тауып айтып, ұжымды рахаттандыра күлдіріп, бір-біріне мейірлендіре түсіріп, нағыз көркем сөздің шебері екендігін көрсетіп отырады. Ағамыз Қапекең екеуінің қазақы, мәнді қалжыңдары бізді қатты қызықтырып әрі тәрбиелеп отырды. Сол алғашқы кафедраны құрған ұжым мүшелері күні бүгінге дейін бір-бірімізді сағынып, іздеп, бауырлардай құшақ жая көрісетініміз осы Рахым ағаның үлкен кісілігінен, ақылдылығынан, кішіпейілділігінен туған қасиет деп ойлаймын.

2000 жылдары Мекемтас Мырзахметов ағамыз кафедраға қызметке келіп, бағымыз одан да жана түсті. Бірін-бірі толықтырып отыратын жұлдыздары жарқыраған ағалар бізге қанат бітірді. Ұзын сөздің қысқасы, сол Рахым ағаның өзі таңдап, жинап, үмітін үкілеген мамандарынан 1 ғылым докторы, 9 ғылым кандидаты шықты. Бұл – айтуға, мақтануға тұрарлық еңбек әрі көрегендік. Ағаға алғысымыз шексіз. Таныс-тамырсыз, ешбір қоңыраусыз-ақ бізді жұмысқа қабылдап, көңілімізге қаяу түсірмей, қызметімізге адал болуды бойымызға сіңірген, жақсы ұстаз болуды үйретуде ағамыздың еселі еңбегі жатыр деп ойлаймын. Бәріміз де үйренуге құштар болдық. Имене басып, кезек-кезек Рахым ағайдың сабақтарына қатысамыз. «Әдебиет теориясы», «Абайтану және әуезовтану» пәндерінен дәріс оқиды. Ұстаздың лекторлық шеберлігінің кейбір сырларына тәнті болып, өз сабақтарымыздағы кемшіліктерімізді іздеп, бой түзейміз. Көркем әдебиет жайын айта ма, әдеби шығарма сырын таныта ма, әдеби процесс тереңіне тарта ма, аталған салалардың қай бабын барлағанда да лектор өз пікірін, теориялық толғамдарын логикалық тұрғыда дәлелдеп қана қоймай, ойын шәкірттерінің алдына жанды суретке айналдырып, сана мен сезімге қатар от береді. Студенттердің ақыл-ойын, түйсік-сезімін тұтас баурап алуының сыры ағайдың әдебиет есігін үлкен әдеппен, ұяң мінезбен, шынайы сезінумен, жұмсақ лебізбен ашуында болса керек. Біздің ағайдан үйренген тағы бір жақсы үлгіміз осы болды.

Ағай ғылым саласында ұстаздық және жазушылық қызметі аясында айтарлықтай үлкен табыстарға жетті. Жүзден аса ғылыми мақала жариялады. «Қазақ тіліндегі полисемиялы сөздер», «Сөз мағынасының сыры», «Абай мен Әуезов шығармаларындағы ой мен тілі үндестігі», «М.Әуезовтің көркемдік әлемі», «М.Әуезовтің шеберлік мектебі» деген монографиялары жарық көрді. М.Әуезовтің шығармашылығын, «Абай жолы» роман-эпопеясын жан-жақты талдауы Рахым ағайдың ұлы ұстазына деген айрықша құштарлығы мен құрметі деп түсінемін. Бұл қасиеті де бізге үлгі.

Ғылыми еңбек пен жазушылық өнер ұштасып қатар дамыды. «Көкжиек жақын», «Түн асқан жол», «Түн тылсымындағы сыр» повестері мен очерк, әңгімелер жинағы, «Студенттік күндер-ай» драмасы, үш томдық толық еңбектер жинағы, оның бер жағында республикалық, облыстық басылымдарда дүркін-дүркін шығып жататын әңгімелері – ағайдың нағыз қаламгер екенін танытатын қыры. Шығармаларының негізі – күнделікті өмірде кездесетін уақиғалар, ал кейіпкерлері – айналамызда жүрген қарапайым адамдар, әртүрлі тағдыр иелері. Әңгімелерін оқып отырып еріксіз рахаттана күлесің, жымиясың, көзіңе жас аласың, ойға шомасың. Осының бәрін алып келіп шешім шығарғанда, автордың шеберлігіне еріксіз таңданасың. Өте әдемі, жинақы, жайлы, риясыз шынайы шешім, еріксіз келісесің. Тірі сөзбен сурет сала білетін шебер кез келген оқырманды ынтық етеді. Шығарма бойында есіп тұратын жібек мінезі әдебиетті жаңа тани бастаған жастарды өзіне үйір етеді. Осыншама мол еңбектің нәтижесі өзінің лайықты бағасын да берді. Ағай бүгінде «Ерен еңбегі», «Ғылымға сіңірген еңбегі үшін» медальдерінің, «Ы.Алтынсарин», «ҚР білім беру ісінің үздігі» төсбелгілерінің иегері.

Ағай туралы сөз еткенде, нағыз қазақ әйеленің символындай болған жаны да, тәні де нәзік, сонымен қатар ішкі рухы күшті, ақылды, сабырлы Сағымкүл әпке туралы айтпай кетуге болмайды. Ағайдың өзі «Таңғы елес» әңгіме-элегиясында суреттеген «… таң шапағына шомылған сұлулықтың Тәңірісі, аққудың көгілдіріндей нәп-нәзік жаны, нәркес көздерін жапқан мол кірпіктің иесі» деген кейіпкері Сағымкүл әпке еді… Әттең, бір кем дүние-ай!

Өз басым жақсы ағалар мен жақсы ұстаздардың, берік достардың, біртуар тұлғалардың тәлімі мен тәрбиесін көп көрдім. Солардан жиғаным мен түйгенім көп болды. Солардың бірі де, бірегейі де сізсіз, Аға! Кемелді 80 жасыңыз құтты болсын! Бұл жасқа сіз үлкен құрметке бөленіп, адал, тәтті еңбекпен келдіңіз. Артыңызда тіреліп өзіңіздің шекпеніңізден шыққан бір топ әдебиетші ізбасарларыңыз, іні-қарындастарыңыз, шәкірттеріңіз шын қуанып құттықтап тұр. Әуелгіде есею мектебіңіз болса, бүгінде бүкіл өміріңіздің мән-мағынасына айналған институтыңызға, студенттеріңізге сіздің береріңіз әлі де көп.

Сейсегүл Исматова,
ТарМПУ «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының доценті, ф.ғ.к.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.