Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кәріз жүйесінің күрмеуі шешілер күн жақын

0 899

Талай жылдан бері көпшілік үшін көкейкесті мәселеге айналған өңірдегі шайынды сулардың жағдайы әлі реттелмей келеді. Тараз қаласынан шыққан қалдық сулар облыс орталығымен іргелес жатқан Жамбыл ауданының аумағына жайылуда. Оның қолқаны қапқан күлімсі иісінен бұл күнде жергілікті жұртшылық та зәрезап болған.

Мәселенің мәнісіне үңілсек, Тараз қаласының қалдық сулары Жамбыл ауданының Қостөбе елді мекенінің маңында орналасқан көлемі 197,07 гектарды құрайтын сүзгі алқабына төгіледі. Төгілген сулар тек табиғи жолмен, яғни жерге сіңу және буға айналу процестері бойынша ғана азайып отыруға жобаланған. Жаңа сүзу алаңдарын, яғни сарқынды суларды қабылдаудың қосалқы карталарын енгізу арқылы нысанның авариялық жай-күйін жою және іргелес аумақтарға сарқынды судың зиянды әсерін азайту жөнінде шаралар қабылдау қажеттілігі анықталған болатын.
Тараз қаласынан Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылына қарай ары-бері өткен жолаушылар бұл жағдайды жақсы біледі. Қаладағы кәріз жүйелерінің тозғандығынан екі ортадағы бірқатар ауыл тұрғындары зардап шегіп отыр. Бұл мәселені жергілікті жұртшылық та талай рет көтерген. Тіпті әкімдердің есеп беру жиындарында да бұл өңірдегі күрделі мәселелердің бірі ретінде жиі айтылатын. Міне, енді осы түйткілдің түйіні тарқатылатын күн де алыс емес. Айталық, қазіргі уақытта «Жамбыл су» мекемесімен қосымша карталар құрылысына 20 гектар жер теліміне мемлекеттік актісі алынды. Осы айтылған өзекті мәселені шешу үшін өңірдегі әлеуметтік шиеленісті жеңілдету мақсатында шұғыл түрде техногендік апаттағы төтенше жағдай аумағы ретінде қабылдап, апаттың алдын алуға іс-шаралар жүргізу қажеттігі туындап отыр. Осыған байланысты «Жамбыл су» мекемесі директорының 2022 жылдың 25 сәуірінде шығарған №29-в бұйрығына сәйкес сүзгі алқаптарында объектілік ауқымдағы төтенше жағдай жарияланған. Бүгінгі күні «Нур-Асад» ЖШС тарапынан жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге ұсынып отырған баға тиімді болуына байланысты қаланың төтенше резерві есебінен сүзгі алаңдарына қосымша 12 сүзгі карталарының құрылысына құжаттама әзірлеуге жалпы құны 15,7 миллион теңгеге келісімшарт жасалып, сараптама қорытындысы алынған. Жобаның жалпы құны – 265,9 миллион теңге. Қазіргі таңда карталардың құрылысы бойынша қазба жұмыстары басталып, қазан айының соңына таман аяқталады деп күтілуде екен.
– Мұндағы кәріз жүйелерінің құрылысы өткен ғасырдың елуінші жылдары басталған. Одан бері жетпіс жылдан астам уақыт өтті. Мәселе сол күйі қалып келген болатын. Тіпті бүгінде көптеген елді мекеннің тұрғындары пайдаланып отырған құдықтардағы су сапасы ешбір санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Бұл да тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіретін жайттың бірі. Сонымен қатар кәріз суларын тазалау қондырғысы еліміз бойынша Тараз қаласында ғана жоқ екен. Ал уақыт өткен сайын қаладан шыққан қалдық сулар Жамбыл ауданының аумағына жайылып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне кедергі келтіруде. Тіпті Жамбыл ауданына қарасты Бірлесу-Еңбек, Қостөбе, Өрнек, Ерназар, Тастөбе елді мекендерінде құдықтан алынған су сапасы ешбір санитарлық талапқа сәйкес келмейді. Сондай-ақ соңғы жылдары сүзгі алқаптың маңындағы ауыл шаруашылығына пайдаланып отырған жерлерде жерасты суларының деңгейі көтеріліп, батпаққа айналуда. Көптеген күткен осы мәселенің оң шешімін тапқанына қуаныштымыз. Бұқараның базынасы билікке жетті деген осы, – дейді аудан тұрғыны Индира Елеубаева.
Бұл мәселе биыл ғана көтеріліп отырған жоқ. Әулиеата өңірін басқарған әкімдердің бәрі де аталған жайдан хабардар болатын. Тіпті мәселені шешу үшін талай рет талпыныс та болған. Алайда жұртшылықтан сүйінші сұраудың сәті түспеген. Осы мәселеге байланысты өткен жиында да облыс әкімі Нұржан Нұржігітов аталған мәселенің маңызды екенін және алдағы уақытта шешілмесе, мұның ушыға түсетінін ескерткен. Тіпті ұзаққа созылатын құжат әзірлеу жұмыстарын күтпей, мәселені тез арада шешу жолдарын қарастыру керектігін де айтқан. Расында да, мұндайда құжат әзірлеу жұмыстарының көп уақыт алатыны белгілі. Енді жұмысты жеделдету үшін тиісті зерделеу жүргізілсе, бұл да көптен бері келе жатқан күрделі мәселені шешуге деген оң қадамның бірі болмақ.

Құрбанәлі АМАНКЕЛДІҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.