Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кәріз суларын тазарту кешенін салу бойынша алғашқы қадам

0 351

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен «Жамбыл су» мекемесінде кәріз суларын тазарту кешенінің құрылыс мәселесі бойынша арнайы кеңес өтті.

Қазіргі таңда Тараз қаласында кәріз суларын тазарту кешенін салу кезек күттірмейтін мәселеге айналып отырғаны белгілі. Соған байланысты Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкінің электрондық халықаралық конкурстық алаңында 2023 жылдың қараша айынан бастап кешеннің Консультантына конкурс өткен болатын. Соның нәтижесінде конкурстық негізде Австрияның «Hydrophil GmbH» компаниясы Қазақстанның «IRD және BDC» компанияларымен бірлесіп жеңімпаз деп танылды. Бүгінде аталған серіктестіктермен «Жамбыл су» мекемесі арасында келісім-шартқа қол қойылған. Кеңесші жобаны 50 ай бойы сүйемелдеп, мердігер үшін жобалы-сметалық құжаттаманы әзірлейді. Бұл жұмыстарды әзірлеу және бекіту 2024 жылдың қазан-қараша айларына жоспарланған.

Жиын барысында жеңімпаз компаниялардың өкілдері жобаның жүзеге асырылу барысына кеңінен тоқталды. Олардың сөзінше жобаның алғашқы кезеңінде компания ГРП құруға, мемлекеттік сатып алулар негізінде келісім-шарттар жасасуға, мердігерге сатып алу, ұсыныстарды бағалау, қаржылық құжаттарға сәйкес шарттарды сақтау және есептілікті ұсыну бойынша міндеттемелерді орындауға және экологиялық және әлеуметтік талаптарды іске асыруға жәрдемдеседі. Ал екінші кезеңде келісімшартты басқарып, құрылыс жұмыстарын техникалық қадағалауға ықпал етеді.

Шаһар басшысы да өз кезегінде бұл құрылыстың Тараз қаласы үшін маңызы зор екенін айрықша атап өтті.

– Бүгінгі күні кәріз сулары көршілес Жамбыл ауданында орналасқан 217 гектар аумақтағы сүзгі алаңдарына құйылуда. Аталған сүзгі алаңдары шамадан артық толғандықтан, Аса өзені мен жерасты суларының ластану қаупі бар. Сондықтан Тараз қаласының кәріз суларын тазарту кешенінің құрылысын салу бойынша Жол картасы әзірленді. Бүгін ауқымды жобаның алғашқы қадамы жасалды. Алдағы уақытта сіздермен бірлесе отырып құрылысты уақытында әрі сапалы аяқтаймыз деген ойдамыз, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.