Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Білім ордаларының құрылысы – басты назарда

0 372
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы ғана күн қалды. Осыған орай Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан мектептерді аралады.

Ең әуелі шаһар басшысы Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназияға барды. Бүгінде мектепте ішкі әрлеу, абаттандыру, жылу, электр, ауызсу желілерін жүргізу, қабырғаларды сейсмикалық күшейту, қасбетін бояу жұмыстары жүргізіліп, құрылыс-монтаждау жұмыстары 95 пайызға аяқталған. Білім ордасы жаңа оқу жылында шәкірттерді қабылдауға тас-түйін дайын болады.
Бұдан кейін қала әкімі №13 орта мектепке аялдады. Бұл білім ордасындағы жұмыстар 55 пайызға тәмамдалған. Қазіргі таңда шатырын, терезелерін ауыстыру, ішкі электр желілерін, сыртқы инженерлік, жылу жүйелерін жаңарту, абаттандыру, қасбетін бояу секілді жұмыстар жалғасын табуда.
Келесі кезекте шаһар басшысы №15 мектеп-гимназиядағы жапсарлас ғимараттың құрылысын көрді. Қазіргі уақытта ғимараттың есік-терезелері орнатылып, едендері төселіп, инженерлік-инфрақұрылымдық жүйелері толығымен тартылған.
Қала әкімі, сондай-ақ №27 орта мектепке де арнайы ат басын бұрды. Құрылыс жобасына сәйкес, оқу ордасында абаттандыру, инженерлік жүйені жаңғырту, өрт дабылы, сәулет-құрылыс бөлігі, терезелер мен қабырғаларды безендіру, сейсмикалық күшейту, қасбетін бояу, еденді ауыстыру, қабырғаларды оқшаулау жұмыстары қарастырылған. Құрылысты 2026 жылдың қараша айында аяқтау көзделіп отыр.
Әрі қарай шаһар басшысы күрделі жөндеуден өткен №25 орта мектепте жүргізілген жұмыстардың сапасына назар аударды. Жобаға сәйкес мұнда футбол алаңын монтаждау, қасбетін, қабырғаларды күшейту, электр, кәріз, су жүйелерін жаңарту, ішкі әрлеу, абаттандыру, есік-терезелерін жаңарту, өрт дабылын орнату секілді жұмыстар жүзеге асырылған. Жұмыстар 95 пайызға атқарылған мектеп жаңа оқу жылына толығымен дайын.
Сол секілді Б.Момышұлы атындағы №45 гимназияның қос корпусындағы құрылыс та толығымен аяқталған. Қазіргі таңда тек электр жүйесін іске қосу, абаттандыру жұмыстары ғана қалып тұр.
Бұған қоса шаһар басшысы №7 гимназияның жөндеу жұмыстарының барысына қанықты. Бүгінгі таңда мектепте кірпіш қалау жұмыстары аяқталып, сыртқы инженерлік жүйелер, ішкі әрлеу, мәжіліс залының шатырын ауыстыру, терезелер салу жұмыстары жүргізілуде.
Содан соң қала әкімі №54 орта мектептегі жөндеу жұмыстарымен танысты. Талай уақыттан бері тұрғындар тарапынан көтеріліп келе жатқан оқу ордасын жөндеу мәселесі назарға алынып, бүгінде жұмыс қарқынды жүруде. Жоба аясында мұнда инженерлік жүйелерді жаңғырту, бояу-әрлеу, қабырғаларды жылылау және қасбетін ауыстыру жұмыстары көзделген.
Білім ошақтарында жүріп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен жіті танысқан шаһар басшысы құрылыс қарқынын арттыру, жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімінде әрі сапалы аяқтау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.