Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Күрделі ота сәтті өтті

0 346

Тараз қалалық көпбейінді ауруханасы мен консультациялық-диагностикалық орталығының дәрігерлері мидың самай бөлігіндегі көлемді ісікті сәтті алып тастады.

Күрделі операция Жамбыл облысының 1963 жылы туған тұрғынына жасалды. Ол бірнеше ай бойы басының сол жақ бөлігінде ісік тәрізді томпайған өзгерісті, оң қолы мен аяғындағы әлсіздік пен тырыспаларды, сондай-ақ тоқтаусыз мазалаған бас ауруын байқаған.
Мамандар пациентке магниттік-резонанстық томография мен онкоскрининг жасап, өлшемі 6х6 см болатын, ми құрылымдарын қысқан әрі самай сүйегін де зақымдаған қауіпті ісікті анықтайды. Ол бас сүйегіне ғана емес, ми тіндеріне дейін өтіп, қан тамырларымен тығыз байланысып кеткен. Сондықтан, операцияны жасау аса қатерлі болып, кез келген сәтте қатты қан кету қаупі туындаған.
Нейрохирургтер Еркебұлан Меркібеков пен Болат Кеңшілік күрделі отаны екі кезеңге бөліп жасады. Алғашқы кезеңде олар аз инвазивті әдіспен сан артериясы арқылы миға жетіп, ісікті қоректендіріп тұрған қан тамырларын бітеп, операция кезіндегі қан кету қаупін барынша азайтқан.
Одан кейін нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Нұржан Айтимбетов пен нейрохирург Алмас Құралбаев негізгі операцияны өткізген. Ақ халатты абзал жандар самай сүйегін ашып, ісікті толық алып тастаған. Сондай-ақ қатты ми қабығына пластикалық түзету жасаған.
«Үш сағатқа созылған ота сәтті аяқталып, маңызды ми құрылымдары зақымданған жоқ, қан кету де аз болды. Операциядан кейін науқастың жағдайы тез жақсарды. Бас ауруы басылып, оң жақ қол-аяғындағы әлсіздік жойылып, өз бетінше қозғала бастады. Қазіргі таңда оның жағдайы тұрақты, ол амбулаторлық бақылаумен үйіне шығарылды», – дейді мамандар.
Айта кету керек, бұл күрделі операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында науқасқа тегін жасалды. Ал шұғыл жағдайларда мұндай оталар мемлекет кепілдігімен де ақысыз жүргізіледі.
Бұл жағдай өңірде жоғары технологиялық нейрохирургиялық көмектің қолжетімді екенін көрсетеді. Білікті мамандар мен заманауи медициналық құралдардың арқасында енді миға жасалатын аса күрделі оталар да жергілікті деңгейде жүзеге асырылуда.

Аман ЕСЕН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.