Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көп бала көсегемізді көгертеді

0 229

Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында жанары мейірімге тұнған көпбалалы аналардың мерейі өсіп, жаны нұрға, құшағы гүлге толды. Ана атаулы қандай құрметке болса да лайық. Осыған орай Тараз қаласында бірқатар көпбалалы аналар «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградасымен марапатталды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ, Суретті түсірген Ю.КИМ

Бүгінде шаһар бойынша 4344 көпбалалы отбасы бар екен. Оның 2504-і алтын, 1840-ы күміс алқа иегерлері. Мереке қарсаңында кезегін күтіп, қуанышқа кенелген тағы алтын құрсақты 6 ана алтыннан, 27 ана күмістен алқа тақты. Олардың қатарында ұстаз да, балабақша тәрбиешілері де бар. Аналардың дені 30 бен 34 жастың арасында.

Өз кезегінде Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай батыр аналарды мерекелерімен құттықтап, ұрпақ тәрбиесіне қосқан зор үлестерін ерлікке балады. Мерекелік жиында ыстық ықыласқа кенеліп, құшағы гүлге толған асыл аналар арнайы ілтипат білдірген жергілікті билік өкілдеріне ризашылықтарын білдірді.

– Мен қазақ халқының демографиялық ахуалына өз үлесімді қосып, жеті перзент тәрбиелеп отырмын. Үлкен балам 15 жаста болса, кішкентайым бір жарым жаста. 4 қыз, 3 ұлды дүниеге алып келіп, 32 жасымда Алланың қалауымен «Алтын алқа» иегері атанғанымды мақтан тұтамын, – деді Хамида Беласарова.
Ал «Күміс алқа» иегері Малика Көпбергенова болса 5 қыз, 1 ұлдың анасы.

– Әр перзент ана үшін қадірлі, қымбат. Жүрегінің жылуын төгіп, бала тәрбиесімен айналысып, бөбегін Қазақстан Республикасының саналы азаматы етіп өсіру әрбір отанасының міндеті деп білемін. Еліміздің дамып, өсіп, өркендеуіне үлес қосатын балалардың саналы да сауатты болуы үшін ананың көңілі хош болуы керек деп ойлаймын. Көпбалалы аналарды елеп, ескеріп осылай марапаттап отырған басшыларға алғысым шексіз, – деді Малика.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.