Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көпқабатты үйлердің көркі ашылып келеді

0 1  107

Тұрғын үй қорын жаңарту – халықтың өмір сүру деңгейін арттырудың маңызды міндеттерінің бірі. Осыған орай, облыс орталығында тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламалары жүзеге асырылуда. Бұл қатарда шаһар төріндегі Төле би даңғылы бойындағы 11 көпқабатты тұрғын үй де бар.

Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаилдың айтуынша, көне шаһардың шырайын одан әрі арттыру мақсатында тұрғын үйлерді жаңғыртуға ерекше ден қойылып отыр.
– Бүгінде 11 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттерін, шатырларын абаттандыру жұмастары қызу жүріп жатыр. Сонымен бірге балкондар бірыңғай сәулеттік стильде жабдықталатын болады. Аталған үйлердегі жұмыстар облыс орталығына бірыңғай сәулеттік келбет беру мақсатымен қолға алынды. Осыған орай, «Күмбез-Тас» ЖШС жобалық-сметалық құжаттама әзірлеген еді. Қазіргі таңда «Қаратау құрылыс 2030» ЖСШ-нің мердігерлігімен жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында атқарылатын болады. Айта кетейік жөндеу жұмыстары қаланы көріктендіру мақсатында жасалып жатқандықтан, тұрғындардың қалтасына ешқандай салмақ түспейді. Бүгінде құрылыс жұмыстарына 150 жұмысшы жұмылдырылып отыр. Сонымен бірге 8 арнайы техника жұмыс істеуде. Жалпы маусым айында басталған күрделі жөндеу жұмыстарын қыркүйек айында аяқтау жоспарланып отыр. Әрі 2025 жылғы жоспар бойынша «Тараз – киелі мекен» жобасы аясында облыс орталығындағы Абай, Әйтеке би, Қазыбек би көшелеріндегі 16 үйдің қасбеттерін абаттандыру жұмыстары жоспарлануда, – дейді Қайрат Абилханұлы.
Айта кетейік, бүгінгі күні қаланың тұрғын үй қорында 1 438 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның 151-і барак типтес болса, 1 287-сі екі және одан жоғары қабатты үйлер. Сондай-ақ шаһар аумағындағы 1 103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан. Оның ішінде 489 үй күрделі жөндеуден өткізілсе, қалған 614-ін алдағы уақытта жаңғырту жоспарлануда.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.