Қалалық қоғамдық-саяси газет

Күннен-күнге шуақ шашып құлпырған, Жайна, Тараз, әр тасына сыр тұнған!

0 340

Таразда «Анаға тағзым» орталығы ашылды

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Тараз қаласынан «Анаға тағзым» орталығы ашылды. Орталықтың мақсаты – Ұлы даланың ұлы аналары өткен ізгі жолды дәріптей отырып, жас ұрпаққа, оның ішінде қыз балаларға рухани-адамгершілік тұрғысында тәрбие беру.

Орталықтың алдына ақ жаулықты аналардың құрметіне еңселі ескерткіш орнатылған. Нысан жергілікті демеушілердің көмегімен салынып отыр. Ғимараттың ашылуына облыс әкімі Бердібек Машбекұлы, облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков, қала әкімі Ержан Жылқыбаев және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен ақ жаулықты аналар қатысты.
– Қандай заманда да абзал аналарымыз халықпен бірге, ерлеріне сүйеніш, тірек бола білген. Біздің тарихымызда беделді, елеулі ақ жаулықты аналарымыз аз болмаған. Айша бибі, Қыз Жібек, берісі Әлия мен Мәншүк секілді көптеген нәзікжандыларымыз ел өмірінде ойып тұрып орын алады. Небір қиын-қыстау кезеңдерде аналарымыз тек отбасының ұйытқысы болып қана қоймай, ауырлықты еңсеруге белсене араласты. Бабаларымыздан қалған «Әке ұлды тәрбиелейді, ана тұтас ұлтты тәрбиелейді» деген асыл сөз бар. Ана мен баланы қолдау, отбасылық құндылықтарды нығайту және дамыту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі. Осы орайда пайдалануға беріліп отырған «Анаға тағзым» орталығы, бір жағынан, сұлулық пен ізгіліктің бейнесі, екінші жағынан, тұтас еліміздің дамуына ұйытқы болар «Қазақтың анасы» деген атқа лайық, XXI ғасыр әйелінің қалыптасуына ықпал етеді деп ойлаймын. Бұл жер әйел-аналарымыз мен қыздарымыз үшін ұлтымыздың құндылықтарын дәріптей отырып, қазіргі заманның талабына сай қасиеттерді бойына сіңіретін басқосу алаңы болады деп есептеймін. Осындай нысан салып берген «АрайСтройМаркет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне үлкен алғысымды білдіремін, – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ аймақ басшысы көпбалалы, аз қамтылған аналардың мәселелеріне құлақ түріп, оларды шешу жолындағы орталықтың атқарар қызметіне тоқталды. Ұсыныс, ой-пікірлер де барынша ескерілмек. Қажет болған жағдайда жергілікті атқарушы орган өкілдері осында шақыртылып, қабылдаулар мен кездесулер ұйымдастырылады.
Шара барысында жиылған көпшілікке Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құнанбай» фильмінде Абайдай кемеңгердің асыл әжесі Зеренің рөлін сомдаған Нұрсифат Салықова ақ батасын беріп, орталықтың жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ шарада өз қаржысына ғимаратты тұрғызып берген кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты, «АрайСтройМаркет» ЖШС-нің директоры Арман Еділбаев сөз алып, ананың орны қашанда бөлек екенін, осындай орталықтың бүгінгі қоғамға керектігін айтты. Ашылу салтанатынан кейін «Анаға тағзым» орталығының жұмысымен аталмыш мекеменің директоры Эльмира Мырза-Ғали таныстырды.
Жалпы орталық 3 қабаттан тұрады. Үшінші қабаттағы «Алқа» салтанат залында Әулиеата топырағынан шыққан, тарихта аты қалған қазақтың қыздары, алыптарды дүниеге әкелген аяулы аналары мен қайраткер әйелдердің суреттері ілінген. Мультимедиалық құрылғылармен жабдықталған залда алқалы мәжілістер, конференциялар, салтанатты жиындар өткізіледі. Ал «Інжу-маржан» әдеби-музыкалық қонақжай залында қазақ поэзиясының өлең сөздің інжу-маржанын тізіп жүрген жамбылдық ақын қыздардың портреттері ілініп, шығармалары қойылған. Мұнда әдеби-музыкалық поэзия кештерін, жаңа кітаптың таныстырылымдарын жүйелі түрде өткізіп тұруға болады. Сондай-ақ осы қабатта «Сырғалым» сырласу клубы бар. Көне заманнан жеңге мен қайын сіңлі арасындағы сыйластықтың қыз тәрбиесіне ықпалы ерекше. Жеңгесі парасатты үйдің қызы ибалы мінезімен танылған. Анасына айтуға қаймығатын сырын жеңгесімен бөліскен қыз қателіктен қашық болады. Жеңгелер институтын жандандыру мақсатында арнайы бағдарлама жасалып, бойжетіп келе жатқан 13-18 жас аралығындағы қыз балаларға этнопедагогика, этнопсихология дәрістері оқытылады. Қыздардың гигиенасы бойынша кеңестер беріледі. «Ерке сылқым» хореографиялық залында негізінен қазақтың ұлттық биіне басымдық беріледі. Екінші қабатта «Қызғалдақ» ұлттық экотәрбие клубы орналасқан.
– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында гүл патшасы – қызғалдақтың маңызына ерекше тоқталады. Қызыл кітапқа енген Грейг, Кауфман қызғалдақтарының отаны – біздің өңіріміздегі Қаратау жоталары, Талас Алатауы саналады. «Қызғалдақ» атауын алған үйірмеде қыз балалар гүл өсіріп, баптауды, гүлден түрлі букеттер жасауды, гербарийлер дайындауды үйренеді. Сонымен қатар «обал, сауап, ұят» қағидасымен Жер-ананы құрметтеп, табиғатты аялауды ұрпақ бойына сіңіреміз. Экологиялық мәдениет пен тәрбие беру бағытында түрлі форматтағы дәрістер ұйымдастырылады. Сонымен қатар мұндағы «Сырлы әлем» бейнелеу өнері мектебі бар. Ал «Ана тілі» шешендік өнер мектебіне келер болсақ, өзінің туған тілін «ана тілі» деп атау тек қазақ халқына тән. Дүниеге шыр етіп түскенде, нәрестенің құлағына алғаш шалынатын – анасының үні. Сондықтан да қазақ «Ана сүті бой өсіреді, ана тілі ой өсіреді» дейді. Бұл сыныпта «Ел ертеңі – ертегі», «Мақал-мәтел – сөз мәйегі» деген бағдарламалар бойынша жасөспірім қыз балаларға арналған дидактикалық сабақтар өткізіледі. Сондай-ақ қазақ тілін дамыту, латын әліпбиімен жазу курстары ұйымдастырылады. Сонымен қатар «Қазына» ұлттық аспаптар сыныбында домбыра тартумен бірге соңғы жылдары қыздардың арасында аса қызығушылық артып келе жатқан жетіген аспабында ойнау да үйретіледі. Құлақтан кіріп, бойды алар бұл аспапта ойнау үшін 7-8 жастағы қыз балалар қабылданады. Жетігенде ойнау қыз баланың шығармашылық қабілетін дамытып, өнерге баулып қана қоймай, эмоционалды-психологиялық жағдайына әсер етіп, биязы мінездің қалыптасуына ықпал етеді, бойын да түзейді, – дейді мекеме директоры Эльмира Иниятқызы.
Сонымен қатар екінші қабатта «Ынтымақ» коворкинг залы орналасса, бірінші қабатта «Береке» аспаздық студиясы, «Бойтұмар» қолөнер және дизайн студиясы, «Мирас» ата дәстүр экспозициялық залы бар.
Салтанатты шара барысында республикалық байқаулардың лауреаты «Асыл ана» әжелер вокалды ансамблі «Домалақ ана» әнін орындады. Артынан көпбалалы отбасынан келген бүлдіршіннің тұсауын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кесті.
– Бүгінде көпбалалы аналардың мәселесі, қыз баланың тәрбиесіне қатысты мәселелер өзекті болып тұр. Мұндай орталықтың ашылып жатқандығы көңіл қуантады. Ең біріншіден, бұл ұлттық салт-дәстүріміз бен құндылықтарымызды дәріптеу, тәрбиені талбесіктен адам баласының бойына сіңіру. Көпке үлгі болған орталық тек Ақтөбе қаласында ғана бар болатын. Енді міне, өзіміздің де шаһарымыздан ашылуда. Орталықтың жұмысы жанданып, өскелең ұрпаққа берері мол болсын! – деді көпбалалы ана Сапура Ержанова.
«АрайСтройМаркет» ЖШС бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында сыйға тартқан үш қабатты ғимараттың барлық залы, дәлізі ұлттық нақышта безендірілген. Мұнда жас және көпбалалы аналар үшін түрлі курстар ұйымдастырылып, психологиялық және құқықтық тұрғыдан жан-жақты қолдаулар көрсетіледі.
Ендеше, «Анаға тағзым» орталығының ашылуымен тараздықтарды құттықтаймыз! Өміршеңдігі ұзақ болсын!

Тараз – Түркі өркениетінің тірегі

2000 жылдық тарихы бар Тараз қаласының туған күні қарсаңында өткен тағылымды шараның бірі «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде ұйымдастырылған «Тараз және Түркі өркениеті» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы болды. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары аясында шымылдығын түрген жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Халықаралық Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Архив ісі және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы және Түркия, АҚШ, Өзбекстан, Қырғызстан секілді алыс-жақын шет мемлекеттердің түрколог-ғалымдары қатысты.
Басқосудың пленарлық отырысында сөз алған Дархан Қыдырәлі Түркі халықтарының тарихындағы ірі оқиғалардың көпшілігі Тараз өңірінде болып, әлемдік тарихнаманың жаңа бетбұрысына айналғаны және түркі дүниесінің дамуына Тараздың қосқан елеулі үлесі туралы терең ой қозғап, ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың құттықтау хатын оқып берді. Сөз тізгінін жалғаған Бердібек Машбекұлы басқосудың мән-маңызына кеңірек тоқталды.
– Қазақ хандығының қазығы қағылып, өркениеттің бастауы болған Тараз топырағы қашанда киелі. Нұрсұлтан Әбішұлы атап өткендей, қазақ жерінде Жібек жолынан бері барлық карталарда келе жатқан екі қала бар. Бірі – Тараз қаласы, екіншісі – Жаркент. Елімізде ЮНЕСКО-ға енетін 11 объекті болса, соның 5-і Жамбыл облысында орналасқан. Осының өзі өлкеміздің тарихы терең екенін, күллі өркениеттің бастауы болғанын көрсетеді.
Конференцияның тақырыбы «Тараз және Түркі өркениеті» деп аталуы тегін емес. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы облысымызға іссапары барысында біздің Тараз қаласын Түркістан қаласына туристік серіктес ретінде қалыптастыру туралы ұсынысымызға, «Тарихы терең Тараз» атты мәдени бағдарламаға өз қолдауын білдірді. Бұл Тараз қаласының тәуелсіз Қазақстан тарихындағы дамуының жаңа кезеңі болады деп сенеміз.
Түркі халықтарына ортақ бұрыннан келе жатқан екі жазу бар екені белгілі. Оның бірі – Орхон-Енисей жазулары болса, екіншісі – Талас жазулары. Түркістан – ер түріктің бесігі болса, тарихы терең Тараз – Түркі өркениетінің ошағы, – деген аймақ басшысы конференция жұмысына табыс тіледі.
Бұдан кейін сөз алған Қуат Бораш пен Берік Әбдіғалиұлы қос өзен өркениеті, 893 жылғы Талас қырғыны, Ұлы Талас құрылтайы төңірегінде орамды ойларын ортаға салды. Шараға «Zoom» арқылы қосылған «Нара» ұлттық мәдени мұра мен ұлттық мәдени құндылықтарды зерттеу институтының зертханалық археология секциясының директоры, PhD докторы, жапониялық ғалым Садакатцу Кунитаке мен Қырғыз-Манас университетінің аға оқытушысы, түркология ғылымдарының PhD докторы Негизбек Шабданалиев түркі халықтары арасындағы байланысты одан әрі нығайтып, оларды ғылыми тұрғыда насихаттау керектігі жөнінде сөз қозғады.
Пленарлық отырысты қорытындылаған аймақ басшысы басқосуда ғалымдар тарапынан көтерілген барлық ой-пікірлер «Тарихы терең Тараз» атты мәдени бағдарламада назарға алынатынын жеткізді. Конференция жұмысы одан әрі 4 секцияда жалғасты.

«Ана мен бала» ескерткіші мейірімділікке үндейді

Шаһардың туған күніне орай көптеген нысандар ел игілігіне берілді. Соның бірі – «Таразға тарту» жобасы аясында ашылған «Мамыр» саябағындағы «Білім» аллеясы. Нысанның ашылуына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. Құны 30,0 миллион теңге тұратын аллеяға облыстық білім басқармасы тарапынан абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Бүгінгі күні мұнда 12 дана орындық, 10 жарық шамы қойылып, тас төсенділері төселіп, арка орнатылған. Нысан құрылысына М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен Халықаралық Тараз инновациялық институты демеушілік еткен. Аллеяны аралап көрген аймақ басшысы мұнда университет, колледж, мектеп білім алушыларының қатысуымен танымдық іс-шаралар өткізу қажеттігін айтты.
Жоба шеңберінде осы күні «Ана мен бала» сквері де тараздықтарды қуанышқа бөледі. «ТаразЭнергоОрталық» АҚ-ның қолдауымен ашылған сквер «Қант зауыты» алқабында орналасқан. Нысан адам танымастай кейіпке еніп, мұнда жаяу жүргіншілер жолы, 15 дана қоқыс жәшігі, 15 дана орындық, балаларға арналған, спорттық ойын және «workout» алаңшалары орнатылған. Сквердің ортасында менмұндалап тұрған ана мен баланың айшықты мүсіні де көрген жанды тамсандырмай қоймайды. Нысанның ашылуында сөз алған аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев көпшілікті мерекемен құттықтап, ізгі лебізін жолдады.
– Жамбыл облысы еліміздің басты мерекесі – Тәуелсіздік күнін тойлауға барынша атсалысуда. Осыған орай бірқатар өзекті мәселелер шешімін тауып, жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеріп, жұмыс орындары ашылуда. «Таразға тарту» жобасы аясында тұрғындар өздерінің туып-өскен қаласының дамуына өз үлестерін қосуда. Енді біз осы байлықты сақтауға және одан әрі арттыруға міндеттіміз. Бүгін ашылып отырған ескерткіш – аналарға жасалған құрметтің бір парасы. Аналар – ошақ қасы мен отбасылық құндылықтардың сақтаушысы. Біз үнемі жас ұрпақты қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын ұлықтауға, оларды бала кезінен үлкендерге құрметпен қарауға тәрбиелеуіміз керек, – деді облыс әкімі.
Мұндай көрікті демалыс орнының ашылғанына алқап тұрғындары дән риза.
– Бос уақытта бір мезгіл серуендейтін осындай нысанның ашылғанына қуаныштымын. Алқап тұрғындарының атынан облыс басшылығына ризашылығымды білдіргім келеді. Мұндағы тазалықтың сақталуын барынша қадағалайтын боламыз, – дейді еңбек ардагері Владимир Лещев.
Сонымен қатар мереке қарсаңында облыс орталығының Жамбыл даңғылы бойында «Aster Auto Шымкент» ЖШС жұмысын бастады. Серіктестік жаңа «Lada», «Renault» көліктерін және айдалған машиналарды сатылымға шығармақ. Қазіргі таңда өндіріс орнында 70 адам еңбек етуде.

Әлеуметтік дүкендердің саны артуда

Айтулы мерекеге орай «Арай-2» ықшамауданындағы Домалақ ана көшесінде орналасқан №5 үйдің маңынан әлеуметтік дүкен есігін айқара ашты.
– Мұндай нысандардың негізгі мақсаты – халық көп тұтынатын тауарлардың бағасын тұрақтандырып, жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдеріне қолдау көрсету. Бүгінде Тараз қаласында инфляция деңгейін тұрақтандыру шеңберінде әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауары бағаларының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында 4 жұмысшы топ құрылып, қызмет атқаруда. Олардың құрамына облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкерлері, қоғамдық кеңес мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары енді. Соның арқасында осы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бекітілген шекті мәні қаладағы ірі сауда дүкендері басшыларының назарына жеткізіліп, бағаны өсірмеу бойынша 8 меморандумға қол қойылды. Бұдан бөлек, қаланың 7 ірі сауда дүкенінде әлеуметтік бұрыштар ашылып, тұрақтандыру қорынан азық-түлік тауарлары жеткізіліп, нарық бағасынан төмен сатылуда. Жалпы қазіргі таңда шаһар аумағында 6 әлеуметтік павильон жұмыс істесе, тағы 100 шаршы метрді құрайтын 9 және 200 шаршы метрді құрайтын 1 павильон қолданысқа берілді. Сондай-ақ халық тығыз орналасқан «Қарасу» ықшамауданы №5 үйдің алдында, «Талас» ықшамауданы №3 үйдің алдында, Рысбек батыр және Рахимов көшелерінің қиылысындағы жатақхананың жанында, Байзақ батыр көшесі №170 үйдің алдында, Асқаров көшесі №278 үйдің қасбетінде, Төле би көшесі №7 және №3 үйлердің арасында, Тобыл көшесі бойындағы «Родничок» алқабында 7 жер телімі анықталып, «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на әлеуметтік дүңгіршектер салу туралы ұсыныс жіберілді. Олардың да игілігін көретін күн жақын, – деген аймақ басшысы дүкен сатушылары және тұтынушылармен тілдесіп, жұмыстарына табыс тіледі.
Құны 46 миллион теңгені құрайтын нысан 430 шаршы метрді алып жатыр. Сондай-ақ мұнда 19 түрлі тауар қолжетімді бағада саудаланбақ. Тауарларды жеткізу бойынша 4 кәсіпорын мен 10 шаруашылықпен келісім жасалған. Мұнда келген әрбір тұтынушы бірінші сортты ұнның келісін 125 теңгеден, картопты – 115, өсімдік майының 1 литрін 560 теңгеден ала алады.
Осындай нысанның бой көтергеніне тұрғындар да шексіз ризашылығын білдіруде.
– Бұрын мұндай дүкен көршілес орналасқан «Бәйтерек» ықшамауданында болатын. Енді осындай сауда орнының өзімізде де ашылғанына қуаныштымын, – дейді қала тұрғыны Гүлдара Насылханқызы.

Балаларға базарлық

Мерекелік күндер аясында Таразда қос бірдей теңдесі жоқ ойын алаңының ашылу рәсімі өтті. Олардың алғашқысы – «Жайлау» ықшамауданының Сейфуллин және Қонаев көшелерінің қиылысында орналасқан жас ұрпаққа және түрлі жастағы балаларға арналған жаңа, заманауи жабдықтармен жабдықталған жалпы ауданы 1500 шаршы метрді құрайтын кешенді балалар ойын алаңшасы. Мұнда гимнастика, спорт және ойын алаңдары, аттракциондар, әткеншектер, баланс бөренелері, алтыбақандар, сырғанақтар және 1 жастан 12 жасқа дейінгі қаланың жас тұрғындары үшін басқа да құрал-жабдықтар орнатылған. Сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар балалардың талаптары да ескеріліп, олар үшін арнайы ойын алаңдары орнатылып, бүкіл аумаққа зақымданудан сақтайтын резеңке жабын төселген. Нысанды «Таразға тарту» жобасы аясында «Сәби» қайырымдылық қоры барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, шаһарымызға сыйға тартты. Жобаның құны 44,5 миллион теңгеден асады. Осы орайда баса айта кетерлігі, «Сәби» қоры «Спорт – денсаулық – жетістіктер» бағдарламасы аясында 20 жыл ішінде Қазақстанның 14 өңірінде 48 спорт нысанын салып, жөндеуден өткізген. Қор жетекшілерінің айтуынша, алдағы уақытта жаңа алаңның маңында бос тұрған жерге дәл осындай ойын кешені бой көтеретін болады.
Келесі нысан «Арай-2» ықшамауданында бой көтеріп, ел игілігіне берілді. Бұл – облыс орталығының жасөспірімдері, жастары мен ересектеріне «Самұрық-Қазына» АҚ компаниясының «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының тартуы. Аумағы 1702 шаршы метрді алып жатқан жобаны аталған қор «Менің Елім» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырып отыр. Бұл қор Жамбыл облысы бойынша «Арай-2» және «Қаратау» ықшамаудандарында және Байзақ пен Қордай аудандарында дәл осындай 4 алаңшаны ашқан болатын.
Бұған футбол алаңы, көше тренажерлері және әткеншек, сырғанақ, құмдармен қамтылған балаларға арналған ойын алаңшалары кіреді. Орындықтар мен қоқыс жәшіктері де орнатылған.
– «Samruk-Kazyna Trust» қоры бізге үлкен қолдау көрсетіп келеді. Қормен бірлескен осындай алаңдарды орнату бойынша 4 жоба іске асырылды. Енді мұндағы балалар, әсіресе жазғы демалыс кезінде, уақыттарын қызықты өткізе алады. Тұрғындар алаңдағы жабдықтардың сақталуын қадағалап отыруы керек, – деді Бердібек Сапарбаев.
«Samruk-Kazyna Trust» қорының өкілдері алаңдар салауатты өмір салтын насихаттау және балалар бұқаралық спортын дамыту, қалалар мен елді мекен тұрғындарын заманауи спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында орнатылатындығын атап өтті.

Көптен күткен қоныс тойы

Мереке күні №15 ықшамауданда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтерген 45 пәтерлі 5 қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Салтанатты шараға арнайы қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев көпшілікті қоныс тойымен құттықтап, тұрғындарға пәтер кілттерін табыстады.
– Біздің елімізде қолжетімді баспана мәселесін шешуге ерекше назар аударылуда. Бұл – ішкі саясаттың басым бағыттарының бірі. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында облысымызда мыңдаған отбасы баспанамен қамтылды. Айталық, биыл 50 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланса, бүгінге дейін оның 32-сі пайдалануға берілді. Сондай-ақ өңірде тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселелерін тиімді шешу үшін «Асарлатып үй салу» жобасы да белсенді түрде жүзеге асырылуда. Жыл соңына дейін атымтай жомарт жандардың күшімен 138 үй салынса, оның 15-і Тараз қаласына тиесілі болмақ. Бұдан бөлек, осы ықшамауданда еңселі білім ордасы бой көтереді. Бүгінгі қоныс той иелерін қуаныштарымен құттықтаймын. Үйлеріңіз шаттыққа тола берсін! – деді аймақ басшысы.
Жобалық құны 442,405 миллион теңгені құрайтын нысанның құрылысын «Бином» ЖШС жүргізген. Ал көпбалалы ана Зәуре Жаңалақованың пәтер кезегінде тұрғанына 10 жыл болса, енді баспана кілтіне қол жеткізген кейуананың қуанышы қойнына сыймауда.
– Өз баспанамды армандағаныма 10 жылдан асты. Әлі де сене алар емеспін. Мен үшін бұл – өмірімдегі бақытты күндердің бірі. Әсіресе балаларым жаңа үйге көшетінімізді естіп, мәз-мейрам болып жатыр. Бұл үшін облыс басшылығына алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді ол.

Көңілге көктем орнатқан кеш

Қала күніне орайластырылған мерекелік шаралар легі «Баласағұн» орталық концерт залында өткен «Сүйікті қалам – Тараз!» атты мәдени-көпшілік кешпен түйінделді.
Ерекше әсерге бөлеген кешті облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, қала әкімі Ержан Жылқыбаев бастаған азаматтар тамашалады.
Шара барысында танымал эстрада жұлдыздары Маржан Арапбаева, Әбдіжаппар Әлқожа, Мирас Жүгінісов, Нұрболат Абдуллин және К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әртістері әсем әннен шашу шашса, бишілер мың бұрала би билеп, көңілге көктем орнатты.
Кеш соңында өнерпаздарға облыс әкімінің ықылас гүлі табысталды. Мерекелік шарадан Тараз тұрғындары мен қонақтары көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Талайды тамсандырған заманауи кешен
Осы аптада Таразда гимнастика және үстел теннисіне арналған спорт кешені пайдалануға берілді. Заманауи үлгідегі спорт нысанында тәулігіне 600 адам спортпен шұғылдануына жағдай жасалған. Құрылыс алаңы 4000 шаршы метр болса, көркем гимнастика және үстел теннисіне арналған екі залдың көлемі 2 460 метрді құрайды. Спорт кешенінің ашылу салтанатына барған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев нысанды аралап, жас спортшыларға табыс тіледі. Сондай-ақ құны 1,5 миллиард теңгені құраған кешеннің құрылысына демеушілік еткен «Тараз Строй – 2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мейірбек Жүнісовке Алғыс хат табыстады.
Сонымен екі қабаттан тұратын нысанның төменгі бөлігінде спорт залдары орналасса, жоғарыда шынығуға арналған бөлмелер қарастырылған.
Кешеннің ашылу салтанатында үстел теннисінен спорт ардагері Анатолий Гончаров, акробатика және батуттағы гимнастикадан спорт ардагері Ольга Назарова жамбылдық спортшылардың жетістігін айтып, үстел теннисі мен гимнастиканы шебер меңгерген талантты жастардың толқыны өсіп келе жатқанын мақтанышпен жеткізді. Иә, расында, облыс спортшылары былтыр түрлі республикалық және халықаралық байрақты бәсекелерде 697 медаль еншілеп, абыройымызды асқақтатқан. Сондай-ақ 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешені және 92 спорт алаңшасы ашылған. Ал биыл облыста 10 дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 62 спорт алаңшасының құрылысы жоспарланған. Бүгінде сол межелі міндетті жүзеге асыруға көп көңіл бөлінуде.
Айталық, бүгінде облыста үстел теннисімен кәсіби деңгейде айналысатын 640 спортшы болса, гимнастиканың акробатика, батуттық гимнастика және көркем гимнастика сынды түрлерін үйренуге бел буған жастар да аз емес. Кәсіпқой жастардың қатарында үстел теннисінің шебері, Dulaty университетінің студенті Айдос Мұқашев та бар.
– Үстел теннисімен айналысып жүргеніме бес жылдан асты. Осы уақыт аралығында ел чемпионаттарында олжалы болып, әлемдік додаларда бақ сынадық. Ол кезде «Тараз-Арена» спорт кешенінде жаттығатынбыз. Енді жаттықтырушылар мен спортшылар кең әрі халықаралық талаптарға сай заманауи үлгідегі спорт кешеніне келіп, қуанып қалды. Жеке бапкерім Кәрім Құдайбергенұлы да осында. Енді біз желтоқсан айында Бахрейнде өтетін Азия чемпионатына қызу дайындалудамыз. Сәтін салса, ел қоржынына олжа саламыз деп ойлаймын, – дейді спортшы.
Еліміз егемендік алған отыз жылдың ішінде сан салада ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетті. Жыл сайын спорт саласына мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлінуде. Бұған ел спортшыларының әлемдік ареналарда табысты өнер көрсетіп жатқаны дәлел. Енді Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ашылған спорт кешенінен ел мерейін үстем ететін, бабы келісіп, бағы жанған жастар шығады деген үміттеміз.

«Жамбыл-Тараз» тілшілер тобы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.