Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көненің көзін ұрпаққа аманаттаған

0 403

Музей – сан ғасырдың сырын бүккен құнды жәдігерлердің қоры. Соңғы жылдары көне шаһарда қазба жұмыстары қарқынды жүргізіліп, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Тараз қаласының қойнауынан археологтар талай бағалы дүниелерді тапты.

Сәндібек Піренов

Әсіресе, тәуелсіздік алғаннан кейін рухани байлығымыз саналатын деректер саны еселене түсті. Әрине, мұның бәрі сала мамандарының тындырымды тірліктерінің нәтижесі деп білеміз. Оның ішінде бүтінді бүлдірмей қазып алған археологтар мен қайта қалпына келтіру (реставрация) жұмыстарымен айналысатын мамандардың еңбегі ерекше.

Осы орайда «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қор жұмысына барып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстық. Аталмыш музейдің негізін қалаған ортағасырлық Қарахан мен Айша бибі, Дәуітбек кесенелері болса, қазіргі таңда қордың кеңеюіне ықпал еткен «Ежелгі Тараз» қалашығының шахристан бөлігі мен онда табылған құнды жәдігерлер болып отыр. Мұнда 2011 жылдан басталған археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде «Ашық аспан астындағы музей» ежелгі Тараз қаласының археологиялық саябағы құрылды. Сондай-ақ 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Көне Тараз» музейі ашылғаннан бастап дәл осы қалашықтан табылған жәдігерлерді есепке алу жұмыстары жүргізілген. Яғни әрбір жәдігерді қорғау мәселесі қаралған. Ондағы қызметкерлерден 4 500-ден астам құнды бұйымдарды сақтап отырған музей жайлы аз-кем ақпарат алып, шағын қалашықпен танысқан соң, музейдің бас қор сақтаушысы Әлия Оспанованы әңгімеге тарттық.

– Музей қорларын есепке алу – қор жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Яғни қор сақтаушының басты міндеті – музейдегі жәдігерлерді есепке алып қана қоймай, қорды толықтырып, зерттеу жұмыстарын жандандыру. Музейде көбіне қыштан, металдан, сүйек, шыны, тастан жасалған бұйымдар сақталған. Әрине, бұлардың ішінде қыш бұйымдары да бар. Қазба жұмыстары кезінде археологтар өзге жәдігерлерге ұқсамайтын ерекше бұйымдарды тапқан кездері де болды. Мысалы, амфора құмыра деп аталатын ортағасырлық ежелгі римдік стильдегі қолөнер туындысын жергілікті тұрғындар жасапты. Яғни бұдан аңғаратынымыз, «Ежелгі Тараз» қалашығынан Ұлы Жібек жолы өткендіктен, әлемнің түкпір-түкпірінен келген саудагерлер осындағы мәдениет пен сәулет өнерінің дамуына ықпал етті деген сөз. Бұл жәдігер шамамен X-XII ғасырға жатады. Ортағасырлық адамдар қыштан жасалған әр ыдыстың сыртына ішінде сақталатын затты шамамен бейнелеп отырған. Мәселен, осы аумақтан табылған амфора құмыраның сыртында толқынның суреті салыныпты. Бұл дегеніңіз ыдыстың ішінде сұйық заттар сақталған дегенге сайып келеді. Қыш бұйымдарының ерекшелігі температураны бірқалыпты сақтай алуында болса, ол кезеңдерде таптырмас ыдыстың бірі хұм құмыралары болған. Тура өткен айда сондай ыдыстың бірі «Төңкеріс» алқабынан табылған-ды. Ал амфора құмыраның хұм ыдыстардан ерекшелігі – көтеріп жүруге арналған екі ұстағышының болуында. Өкінішке орай, қазба жұмыстары кезінде амфора құмыраның бөліктері ғана табылды. Десе де, қайта қалпына келтіру жұмыстарымен айналысатын мамандардың көмегімен әу бастағы нобайын жасап шығардық, – дейді Әлия Мұратқызы.

Археология дегеннің өзі ежелгі дәуір мен орта ғасырдағы қоғамның даму кезеңін зерттейтін сала болған соң, қорық-музейдегі қызметкерлер қазба жұмыстарымен ғана айналысып қоймай, оны жан-жақты зерттеуге де араласады. Қазба жұмыстары кезінде көне заманның құнды бұйымдарын бүтін күйінде табу қиынға соғады. Дегенмен кәсіби археологтардың маңдай терімен бірқатар жәдігерлерді қаз-қалпында қазып алудың да сәті түскен. Ал бүтін күйінде табылмаған бұйымдарды қалпына келтіру зергердің жұмысынан да қиын. Бұл тұста реставратор Күмісбек Ауғанбаевтың еңбегін атап өтпеске болмайды. Күнделікті киім-кешек пен басқа да заттарды қалпына келтірудің өзін шеберлерге тапсырмасаң, өз бетіңмен бел сыбана кіріскеннің өзінде оң нәтиже көрсете алмайтының белгілі. Ал қолыңда бүтін бір мәдениеттің құнды жәдігері тұрғанда тіпті жүрексінеді екенсің.

Алдымен құнды бұйымдарды қалпына келтіруші Күмісбекпен бірге көптеген жәдігерлердің бөліктері сақталған қоймаға барып, жұмыстардың барысымен таныстық. Осыдан кейін реставратордың нұсқауымен аумақтан табылған ортағасырлық ыдысты (кесе) қалпына келтіріп көрмекке бекіндім. Әрине, бірінші кезекте Күмісбектің қалпына келтіру кезінде басшылыққа алатын қағидаларымен мұқият таныстым. Жұмысты бастамас бұрын әуелі көне ыдысты сумен жуып алдық. Бірақ кесенің бетіндегі ақ дақтарды сумен жуғанда кетпейтініне көзіміз жеткен соң, тұздықтарын спиртпен сүрттік. Тазартқаннан кейін жұмыс үстеліне ыдыстың сынған бөліктерін ретімен қойдық. Осыдан кейін қолымызға кішкене щетка алып, алдымен жапсыратын бөліктерді сүртіп, кішкентай ғана щетканы желімге малып, қалпына келтіру жұмыстарына кірістік. Бір қарағанда, оңай көрінетін жұмысты қолмен істегенде, маңдай теріміз бұрқ ете қалды. Қайта бағымызға орай, біз қалпына келтірген кесенің барлық бөлігі сақталған. Мамандардың айтуынша, қазба жұмыстары кезінде бұйымдардың кейбір бөліктері тіпті табылмайды екен. Оны да көзімізбен көрдік. Мәселен, Күмісбек көрсеткен ортағасырлық құмыраның бір бөлігі гипс-пен толықтырылған. Қалпына келтіру жұмыстарында мамандарға үлкен салмақ салатын да – осы жұмыстар. Себебі ескі дүниенің түсі мен пішімін ойдағыдай шығару – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Мұнда дәл осындай гипспен толықтырылған ескі шырағдандар да аз емес. Оны жасау үшін алдымен сол бөліктің нобайын жасау керек. Әсіресе, орта ғасырда бай манаптардың ғана үйінде ілінген төрт пілтелі аспалы шырағданды ретке келтіру аз уақыт алмаған. Себебі оның бояуы да ерекше. Кезінде шыныны ерітіп бояу шығару арқылы жасалған бұйымдардың түсін дәлме-дәл келтіруге аз уақыт кетпейді. Орта ғасырда шынының құны алтынның құнымен тең болған деседі. Осыған қарап, сол кездің өзінде ғалымдардың химияға жақын болғанын аңғаруға болады. Өткен ғасыр жәдігерлерінің шығу тарихы мен құрамын мұндағы қызметкерлердің көбісі бес саусағындай біледі. Олар ескі дүниені қалпына келтіру, археологиялық және қор сақтау жұмыстарымен ә дегенде айналысып кеткен жоқ. Тіпті бізбен бірге жұмыс істеген Күмісбектің де музей экспонаттарын қалпына келтірумен айналысып жүргеніне бар болғаны бір жыл толды.

– Ескіні жаңартып, қайта қалпына келтіру жұмыстарын еркін меңгеріп кету оңай шаруа емес. Осыған дейін Жамбыл облыстық қазақ драма театрында қоюшы суретші қызметін атқардым. Сондай-ақ әртістердің барлық бұйымдары мен сахнаны әрлеу жұмыстарымен айналыстым. Қысқасы, негізгі мамандығым сәндік қолданбалы өнер болған соң, театрда жұмыс істеп, біраз тәжірибе жинадым. Сосын археология саласына қызығушылығым оянып, шеберлігімді шыңдау үшін жұмысқа бел сыбана кірісуге бекіндім. Қазірдің өзінде бірқатар жәдігерлерді жаңартып, көрмелерге шығардық. Бірақ алдағы уақытта қалпына келтіретін бұйымдар аз емес. Себебі Тараз шаһарынан өткен дәуірдің тарихын танып білуге ықпал ететін жәдігерлердің табылатынына сеніміміз мол, – дейді Күмісбек Ауғанбаев.
Қорық-музейдегі реставратордың жұмыстарымен танысқан соң, ортағасырлық моншадан табылған бағалы жәдігерлерді қолмен ұстап, қысқаша тарихы жайлы да аз-кем ақпарат алдық. Осыған дейін ескі моншаның маңынан осыған дейін соғды үлгісіндегі екі құмыра толығымен, ал үшінші құмыраның мойын бөлігі ғана табылған. Адам пішіндес бұл жәдігердің төменгі бөлігінде тағы 12 адамның сұлбасы бейнеленген. Ғалымдардың айтуынша, VII-VIII ғасырға жататын құмыра ислам діні пайда болғанға дейін жасалған. Ал ондағы 12 адамның бейнесіне қарап, сол кезеңдерде жыл санау болған деген тоқтамға келген. Осы аумақтан табылған тағы бір жәдігер – сынап көзе (сфероконус). Ертеде ғалымдар сынаптың зиян екенін біліп, сынап көзені жіпке байлап, жоғары іліп қойған. Оны ортағасырлық адамдар әйелдердің иіссулары мен сұйық дәрілік заттарды сақтау үшін пайдаланыпты.

Қорық-музей ортағасырлық қалашықта қазба жұмыстарын жүйелі жүргізетін шебер археологтарға әлі де болса тапшы. Музей қызметкерлерінің айтуынша, «Ежелгі Тараз» қалашығының орнын зерттеу жұмыстары алдағы уақытта жалғасын табады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.