Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Көне шаһармен мақтанатын күнге жеттік»

0 372

Жаңабай Миллионов,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Тараз – біздің ат жалын тартып мініп, есеюге бет алған шағымызда еңбекке араласқан құтты мекеніміз. Журналистік ұзақ жолға осы қасиетті тарихи қалада сапарға шықтық. Бұрынғы «Еңбек туы», қазіргі «Aq jol»-да  қазақ айта беретін «қайран жиырма бестің» қайнаған ортасында шығармашылық ортада шыңдалдық. Сол үшін де
бізге Таразымыз қымбат, Таразымыз тартымды.

Тараздың сан ғасырлық тарихы сан қырлы. Ол тарихқа тереңдемей-ақ қояйық. Өзім біте қайнасқан соңғы елу жылдың көлемінде сүйікті қаламыз өсу үстінде. Әрине, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, өтпелі кезең деп ат қойған аласапыран заманда біраз тоқыраудың болғанын көзіміз көрді. Дегенмен бүгінде Таразымыз тотыдайын таранып, күн өткен сайын сәніне сән қосылып, құлпырып келеді. Әсіресе соңғы төрт-бес жылдың көлемінде шаһарда салынып жатқан жаңа құрылыстардан көз сүрінеді. Көз алдымызда он үшінші, он бесінші ықшам аудандар бой көтерді. Жаңадан әлеуметтік нысандар көптеп салынып, қала тұрғындарының игілігіне берілуде. Қаланың тарихи орындары қайта қалпына келтірілуде. «Тектұрмас», «Шахристан», «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешендері мен «Арбат» демалыс орны аз уақытта қала қонақтары мен тұрғындарының көзайымына айналды. Саябақтар мен гүлзарлар қайта жаңғырды. Б.Момышұлы, Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақтар бүтіндей қайта құрылымдалды. Айта берсе, қаламыздың көркіне көрік беріп тұрған жаңа демалыс орындары аз емес. Тек қана биыл қолға алынып, жақсы жалғасын тауып жатқан «Таразға тарту» жобасының өзі неге тұрады!?
Осының бәрі – біздің игілігіміз, болашақ ұрпақтың игілігі. Жасарып, жаңарып жатқан Тараз қаласының тұрғыны болғанымыз үшін мақтанамыз. Сырттан келген кез келген қонағымызға «Біздерде мынадай бар, мынадай бар…» деп мақтанышпен көрсете аламыз. Түрленіп, жасай берсін, біздің туған қаламыз!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.