Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Көне шаһарды көркейткен 14 әкім

0 307

Екі мың жылдан астам тарихы бар көне Тараз шаһарының Тәуелсіздіктің 34 жылында 14 әкім басқарған. Әр басшы облыс орталығын дамыту үшін өз арманымен, жоспарымен және мақсатымен келгені анық. Алайда атқамінерлердің ел есінде, жұрт жадында қандай еңбектері қалды? Қала күні мерекесі қарсаңында осыған тоқталғанды жөн көрдік.

Тәуелсіздіктің туын көкке көтеріп, азаттықтың ақ таңы атқан күннен бастап ел экономикасын көтеру, жаңа жоспар құру, тіпті ел басқару оңайға соқпағаны белгілі. 1992 жылдың ақпан айында шаһар тізгінін ұстаған Алдияр Түсіпов 1995 жылдың қазан айына дейінін өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарды.
– Тәуелсіздік алған жылдары алдымызға нақты жоспар құрып, ел басқаруда мақсатымызды айқындап алдық. Елбасының саясатының арқасында қиын-қыстау уақыттан да өттік. Ол кезде бюджетте ақша жоқ. Дәрігерлер мен педагогтардың айлығын төлеу үшін базарда инспекторлар мен сала мамандары салықты бір будкада жинайтын. Түскен ақшаны үйлестіріп, айлық ретінде беретінбіз. Сондай-ақ ол кезде Ы.Сүлейменов көшесін толықтай асфальттадық. Одан бөлек, «Қант зауытындағы» 6 көшені жөндеуден өткіздік. Сол кездегі жұмыстың сапалы болғаны соншалық, бүгінге дейін бұл көшелер сол қалпында тұр. Қаланың тазалығы басты орында еді. Жалпы өзім әкім болған тұста арымды таза ұстап, халыққа абыроймен қызмет етуді парызым деп білдім, – дейді Алдияр Әлиасқарұлы.
Ал 1995 жылдың қазан айынан 1998 жылдың қаңтар айына дейін қаланы Болат Жылқышиев басқарса, кейін бір жылдан астам уақыт Сейіт Сартбаев қала әкімі болды. Ал шаһар тарихында қаланы ең ұзақ басқарған Болат Сауранбаев 1999-2005 жылдары ел үшін аянбай тер төкті.
Жеті жылдан кейін қаланың бесінші әкімі болып Ілияс Тортаев келді. 2005-2009 жылдар аралығында басшылық еткен Ілияс Әлімұлы басқарған тұста шаһар 2000 жылдық торқалы тойын тойлады.
– «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, Қазақстанның ең ежелгі қаласы Тараздың 2000 жылдығын мерекелеу туралы дүниежүзілік құзырлы ұйым ЮНЕСКО арнайы қаулы қабылдағаннан кейін республика үкіметі мен облыс әкімі дайындық шараларына қызу кірісіп кетті. Осы мерекені өткізу үшін республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді. Тойды халықаралық дәрежеде өткізуге әзірлік барысын тексеру үшін сол кездегі мемлекеттік хатшы Ә.Кекілбаев, Премьер-министрдің орынбасары И.Тасмағамбетов облысымызға келіп, жағдаймен танысып қайтты. Тараз қаласында жолды тегістеу, көшелерде түнде электр жарығын жандыру, бітпеген бес тұрғын үйдің құрылысын аяқтау, Жастар сарайын салу, орталық стадионды, «Дельфин» жүзу бассейнін, «Баласағұн» концерт залын, облыстық драма театр ғимаратын заман талабына сай қайта күрделі жөндеу, №18 және №50 мектептердің аумағын ұлғайту сынды шаралар қызу қолға алынды. 2000 жылдық мерейтой қарсаңында «Тектұрмас» кесенесі ашылды. Сондай-ақ М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Тараз: мыңжылдықтар және өркениет сұхбаты» деген тақырып бойынша халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізілді. Конференцияда ЮНЕСКО Бас хатшысының мәдениет жөніндегі орынбасары Мунир Бушинакидің құттықтауы оқылды. Конференцияға Білім және ғылым министрі Ш.Беркімбаева, Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі М.Құл-Мұхаммед, Ұлттық Ғылым академиясының президенті С.Дәукеев, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ә.Дербісәлі, Үндістан Республикасының Қазақстандағы төтенше және толық өкілетті елшісі Видиа Сагар Верма, Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы төтенше және толық өкілетті елшісі Н.Сафари, Алматыдағы «Нұр-Мүбәрәк» ислам университетінің ректоры М.Хиджази, франциялық профессор, Қазақстан Президентінің «Бейбітшілік және рухани келісім үшін» сыйлығының иегері А.Фишлер, Қытай, Бельгия, Италия, АҚШ, Әзірбайжан, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің ғалымдары қатысып, Тараз тарихына қатысты көптеген деректерді жариялады. Әлбетте, бұл халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда той иелері – қазақстандық ғалымдар жасаған баяндамалардың шоқтығы биік болды. Конференция материалдары жеке жинақ болып жарық көрді. Мерекелік негізгі іс-шаралары қыркүйектің 25-26 күндері өткізілді. Қыркүйектің 25-і күні облыс әкімі С.Үмбетов мерейтойға алыс-жақын шетелдерден және Астана мен Алматыдан келген қазақстандық журналистер үшін баспасөз конференциясын өткізді. Сол күні «Тараз-2000» естелік пошта маркаларының тұсаукесері болды. Дүниежүзілік деңгейде өткізілген Тараз мерейтойы ең ежелгі қаламыз қазақ тарихының алтын діңгегі екенін, тамырлары тым тереңде жатқанын танытты, – дейді Ілияс Әлімұлы.
Сонымен қатар Ілияс Тортаевтың тұсында «Тараз – жасыл желекті қала» деген статусқа ие болған. 2008 жылы Тараз шаһарын жасыл қалаға айналдыру үшін 81 миллион 102 мың теңге бөлінсе, 2009 жылы бұл қаржы 98 миллион 300 мың теңгеге өскен. Нәтижесінде қалаға мыңдаған тал-дарақ пен гүлдер егіліп, ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақ көркейтілді.
Тортаевтан кейін 11 жыл әкімнің орынбасары болған Ертарғын Астаев көп ұзамай Тараздың тізгінін ұстады. Бір қызығы, баратын жеріне сәл де болса ертерек жетейін дейді ме, Ертарғын Кәкімбекұлы қызметтік көлігінің көбіне алдына отыратын болған. Әкімге осы ерекше қасиетінің пайдасы тиіп, кешкісін жұмысынан үйіне қайтып бара жатқан «Мамыр» саябағының темір қоршауларын бұзып алып бара жатқан ұрыларды байқап қалып, дереу полицияға хабар беріп, олар жеткенше ұрылардың бірін өз қолымен ұстап, жолын бөгегенін барлық ақпарат құралдары жарыса жазды. Бұл, әрине, қала әкімінің мемлекеттің әрбір затына жанашырлықпен қарайтынын байқатса керек. Осылайша шаһарды бір жылға жуық басқарған Астаев қырағылығымен ел есінде қалды.
Ал 2010-2013 жылдар аралығында шаһар басшысы болып тағайындалған Бекболат Орынбековтің тұсында қала жаңа кейіпке енді. Шаһарға бұрын-соңды болмаған инвесторлар ағылып, «Бәйтерек» шағынауданы бой көтерді. Сондай-ақ кеңестік кезеңде Одаққа танымал болған жүн түту фабрикасының жұмысы қайта жанданып, үш облысқа ортақ Қан орталығы салынып, аула клубтары көбейіп, «Һибатулла Тарази» мешітінің жанынан үлкен медресе ашылды. Сондай-ақ бұл тұста қаланың көшелерін жөндеп, қала ішіндегі базарларды сыртқа көшіру мәселелері күн тәртібінде тұрды. Жоспар бойынша барлық жұмыстар жүйесін тауып, Орынбеков те өзінен кейінгілерге үлгі болар іс қалдырды.
2013 жылдың желтоқсан айында қала әкімі болып Нұржан Календеров келді. Бұл жылы әкімдердің халық алдында есеп беруін міндеттейтін қаулыға қол қойылған еді. Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойына атқарған жұмыстарына есеп беру үшін әр округтің тұрғындарымен кездесіп, олардың талабын тыңдайтын. Нұржан Календеров те 11 аумақтың тұрғындарымен кездесіп, халыққа жақындай түсті. 2013-2017 жылдар аралығында шаһарды басқарған Нұржан Сәбитұлы Қазақ хандығының 550 жылдығын жоғары деңгейде өткізуімен көптің есінде қалды.
– 2015 жыл Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын атап өтумен ерекшеленді. Бұл 550 жыл бұрын Жайсан шатқалында Жәнібек пен Керей хандар қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаған жамбылдықтарға ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды оқиға болды. 2000 жылдық тарихы бар қалаға мыңдаған қонақ, Қазақстанның түкпір-түкпірінен, қиыр және таяу шетелден бірнеше жүздеген әртіс келді. Мерейтойдың негізгі салтанатты шараларының бірі – Тараздың батысындағы кіреберісте «Қазақ хандығының 550 жылдығы» атты 30 метрлік ескерткіштің ашылуы болды. Оның құрылысына мемлекеттік қазынадан 501 миллион теңге жұмсалды. Тараздың орталығында киіз үй қалашығы, аттракциондар мен халықтық-қолданбалы шығармашылық заттары қойылған көрме ашылды. Таразда көне қалашықтың археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп отырған бұрынғы орталық базардың орнында құны 1,23 миллиард теңгені құраған «Көне Тараз» археологиялық паркі ашылды. Оның құрамына мұражай, «Достық үйі» бар этномәдени орталық, Конгресс-холл кірді. «Тараз-Арена» спорт сарайында ҚР Президентінің жүлдесі ойнатылған қазақ күресінен «Еуразия Барысы» халықаралық жарысы болып өтті. «Атшабар» ипподромында еліміз бойынша ат полосы спортының бірінші клубының ашылуы көпшілікті қызықтыра түсті. Мерейтой аясында Таразға Қытайдың Сиань қаласынан ежелгі Ұлы Жібек жолының бағытымен бір жылға жуық жүрген керуен де келіп, мерекенің тарихи маңыздылығын арттырды, – дейді Нұржан Сәбитұлы.
Бұдан кейін Рүстем Дәулет дүниежүзі көз тіккен «ЭКСПО-2017» көрмесі тұсында қаланың тізгінін қолға алды.
– 2017 жыл жарқын және кең ауқымды оқиғалармен есте қалды. Елімізде халықаралық «ЭКСПО-2017» өте жоғары деңгейде өтіп, аталған көрмені Тараз қаласы тұрғындарының көпшілігі тамашалап қайтты. Бұл жылдың есте қаларлық тағы бір оқиғасы – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы жарық көрді. Онда алдағы таяу жылдарға бірнеше нақты жоба ұсынылып, қазақ тілін латын әліпбиіне кезең-кезеңімен көшіру сынды ел дамуының жарқын үлгісін белгілейтін, алыстыты болжайтын көзқарастарымен бөлісті. 2017 жыл халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру мақсатында «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасын жүзеге асыру басталды. Сонымен қатар «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы да бекітілді, – дейді Рүстем Рысбайұлы.
Осынау стратегиялық құжаттың басымдықтарын 2018-2019 жылдар аралығында әкім болған Ғалымжан Әбдірайымов та жалғады. Ал шаһарды ең аз уақыт басқарған Қайрат Досаев 7 ай ішінде қаланың гүлденуіне өз үлесін қосты. Бұл тұста «Жеңіс» саябағы», «Үшбұлақ» демалыс орталығы мен Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақ қайта жаңғыртудан өтті. Тотыдай таранған Тараздың тізгінін ұстаған Айтқазы Қарабалаев 2019-2021 жылдар аралығында қаланың ажарын ашуда аянып қалған жоқ. Бұл тұста түрлі нысандар бой көтеріп, қала тіршілігі жаңа екпін алды.
Ол үрдісті 2021 жылдың наурызы мен 2022 жылдың тамыз айы аралығында шаһарды басқарған Ержан Жылқыбаев та жалғады. Бұл тұста «Тектұрмасқа» баратын жол жөнделіп, жарық шамдары ауыстырылды. Жаздыгүні ыстық суды үзбей беру ісі де қолға алынды. Қалада мемлекет меншігіндегі бос жатқан жерлерге 5 қабаттан жоғары 7, 9, 12 қабатты үйлер салу, «Құмшағал», «Шөлдала» шағынаудандары мен 28 саяжай алқабын, «Шалғай Қарасу-1,2,3,4,5,6,7» тұрғын алқаптарын электрмен жабдықтау құрылысы, «Көктем» тұрғын алқабына газ тарату желісі, Абай даңғылының бойындағы Т.Тастандиев көшесінен бастап Майқы би көшесіне дейінгі, Ы.Дүкенұлы көшесінің бойындағы су сорғыш станциясынан бастап Элеватор көшесіне дейінгі су құбырларын қайта жаңғырту жобалары да іске асырылды. Қоғамдық көліктердің бірқатары жаңарып, жүру уақыты да ұзартылды.
Бұл бастаманы 2022 жылдың қыркүйек айында әкім болып келген Бақытжан Әмірбекұлы Орынбеков те жалғастыруда. Шаһар басшысы көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру, көлік жолдарындағы жүктемені азайту мақсатында Абай даңғылындағы теміржолдың үстімен өтетін көпір мен жаяу жүргіншілер өткелі бөлігінің көпір құрылысын бастады. Сондай ірі жобаның бірі, қала тұрғындары үшін стратегиялық маңызы жоғары нысан – кәріз суын тазарту кешенін салу ісі де қолға алынды. Қала аумағы кеңейіп, екі аудан құрылды. Соған сәйкес тұрғын үй кезегінің де мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табуда. Бұдан бөлек, шаһарда тұрғын үйлерді жөндеуге де ерекше мән берілуде. Қаланың орталық көшелеріндегі тұрғын үйлердің бірыңғай сәулеттік келбетін жаңарту жобасы бойынша көпқабатты үйлерде жөндеу жұмыстары басталып, құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Қала аумағы кеңейген сайын қоғамдық көлікке деген сұраныстың арта түсетіні айқын. Бұл мәселе де көне шаһарда оң шешімін табуда. Бақытжан Әмірбекұлы қала әкімі қызметіне кірісе сала өз жұмысын қоғамдық көліктерді жаңартудан бастауы да автобустардың шаһар тіршілігінде ерекше маңызға ие екенін аңғартып тұрғаны белгілі. Бұдан өзге де қаланы дамытудың үш жылдық жоспарына сай атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес.
Өңірлерді өркендету – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше екпін түсіріп отырған міндеттерінің бірі. Сондықтан Тараз қаласын дамыту мақсатындағы ілкімді істер үздіксіз жалғаса береді. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар аз емес, алдағы жоба-жоспарлар одан да айқын әрі ауқымды. Әрине, әр әкім көне шаһарды көркейтуде аянып қалған жоқ. Барлық атқамінер азаматтар ел үшін, облыс, қала үшін еңбек етті. Ең бастысы, олардың есімдері сегізінші аймақтың тарихи шежіресінде алтын әріптермен жазылғаны ақиқат.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.