Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көне шаһарды көгалдандыру – басты назарда

0 204

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында облысымызда «Таза аула. Таза өлке. Таза ел!» экологиялық науқаны жалғасуда. Соған орай, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Ұлы дала» ықшамауданының аумағында Тараз қаласының тұрғындарымен бірге ағаш отырғызды. Бұл күні 125 түп қарағаш, 100 түп емен, 170 түп терек, 101 түп шырша көшеті егілді.

Акция шеңберінде 27 мыңнан астам жамбылдық қалалар мен ауылдарды көгалдандыруға өз үлестерін қосты. Оның ішінде кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандардың 5 222 қызметкері бар. Аумақты абаттандыру бойынша 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ, 1 400-ге жуық аула, 8 300 шаршы метр су жүйелерінде тазарту жұмыстары жүргізілді.
Облыс бойынша биыл абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына 9,4 миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 57 100 көшет отырғызылып, 809,4 шақырым арық және канал, 3 102 шақырым көше, 1,1 миллион шаршы метр саябақ пен сквер аумағы тазартылып, 4 280 тонна қоқыс шығарылған. Сондай-ақ 53 субұрқақты іске қосу шаралары қолға алынды. Бұл бағыттағы жұмыстарды нәтижелі жалғастыру үшін 25 бірлік техника сатып алу жоспарлануда.
Шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков облыс әкіміне Тараз қаласын одан әрі көгалдандыру және абаттандыру жобалары туралы баяндады. Қазіргі таңда облыс орталығында ағаштарды түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Осы мәліметтер негізінде ұтымды суару жүйесін ұйымдастыруға көмектесетін дендрокарта жасалмақ. Сондай-ақ облыс бойынша 469,6 шақырым жол жөнделіп, 228 көше жарықтандырылады. Оның 76-сы Тараз қаласына тиесілі. Осылайша биыл облыс орталығындағы 10 ықшамаудан мен «Қарасу» тұрғын алқабының аулалары толығымен жарықтандырумен қамтылады деп көзделуде.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қала инфрақұрылымын жақсарту бойынша кешенді жұмыстар жүруде. Президент қалаларды лайықты және тартымды жағдайда ұстау мәдениетін енгізудің маңыздылығын атап өтті. Ауыл тұрғындары, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, этномәдени бірлестіктердің, бизнестің өкілдері, студенттер экологиялық акцияға белсенді қатысуда, – деді облыс әкімі.
Ербол Шырақпайұлы өз кезегінде абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым салу жобаларының ажырамас бөлігі болуға тиіс екенін де баса айтты.
Мәселен, ағымдағы жылы облыста 56 көпқабатты тұрғын үйдің (2 909 пәтер) құрылысына 12,3 миллиард теңге бөлінген. Нәтижесінде, жыл қорытындысы бойынша 54 үй (2 749 пәтер) пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұған қоса, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 1 575 пәтер сатып алынбақ. Бұдан бөлек, 14,2 мың орынға арналған 41 білім беру, 24 денсаулық сақтау нысанының, 15 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады.
Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, өңірдегі аумақтарды көгалдандыру және абаттандыру жөніндегі экологиялық науқан жүйелі түрде жалғасады.

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.