Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көне шаһардың аумағы кеңейеді

0 182

Қаланың Бас жоспарына өзгерістер енгізу жұмыстары 2021 жылдан бері жүргізілуде. Әзірленген жоспардың іске асырудың есептік мерзімі – 2040 жылға дейін.

Қаланың Бас жоспары – шаһардың даму болашағын анықтайтын негізгі құжат. Ал оған демографияның жақсаруы мен уақыттың ағымына қарай қалалардың дамуын ойластырып, өзгерістер енгізіп отыру маңызды. Сонымен Бас жоспарды жасағанда мынадай бағыттарға басымдық берілді. Олар:
1. Қала аумағын кеңейту;
2. Көлік-логистикасын дамыту;
3. Тұрғын үй қорын дамыту, қаланың экологиялық жағдайын және сырт келбетін жақсарту;
4. Қала тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыру.
Қаланың Бас жоспарын дамытудың жалпы тұжырымдамасы басқа бағыттардағы шаһар құрылысы шектеулерін ескере отырып, солтүстік-шығыс бағытқа бағдарланған. Себебі қаланың батысында әуежай, оңтүстігінде мемлекеттік шекара, солтүстік-батысында өнеркәсіптік аймақтар орналасқан. Бүгінгі күнде жалпы жобалау жұмыстары барысында қала аумағын заман талабына сай дамыту, қадамдық қолжетімділік қалыптастыру, көркейту және жер кезегі мен пәтер кезегіндегі азаматтарды қамту мақсатында шаһар аумағына Байзақ және Жамбыл аудандарына қарасты жалпы 14 елді мекен және 2 саяжай қосу жоспарлануда. Осының нәтижесінде қала аумағы 31693,7 гектарды құрайтын болады.
Атап айтқанда:
Байзақ ауданынан қосуға жоспарланған елді мекендер:
1) Талас ауылы;
2) Станция «Талас»;
3) Қызыл жұлдыз ауылы.
Жамбыл ауданынан қосуға жоспарланған елді мекендер:
1) Жамбыл а/о – Шайқорық, Шайқорық станциясы, Танта, Қоңыртөбе;
2) Қаратөбе а/о – Бектөбе, Қызылшарық;
3) Қарой а/о – Пригородное, Кемел;
4) Бесағаш а/о – Түрксіб;
5) Полатқосшы а/о – Жалпақтөбе;
6) Ақбұлым а/о – Ақбұлым.
Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы 1993 жылғы 8 желтоқсандағы № 2572-XII Заңының 2-бап 5-тармағының негізінде Тараз қаласы халқының саны 400 мың адамға жетуіне байланысты, осы жобада қаланың әкімшілік аудандарының шекарасы мен қаланың әкімшілік аудандарын бөлу ұсынылған. Әрбір әкімшілік ауданның саны кемінде 200 мың адамды құрайды.
Қазіргі таңда Тараз қаласы халқының саны 405,3 мыңнан асты. Осыған байланысты Бас жоспарда әкімшілік шекара және қаланы екі әкімшілік ауданға бөлу ұсынылды (шартты түрде: Солтүстік және Оңтүстік).
Жобаланып отырған Тараз қаласының Бас жоспары аясында есептеу жүргізіп, есепті мерзімнің соңына қарай 7722,1 мың м2 тұрғын үй салынады, оның ішінде жекеменшік тұрғын үй – 1066,9 мың м2.
Тараз қаласының көгалдандырылған кеңістігін ұйымдастырудың жобаланған жүйесі, тұтастай алғанда, төмендегіні қарастырады:
*барлық қолданыстағы жасыл кеңістіктерді барынша сақтап, жалпы пайдалануды;
* жаңа жобаланатын тұрғын аудандарды, қоғамдық орталықтарды, жобаланатын саябақтарды, желілік бульварларды, суару каналдарын, жағалауды көгалдандыру;
* өнеркәсіптік кәсіпорындардың санитарлық-қорғау аймақтарының аумағында қолданыстағы орман қорғау белдеулерін қайта жаңарту және жаңа орман қорғау белдеулерін отырғызуды;
* қаланың айналасындағы жасыл белдеудің орман қорғау жолақтарымен біріктіре отырып, солтүстік-батыс өнеркәсіп аймағының санитарлық-қорғау аймағын едәуір ұлғайту көзделіп отыр;
* Талас өзені жағалауының бойында қалалық жағажай, сонымен қатар қала тұрғындарына қолайлы рекреациялық аймақтар орналастыру көзделген;
* Қала аумағы арқылы өтетін жеті каналдың (Төрекелді, сол жақ айналма жол, Сенкібай, Қапал, Түйте, Үшбұлақ, Қарасу-2 және Молдабай) екі жақ беттерін жасыл желектері мол серуендеу жолдары, демалыс орындары қарастырылған терренкуралар (денсаулық жолдары) орналастыру.
Жалпы пайдаланымдағы жасыл желектермен қамтамасыз ету алаңы есептік мерзімге қарай 4356,66 га құрайтын болады.
Бас жоспарға түзетулер енгізу барысында қаланың көлік сызбасы қайта қарастырылды. Тараз қаласы ірі көлік артерияларының қиылысу торабында орналасқан, оның аумағы арқылы магистральдық теміржол, республикалық маңызы бар Алматы-Шымкент автожолы өтеді. Қала аумағы теміржол магистралімен 2 бөлікке бөлінген. Олардың арасындағы автожол байланыстары тек Жібек жолы көшесіндегі жол өтпесі арқылы жүзеге асырылады. Жеткілікті көліктік қолжетімділіктің болмауына байланысты, халық арасында «За линией» деп аталатын қаланың оңтүстік бөлігі дамымай қалды. Осыған байланысты жобада тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеру мақсатында бірнеше жол өтпелері қарастырылған.
Алматы және Шымкент бағыттарынан кіреберісте қарастырылған көлік-логистикалық орталықтар қала көшелерін ауыр жүк көліктерінен босатуға мүмкіндік береді.
Қаланың оңтүстік және солтүстік жағынан аумақтық даму шегі айналма жолмен қоршалады және басқа да жолдармен қиылысатын жерлерде көлік айырбастары (транспортные развязки) ұйымдастырылады.
Осылайша қала аумағында іскерлік белсенділікті, әлеуметтік кепілдендірілген инфрақұрылымды, стационарлық демалысты, тарихи-мәдени, іскерлік, сауықтыру, мәдени-танымдық және спорттық демалысты, туризм мен рекреацияны кеңінен дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалады.

Арман Абдешов,
Тараз қаласы әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.