Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көне шаһардағы мәдени шаралар санын арттыру қажет

0 178

Тараз қалалық мәдениет үйінде шаһар басшысы Ержан Жылқыбаевтың қатысуымен жиын өтті. Басқосуда мәдениет үйінің директоры Л.Алпысбай есеп берді.

Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйі бүгінгі күнге дейін 215 іс-шара ұйымдастырып, оған 132 850 адам қатысты. Онлайн форматта 29 шара өткізілді.

Атап айтқанда мұнда елімізге танымал тұлғалардың мерейтойларына арналған кештер, Ұлттық домбыра күні мен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған түрлі шаралар, қаладағы көп балалы аналарды қолдау мақсатында өткізілген «FoodFest-Taraz» фестивалі секілді ірі жиындар өткізілген.

Бүгінгі таңда мәдени мекемеде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Тұлға тайм», «Бес қару» жобалары іске асырылуда. Осындай ауқымды іс-шаралар биыл да бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілмек.

Мекеме басшысының баяндамасын тыңдаған Ержан Жұматұлы қала аумағында өтетін мәдени шаралардың санын арттыру керектігін тапсырды.

«Биыл «Балалар жылы» деп жарияланғандықтан, оларға арнап түрлі байқаулар ұйымдастыру керек. Әрбір өткізілетін шараның көрермендерімен қатар, қатысушылары да көп болуы аса маңызды» – деді қала әкімі.

Сондай-ақ, шаһар басшысы рухани шараларды ұйымдастыру мәдени құндылықты қалыптастыруда үлкен рөл атқаратынын айтып, жауаптыларға жақын күндері жоспар түзіп әкелуді жүктеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.