Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көне шаһарда тазалық жұмыстары ерте басталды

0 1  976

Қыс айларында қала көшелеріндегі арықтар мен каналдар қоқысқа толады. Ал маусымдық жұмыстың машақатын қала тазалығына жауапты «Жасыл Ел-Тараз» серіктестігінің жұмысшылары жақсы біледі. Биыл да сол үрдіс бойынша мекеме жұмысшылары көктемгі тазалық жұмыстарын бастап кетті.

Шаһарда көктем мен күз айларында тазалық жұмыстары қызады. Себебі жұмысшылар көктемде арық, каналдарды тазалау, бағаналарды сырлап, ағаш отырғызумен қатар, қураған және балақтаған тал-дарақтарды бұтауды бастайтын. Сондай-ақ көктемде «Қала тазалығы – жан тазалығы» деген ұранмен тұрғындар аулаларын тазалауға шығатын. Қазір маусымдық жұмысқа дайындық барысында қаланың орталық көшелерімен қатар, шалғай аудандардағы арық, каналдар тазалануда.

Қыруар тірліктің ауқымы жайында аз-кем ақпаратқа қаныққан соң, біз де Ақкөзиев көшесіне барып, жұмыс барысын бақылап қайтқан едік. Көше жиегіндегі «Жасыл Ел-Тараз» серіктестігінің арнайы техникасына екі жұмысшы қоқыс тиесе, басқалары бас алмай арық тазалаумен айналысуда. Арық іші жаңбыр суынан көтерілген лайдан бөлек, тұрмыстық қатты қалдықтарға толған. Сондықтан жылдағы маусымдық шаруаға қазірден кіріспесе, көктемгі жаңбырдан кейін қоқыс арнадан асып кетуі әбден мүмкін. Біз бір топ жұмысшының арасынан демалыс орындары және көше тазалығын сақтау учаскесінің меңгерушісі Арайлым Арыстанованы жолықтырып, әңгімеге тарттық.
– Бүгінде мекемедегі жұмысшылардың дені арық, канал тазалауға кіріскен. Әр топтың басшысы күнделікті тазалаған учаскесі бойынша есеп береді. Арық ішінде лайдан бөлек, бөтелке, целлофан сынды қоқыстар өте көп екен. Менің тобымда 65 адам жұмыс істесе, оның ішінде 29 тұлға келісімшарт негізінде еңбек етіп жүр. Олар шамамен 100 мың теңгеге жуық жалақы алса, жұмыспен қамту орталығы арқылы қоғамдық жұмыспен келгендердің еңбекақысы – 65 мың теңге. Енді реті келсе, биыл да жалақы өседі деп күтілуде. Біздің топ негізі қаланың ірі 10 саябағы мен орталық көшелердің тазалығына жауап береді. Әр топтың басшысы өздеріне жүктелген міндетті жақсы біледі. Енді мерзімді жұмыстарға байланысты арық тазалауға шығып отырмыз. Техникалық қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды да ұмытпаймыз. Апта ішінде Есей би, Қазыбек би, Жансүгіров, Павлов, Тұрысов көшелерінің арықтарын тазаладық. Жұмыс ауқымы аз емес, – дейді учаске меңгерушісі.
Арайлым Асылбекқызы «Жасыл Ел-Тараз» серіктестігінде бес жылдан бері еңбек етеді. Учаске меңгерушісі кейінгі жылдары мекемеге жастардың көптеп келетінін айтуда. Қазірдің өзінде оның тобында 18 жасқа енді толған жастар бар. Жұмысшылар күнделікті мекеменің қоғамдық көлігімен қатынайды. Толықтай түскі аспен қамтылған. Бір сөзбен айтқанда, артық шығындалмайды. Осы ретте біз «Жасыл Ел-Тараз» серіктестігі директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Айдын Бейсековпен де әңгімелесіп, мекеменің әлеуеті және алдағы жұмыс жоспары жайында сұрап білдік.
– Бүгінде қала бойынша 700-ге жуық арық бар. Енді сол арықтарды күл-қоқыстан тазарту қарқынды жүргізілуде. Мекемеде 479 азамат келісімшарт бойынша еңбек етсе, 240 қоғамдық жұмысшы бар. Әрине, біз жыл сайын көктем келер уақытта арық, каналдарды тазалайтын болғандықтан, жұмыс ауқымын жақсы білеміз. Қала әкімі Ержан Жылқыбаевтың тапсырмасымен шаһардың орталық көшелерінен бастап, «Шалғай Қарасу» алқабындағы арықтармен қоса, Сеңкібай, Үшбұлақ, Қарасу, Түйте, Қапал каналдарын тазартамыз. Жұмысшылардың барлығы тек арық тазалауға ғана жұмылдырылған жоқ. Мысалы, қураған ағаштарды бұтайтын, көше сыпырып, саябақтарды тазалайтын жұмысшыларымыз өзінің күнделікті шаруасын тындыруда. Серіктестіктің базасында бас-аяғы 105 арнайы техника бар. Оған келісімшарт бойынша алынған техникаларды қосып отырғанымыз жоқ. Аталған арнайы көліктер 11 аумаққа бөлінген. Әр округтің жұмысшылары қажетті құрал-сайман және техникалармен қамтылған. Бүгінде қолда бар көлік құралдарымен шаруаға үлгеріп жүрміз. Әйтсе де, қосымша техника сатып алсақ, артық болмайды, – дейді Айдын Жарқынбекұлы.
Жұмыс басында қала тазалығына бар ынтасымен кіріскен жұмысшылардың еңбегін көріп, таңдай қақтық. Таң ата қала тазалығы үшін құрал-саймандарын сайлап, көше кезетін жұмысшылар тұрғындарды тазалыққа атүсті қарамауға шақыруда. Сондықтан біз де тазалық таза жерде емес, тазалықты сақтаған жерде болатынын ескеріп, көрінген жерге қоқыс тастамай, жұмысшылардың еңбегін бағаласақ екен дейміз.

Сәндібек ПІРЕНОВ 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.