Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Көне шаһарда құрылыс жұмыстары қарқынды

Таразда 3 жаңа шағынаудан бой көтеруде

0 272

Тараз қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен алдағы жоба-жоспарлар жайында кеңінен баяндады.

Ең әуелі журналистер «Балауса» (14) шағынауданына барды. Қазіргі таңда аталмыш шағынауданда 22 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл нысандар 2026 жылға өтпелі болғанымен, оларды ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
– Қала аумағы кеңейген сайын тұрғын үйлерге деген сұраныстың да артатыны белгілі. Осыған орай қазіргі таңда шаһар аумағында 3 шағынаудан бой көтеруде. Соның бірі – осы «Балауса» шағынауданы. Бұл шағынауданның егжей-тегжейлі жобалау жоспарына сәйкес, мұнда 64 таунхаус, 81 көппәтерлі үй, 2 мектеп, 3 балабақша, онкологиялық диспансер, көпсалалы аурухана, бейінді емхана, лицей-интернат, салтанат сарайы, инновациялық шығармашылық орталығы, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, инженерлік құрылымдар, кәсіпкерлік нысандар бой көтереді. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілері толығымен тартылған. Үйлердің жертөлесінде тұрғындардың керек-жарақтарын сақтауға арналған қоймалар және алғашқы қабатында мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай туғызу мақсатында көтергіштер (подьемник) орнатылып жатыр.
Бұрын тұрғын үйлерді салған кезде олардың аулалары назардан тыс қалатын. Қазір біз осы олқылықтың орнын толтырып, аулаларды абаттандыруды тұрғын үйлердің құрылысымен қатар қолға алып отырмыз. Яғни, үй салған мердігер оның ауласын да жаңаша кейіпке енгізуге тиіс. Бұл да жұртшылықтың жайлы тұрмысы үшін жасалуда, – деді шаһар басшысы өз сөзінде.
Осы ретте айта кетерлігі, қазіргі таңда «Ұлы дала» (15) шағынауданында да 34 көпқабатты тұрғын үйдің 12-сі пайдалануға тапсырылып, қалған 22 үй әлі салынып жатыр. Сондай-ақ «Шапағат» (16) шағынауданында 16 көпқабатты тұрғын үйдің 12-сі пайдалануға қабылданды. Қалған 4 үйдің құрылысы жалғасуда. Сондай-ақ аталған шағынауданның жоспарлау жобасы бойынша онда 351 жеке тұрғын үй құрылысы, 82 бесқабатты көппәтерлі тұрғын үй, жалпы білім мектебі, балабақша, емхана, халыққа қызмет көрсету орталығы, өрт сөндіру бекеті, әкімшілік ғимараты, жол бойындағы қызмет көрсету нысандары, саябақ, инженерлік, коммуналдық қойма құрылыстарының аумақтары, коммерциялық қызмет көрсету нысандары, перзентхана, спорт кешені, мәдениет үйі, мешіт қарастырылған.

Бұған қоса «Қарасай» (17) шағынауданының да жоспарлау жобасы әзірленген. Бұл жерде де көпқабатты тұрғын үйлермен қатар түрлі әлеуметтік, коммерциялық нысан халыққа қызмет көрсетеді.
Бұдан кейін БАҚ өкілдері шаһар аумағындағы жол жөндеу жұмыстарын көрді. Қалада қазір жолдарды жөндеу бойынша жарқын жобалар жүзеге асырылып жатыр. Әсіресе, шаһар маңындағы алқаптарға ерекше екпін түсірілуде.
Солардың бірі – «Барысхан». Жоспарлы жұмыстар нәтижесінде қазір бұл алқаптағы жалпы ұзындығы 16,21 шақырымды құрайтын 24 көшеге асфальт төселді. Сондай-ақ көшелерді жарықтандыру жұмыстары да толығымен аяқталды.
– Қаланы дамытудың үш жылдық жоспарында жолдарды жөндеуге баса назар аударылған. Расында, шаһардың сәулеті мен ажарын айшықтап тұратын басты көрінісі жолдың жайы екені жасырын емес. Шаһардың сән-салтанатынан бөлек, қатынастың қолайлылығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі, көлік қозғалысының діттеген бағытына уақытында жетуі де жол сапасына байланысты. Кейінгі 3 жылда Тараз қаласында 420 көшеге асфальт төселді. Бұл да кейінгі жылдары атқарылған ауқымды жұмыстардың бірі.
Біз ең әуелі соңғы 30 жылдан бері мүлде жөндеу көрмеген қала маңындағы алқаптарға баса мән беріп отырмыз. Қазіргі таңда әр алқапта кем дегенде 1 мыңға жуық халық тұрады. Сондықтан олар да инфрақұрылым игілігін толықтай сезінуге тиіс. Осыған орай әуелі әр алқаптың өзекті мәселелерін зерделеп, сол бойынша Жол картасын әзірледік. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде барлық мәселе кезең-кезеңімен өз шешімін тауып келеді. Енді биыл алқаптарды көгалдандыру жұмыстарын қолға алуды көздеп отырмыз, – деген Бақытжан Әмірбекұлы бұл бағыттағы ілкімді істер тоқтаусыз жалғаса беретінін жеткізді.
Сонымен қатар бүгінде «Тектұрмас» алқабындағы жалпы ұзындығы 3,689 шақырым болатын 3 көше орташа жөндеуден өткен. Бұл іске тұрғындар да дән риза.
– «Тектұрмас» алқабының облыс орталығына қосылғанына ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де, жергілікті билік назарынан үнемі тыс қалып келді. Әсіресе, жолдарды жөндеу ұзақ жылдар бойы өз шешімін таппады. Салдарынан тұрғындардың қалаға кедергісіз қатынауы мұңға айналғаны жасырын емес. Жауын-шашын кезінде жолдар батпаққа айналып, жедел жәрдем, өрт сөндірушілер мен такси жүргізушілерінің алқапқа кіруі едеуір қиындық туғызатын. Дегенмен, соңғы 2 жылдың бедерінде бұл мәселе өз шешімін тауып, өткен шаққа айналды. Тек жол ғана емес, көшелерді жарықтандыру, алқапқа қатынайтын автобустардың бағытын ұзарту, аялдамаларды жаңарту бойынша да жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Бұл үшін қала әкімдігіне шексіз ризашылығымды білдіремін, – дейді алқап тұрғыны Тамара Иванова.
Бұдан бөлек, «Қарасай» алқабында да құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталып, 13 шақырымға созылып жатқан 11 көшеге асфальт төселген.
Келесі кезекте БАҚ өкілдері А.Асқаров көшесіндегі құрылысы аяқталған автомобиль көпіріне аялдады. Аталған көше мен «Ұлы дала» (15) шағынауданын жалғайтын көпірдің ұзындығы – 61, ені 9 метрді құрайды. Ағымдағы жылдың сәуір айында басталған көпір құрылысы бүгінде толығымен тәмамдалып, ел игілігіне беріліп отыр. Құрылыс мердігері – «ЖБИ-С» мекемесі.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.