Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көне шаһарға шетелден қоныс аударушылардың қарасы қалың

0 1  484

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің көші-қон саясатының тиімділігін арттыру бойынша кешенді шаралар қолға алынуы қажет екенін айтқан болатын.

Бұл ретте Президент шетелден дарынды жандарды, әсіресе шығармашылық және кәсіпкерлік саласында жетістікке жеткен азаматтарды тарту туралы мәселе көтерген еді. Сонымен қатар қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгеретінін де жеткізген. Аталған жайттардың назарға алынуы еліміздегі көші-қон қызметінің бойына қан жүгіріп, бұл іске жауапты органдардың үлкен сынаққа дайын болуы қажеттігін аңғартып отыр. Бұл ретте миграция саласында Жамбыл облысында, оның ішінде Тараз қаласында қандай жұмыстар жүргізілуде?
Облыс орталығындағы азаматтар ағыны Тараз қалалық полиция басқармасының Көші-қон қызметі бөлімінің бақылауында. Бөлім халыққа мемлекеттік қызмет көрсету, көші-қон заңнамасын сақталуын қамтамасыз ету, мемлекеттік борышкерлерді және алименттен жалтарғандарды іздестіру, шетел азаматтарын уақытша тіркеуге алу, еңбек мигранттарына жұмыс істеуге рұқсаттама беру, ҚР халқын құжаттандыру, тіркеуге алу және шығарумен айналысады.
Тараз қалалық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Ардақ Мадимаровтың айтуы бойынша, Көші-қон қызметі бөлімі жыл басынан бері 9 ай ішінде электронды түрде еліміздің 75 461 азаматын құжаттандырған. Бұл бағыттағы жұмыс өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 56 пайызға ұлғайған. Аталған азаматтардың 33 205-і ҚР ұлттық паспортын алса, 42 256-сына жеке куәлік берілген.
Заңсыздыққа жол бермеу мақсатында ел аумағына келген еңбек мигранттарының қажетті құжаттарын алуын қадағалау да аса маңызды. Бұл тұрғыдан келгенде де, биыл атқарылған жұмыс ауқымды. Мәселен, жылдың 9 айы ішінде бөлім қызметкерлері 9 856 шетел азаматын уақытша тіркеуге алып, оның 6 387-сі еңбек мигранттары ретінде заңдастырылған. Олардың ішінде Өзбекстан, Қырғызстан мен Ресейден келгендердің қарасы қалың. Қалғандары өзге ТМД елдерінің азаматтары. Айта кетер жайт, аталған мерзім ішінде елге келген шетелдіктер саны да өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артқан.
Өкінішке орай, мемлекет бекіткен заң талаптарына бағынуды қаламайтындар да кездесіп жатады. Бұл бағытта жүргізілген жұмыстар нәтижесінде көші-қон заңнамасын бұзған 1 253 азамат анықталып, 911 шетелдік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша жауапкершілікке тартылған. 113 адам ел аумағынан аластатылып, 120-сына айыппұл салынған. Қалғандары ескертумен құтылған.
Осы орайда тек шетел азаматтары ғана емес, өзіміздің жерлестер де заңнама талаптарын сақтамағаны үшін жауапкершілікке тартылғанын айтып өткен жөн. Мәселен, жыл басынан бері уақытша тұруға келген шетел азаматтары жөнінде уақытында полиция бөліміне хабарламағаны үшін 322, еңбек мигранттарын рұқсат қағазынсыз жұмыс істеткен 20 жамбылдыққа айыппұл салыныпты.
Тараздың терең тарихы мен тамылжыған табиғаты елімізге түбегейлі қоныс аударып, тұрақты түрде тұруға бел байлаған шетелдіктердің назарын көне шаһарға аударатыны жасырын емес. Осыған орай облыс орталығына көшіп келушілердің көбеюіне байланысты Көші-қон қызметі бөлімінің жауапкершілік жүгі де артып отыр. Қазіргі уақытта жауапты мекеме ТМД елдерінен келген шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды тұрғылықты тіркеуге қою, тіркеуден шығару, оларды шетел азаматтарының ықтиярхатымен және азаматтығы жоқ адам ретінде тану куәлігімен құжаттандыру жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде тұрғылықты тіркеуге тұру бойынша 184, азаматтығы жоқ адам ретінде тану бойынша 35 іс қабылданған. Сондай-ақ шетел азаматының ықтиярхатымен және азаматтығы жоқ адам куәлігімен 436 шетелдік құжаттандырылыпты.
Ең қызығы, Таразға тұрақтағандар қатарында тек көрші мемлекеттердің азаматтары ғана емес, Филиппин, Вьетнам мен Үндістаннан ат терлетіп келгендер де бар. Англия, Германия, Грекия, Израиль, Корея, Латвия, Литва, Молдова мемлекеттері азаматтарының да таңдауы көне шаһарға түскен. Тіпті мұхит асып, Америка Құрама Штаттарынан келген 6 қоныс аударушы да тіркелген. Жалпы алғанда, жазы жайдары, қысы аса қытымырлық таныта бермейтін жасыл қалада 3 411 шетелдік тұрақты тұратындар есебінде бар. Аталғандардың 9 ай ішінде 192-сі ел азаматтығын алса, 61 іс бойынша құжаттар қарастырылып жатыр екен. Бұдан бөлек, 436 тараздық Германия, Беларусь, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мен Түркия елдеріне қоныс аударған.
Жоғарыда атап өткеніміздей, бөлім түрлі берешегі бар азаматтарды іздестірумен де айналысады. Бөлім өндірісінде бұған дейін 240 іс болса, 2022 жылдың 9 айында 183 іс арналған. Бұл уақыт ішінде іздеуде жүрген 179 азаматтың мекенжайы анықталып, іздеу істері тоқтатылған.
Бөлім берген мәліметке сүйенсек, қоныс аударушылар қатарында тарихи Отанын аңсап келген қандастарымыз да аз емес. Мемлекет басшысының өз Жолдауында өзге елдерде тұратын қазақтардың көшіп келуіне жағдай жасауды мықтап тапсыруы алдағы уақытта елге оралушылардың көбеюіне септігін тигізері сөзсіз. Сонымен қатар шетелден келген бізде сұранысқа ие мамандар облыс орталығында тұралап тұрған салаларды дамытуға үлесін қосатынына да сенімдіміз.

Мұратхан Әлімхан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.