Қалалық қоғамдық-саяси газет

Күндіз-түні бір тынбай…

0 355

Табиғаттың тосын мінезіне қарамастан жазда көше сыпырып, қақаған қыста қар тазалайтын жұмысшылардың еңбегі көзге көрінбейді. Еңбектің нанын адалынан тауып отырған азаматтар шексіз құрметке лайық. Олар болмаса көшелер қоқыс пен қардан тазармас па еді?! Бұл орайда, газеттің журналистері қала көшелерін жауған қардан тазартып жүрген «Жасыл Ел-Тараз» мекемесінің жұмысымен танысу мақсатында бір күн қар тазалап, жұмысшыларға қолғабыс етті.

Арайлым Шабденова Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Тараз ақ шапанын қарашаның аяғында киiп үлгерген едi. Күн анда-санда бой көрсеткенмен, содан берi аспан қабағын бiр ашпады. Ақ ұлпамен алысып жүрiп, қаңтарды орталап қалғанымызды да бiлмей қалыппыз. Тазалықшылар болса, содан берi әлi бiр демалмады. Десе де, жұмысшылардың демалыссыз жұмысын жауған қар көрсетер емес. Олар «қаланы қардан тазарттық-ау» деп ендi еркiн тыныстай бергенде, аңдып тұрғандай аспаннан ақ ұлпа ағыла бередi. Жауған қар тазалықшылармен жарысып жатқандай. Жұмыс тоқтаусыз жүруде, бiрақ қала көшелерiнің орталығы ғана үздіксіз тазалануда. Ал мөлтек аудандар ше? Шалғайдың жайы қалай? Бұл сауалдардың жауабын білу мақсатта қала көшелерінің тазалығына жауапты «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің есігін қақтық. Қыстың қамын жаз ойлайтын мекеме басшылары қыстың қытымыр мінезіне қаншалықты дайын? Техниканың күші жауып жатқан қарды лезде тазалауға жетеді ме? Қақаған қыста көше тазалап жүрген жұмысшыларға қандай жағдай жасалған деген сауалдарды қойып, басшылықты әңгімеге тарттық.
Жалпы 2019-2020 жылдардағы қыс маусымында қала көшелері мен жолдарын күтіп ұстау үшін «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-нің қоймасына 450 тонна тұз және 1000 текше метр құм дайындалыпты. Ал мекеме қала бойынша 78 көшеге құм мен тұз себеді. Оның ұзындығы 267 шақырымды құраса, жалпы ауданы – 2705,763 мың шаршы метр. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолдары 750,848 мың шаршы метрді құрайды екен. Тек қала көшелері мен тротуарларды ғана емес, мекеме автобус аялдамаларын да қардан тазартады. Бүгінде 2160 шаршы метрді құрайтын 672 аялдаманың тазалығына аталмыш мекеме жауапты. Қар тазалау жұмыстарына жалпы 54 бірлік техника жұмылдырылған екен.
– «Жасыл Ел-Тараз» мекемесі шаһардың келбетін таза ұстауға, абаттандыру мен көгеріштендіруге, скверлер мен саябақтарды күтіп ұстауға өз үлесін қосуда. Мезгілге байланысты жұмысшы топ та, техника да жұмысқа сақадай сай тұрады. Биыл қыстың алғашқы қары 20 қарашада жауды. Әр қар жауған сайын тиісті шаралар атқарылды. Мәселен, қала бойынша 54 бірлік техника жұмыс жасайды. Оның ішінде 29 бірлік қар күрейтін және құм аралас тұз себетін арнайы техника, 3 бірлік тиегіш, 2 автогрейдер, 5 камаз, 5 МТЗ тракторы бар. Автокөлік техникаларын жанар-жағармаймен қамтамасыз ету үшін «Мади» жанар-жағармай құю станциясымен келісімшарт жасалған. Алғашқы қарды тазалау үшін 34 бірлік техника жұмылдырылды. Ал қыс қаһарына мінген уақытта 78 көше мен аялдамалар, жаяу жүргіншілер жолдарын тазалау үшін техниканың барлығы жұмылдырылады. Сондай-ақ қардың қалыңдығына байланысты әр кезде әртүрлі текше метрде құм мен тұз көшелерге себілуде. Тазаланған қарды қала сыртына шығарамыз, – деді «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС директорының орынбасары Нұрғалым Райымбеков.
Иә, аталмыш мекеме қар қылаң берісімен, көшелерге шығып қызу жұмысқа кіріседі. Бір шыққанда 200-300 адамнан көше-көшеге бөлініп, қар тазалауға кіріседі. Жалпы мекеме 500-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұндағы жұмысшылардың еңбекақысы 65-90 мыңның аралығында. Екі ауысыммен жұмыс істейтін еңбеккерлерге 3 мезгіл ыстық тамақ мекеме тарапынан тегін қарастырылған екен.
Сонымен қатар мекемеде тәулік бойына қызмет ететін диспетчерлік бөлім бар. Тұрғындардың арыз-шағымын қабылдайтын диспетчерлік бөлімде 3 адам екі ауысыммен жұмыс істейді.
– Бүгінде 8-707-737-54-37 немесе 8-705-737-54-37 нөмірі арқылы тұрғындардан түрлі сауалдармен қоңыраулар түседі. Көбінде мөлтек аудандар мен шалғай алқаптардағы қураған талдарды кесу, үйілген қоқысты шығару, жолдың тазалығы бойынша арыз-шағымдар қабылдаймыз. Сондай-ақ қаңғыбас иттер бойынша сауалдар көп түседі. Бірақ біздің бөлімге бұл тақырып кірмегендіктен, қажетті сала мамандарына жолдаймыз. Ал өзімізге тиесілі мәселелер бойынша қажетті шаралар қабылдап, түскен қоңырауды жауапсыз қалдырмаймыз, – дейді диспетчер Ғани Дөненбаев.
Халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайтын мекемеде жыл бойына шешімін таппай келе жатқан мәселе де жоқ емес. Мекемеде техникаларды қоятын бастырманың жоқтығынан автокөліктер жазда жауынның астында, қыста қардың астында қалады. Бұл орайда, тиісті басшылықтан қаржы қарастыруды сұраған мекемеге мардымды жауап келмепті. Биыл 10-ға жуық техника сыятын бастырманы өздерінің қаражатына соққан «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС қалған техникалық бірліктерді барынша сақтауға тырысуда екен. Сонымен қатар мекеме қаңтар айының соңында 1500 тонна тұз бен құмға қосымша тапсырыс беріпті. Инертті материалдарды алуға 9000,0 мың теңге қаржы қарастырылыпты. Өздеріңіз байқағандарыңыздай, өзге аудандармен салыстырғанда Тараз қаласында қалың қар әлі жаумады. Тек ұшқындап жауып, ертесіне ауа температурасының жылуына байланысты тез еріп кетуде. Дейтұрғанмен «табиғат ана тосын мінез танытатын болса сақадай саймыз» дейді сала мамандары.

Түйін:
Америкада адамдардың дарыны жоғары бағаланады. Жапонияда «талпыныс пен еңбекқорлықсыз еш сәттілік болмайды» дейді. Табандылық – табысқа жетудің кілті. «Бар ынтасын сала тынымсыз еңбектенген адам кез келген салада биікке шығады» деген пікір талайды жетістікке жетелеп келеді. Кез келген мамандықтың иесіне құрметпен қарасақ, көшеде қар тазалап жүрген азамат болсын, еден жуған қыз-келіншек болсын адал еңбегінің нанын жеп, көптің алғысын арқалары сөзсіз. Ең бастысы – мамандыққа деген махаббат болса болғаны.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.