Т.Рысқұлов ауданындағы Қорағаты ауылы егін шаруашылығына бет бұрған ауыл. Бүгінде мұнда 13 мың төрт жүз гектарға жуық егістік алқабы бар. Бүгінде бұл алқаптарды ірі агроқұрылымдары игеріп отыр. Бұл округке 5 елді мекен кіреді. Солардың ішіндегі Қорағаты ауылында келелі істер бар.
Қазіргі уақытта ауылға кіреберістегі өзен үстінен өтетін көпірге ауылдың түлектері жаңарту жұмысын жүргізіп жатыр. Ауыл мектебін бітіргендеріне 20 жыл толған түлектер көпірді жаңартып ғана қоймай, түнгі жарық шамдармен ауылдың аты жазылған баннерді де безендірмекші.
– Ауыл мектебін бітіргендеріне 20 жыл толатын түлектер өздері бастама көтеріп, көпірді жөндеп беруді қолға алды. Бұдан бөлек, осы ауылдың түлегі, бұрын аудан әкімі болған Асқар Қырықбаев орталық саябағымыздан Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне ескерткіш салдырды. Қорағаты ауылынан соғысқа 56 азамат қатысқан, солардың бәрінің аты жөндері ескерткіш тақтаға жазылды. Бұл саябақты да бос жатқан жерден бұрындары 1965 жылғы ауыл түлектері салған болатын. Енді Асқар Санатұлы ескерткішпен қоса ішіне тақтатас төсеп, орындықтар орнатып, туя ағаштарын отырғызып, абаттандырды, – дейді ауыл әкімі Бақытбек Аблазимов.
Округке қарасты Аққайнар, Тойқұдық, Мамыртөбе елді мекендеріне 130 миллион теңгеге су тазартқыш КБН жүйесі жүргізіліп, сол арқылы тұрғындар таза ауыз сумен қамтамасыз етіліп отыр. Сонымен қатар осы елді мекендердегі электр жүйесі түгелдей ауыстырылып, бұрынғы қарағай бағаналар заманауи бетон түрімен және өздігінен жүретін оқшауланған сыммен жаңаланып жатыр.
Бұл ауылдардың тұрғындары ғаламтор желісінің жоқтығына да шағымданатын. Біз өз тарапымыздан облысқа хат жазып, қазір мамандар келіп, аталған елді мекендерге ғаламтор желісін тартатын құрылғыларды орнататын жерлерді белгілеп беріп кетті. Әкімдік тарапынан жер дайындалып жатыр. Бұйыртса, биыл бұл мәселе де оң шешімін табады.
Ал Қорағаты станциясынан өткен жылдың аяғында 15 келушіге арналған фельдшерлік амбулаториялық пункт жаңадан салынып, ашылды. Бір дәрігер, бір медбикесі бар фельдшерлік амбулаториялық пункт заманауи құрал жабдықтармен қамтамасыз етілген. Белгілі уақытында ауданнан дәрігерлер келіп, тұрғындарды денсаулығына байланысты қабылдап тұрады.
Жалпы округ бойынша 1596 адам тұрады, 93 мың гектар жері бар. Мамыртөбе ауылының астындағы Шілік су қоймасындағы 5 миллион куб су игеріліп, жылда 97-100 гектарға қант қызылшасы және басқа да дақылдар егіледі.
Аудан орталығынан Қорағаты ауылына 150 теңге жолақысымен қоғамдық көлік жүргізілді. Бұл – ауыл тұрғындарының талап-тілегі болатын. Тағы бір тұрғындар игілігі үшін жүзеге асқан іс – жаңа мешіттің бой көтергені. Осыдан 5-6 жыл бұрын ауылымыздан шыққан кәсіпкер азамат орталық мешіт салуды бастаған еді. Белгілі себептерге байланысты құрылыс кішкене тоқтап қалған. Сол істі кәсіпкер Нұржан Әлімқұлов жалғастыруды ұсынып, ауыл ақсақалдарымен ақылдаса келе, істі бастаған кәсіпкерден рұқсат сұрап, жалғастырды. Өткен жылы жамағатқа есігін ашқан жаңа мешіт 120 адамға арналған.
Бүгінде ауылда ауыз су, жол мәселелерінің шешілуімен қатар, түнгі жарықтандырылуы да толықтай жүргізілген. Ауыл мектебіне станциядан күнделікті келіп оқитын және интернатта жатып оқитын үш елді мекеннің балалары үшін жаңа автобус та берілген. Қазіргі уақытта қорағатылықтар ауылдың 70 жылдығы мен Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге қызу дайындық үстінде. Бұл ортақ мүддеге жұмылған тұрғындардың бірлігінің көрінісі болса керек.