Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кәмпескелеуде кедейлер неге қолшоқпарға айналды?

0 1  878

1928 жылы Сырдария губерниясын аудандарға бөлу басталғаны тарихтан белгілі. Сырдария губерниясы Қызылорда және Сырдария округіне бөлініп, Сырдария округінің құрамына Әулиеата, Жуалы, Меркі, Бостандық сияқты 21 аудан кірді.

Осы аудандарда жүргізілген кәмпеске науқанына қатысты құжаттар архивтегі «Сырдаринский окружной исполнительный комитет» деп аталатын қорда сақталған. Онда КСРО, АССР қаулылары, жиналыс хаттамалары, бай-феодалдарды кәмпескелеу жөніндегі тың құжаттар кездеседі.
Архивтегі кәмпескеге қатысты құжаттар орыс тілінде және төте-араб әліпбиімен қазақ тілінде жазылған. Машинкамен терілген және қолжазба түріндегі құжаттардың арасында оқылуы қиын мәтіндер де кездеседі.
Өз заманында көптеген деректер бұрмаланып, билікке тиімді жақтары ғана құжатқа түскені анық. Осындай құжаттардан шындықты аршып алып, ой қорыту оңай емес. Кәмпескелеу кезінде байларды жойып, кедейлерді өздеріне қолшоқпар етуге күш салынды. 1928-1930 жылдары болған байларды, кулактарды тәркілеу жер-жердегі көтерілістерге, 1932-1933 жылдардағы ашаршылыққа әкеп соқты.
Өкіметтің билігі мен жүргізген саясаты нәтижесінде ел арасынан шаш ал десе, бас алатын, ар мен ұяттан безген шолақ белсенділердің қатары көбейді. Осыған байланысты кәмпескелеу науқанында байлар, болыс, би, молда, ишандармен қоса азын-аулақ малы барлар да енгізілді.
Кәмпескелеу тек малды тартып алумен ғана шектелмей, жылжымайтын мүліктерді, шаруашылыққа қажетті құрал-саймандарын да қамтыды. Ел-жұртынан айырып, басқа өлкелерге де жер аударды.
Тарихи құжаттарға көз салсаңыз, 1928-1929 жылдар аралығында жүргізілген байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу науқаны 30-жылдары жүргізілген жаппай саяси қуғын-сүргіннің бастамасы болғандығы анық.
Байларды кәмпескелеуге қатысты құжаттардың көпшілігі тергеу істері, акт, рапорт, сипаттама қағазы болып сақталған. Актілерде байлардан алынған малдар, жасырып қалғаннан табылған малдардың тізімдері де кездеседі. Мысалы, 1928 жылы 15 қазанда акті толтырушы 3-ші ауылды кәмпескелеуге шыққан уәкілдер ауыл азаматы Қ.Әділбекұлының үйінің төбесіне жиып қойған шөбінің арасын ақтарып, 1 мылтықты 32 оғымен, 4 оғы бар алтыатар тауып, басында тұрып акті толтырған. Орталық кеңес комитетінің ірі байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу туралы қаулысына сәйкес кәмпескелеуге ілінген №3 ауыл азаматы Қарабайдың үй мүлкін тізімдегенде, төмендегілер шықты: «алты қанатты 2 ақ үй, уық және туырлық, 4 үзік, 2 ақ киіз, 1 есік, 1 қоңыр түңлік, 2 үйдің 4 ірге киізі, одан басқа 1 үйге ескі қызыл бау және шаңырақ бау, 4 ши, осы үйге ауыстырып ұстап жүрген 2 қоңыр үзік, 2 қоңыр туырлық, 1 кілем, қоңыр киіз» деген сияқты тексеру акт жазба қағаздары көп кездеседі.
Мұндай тінту жұмыстарын іске асырмас бұрын жиналыс жасап, хаттамалап отырған. Онда: «1928 жылы 10 қыркүйекте №16-шы ауылда жиналыс болды, жиналысқа қатысқандар саны – 26 адам, басқа кедейлердің саны – 16 адам, барлығы – 42 адам. Уақытша жиналысты басқар-ған – К.Батырбекұлы, хатшысы – Р.Байсейітұлы. Жиналыс күндізгі сағат 10:00-де ашылды. Күн тәртібіндегі қаралатын мәселелер: Ірі байлардың малын алу туралы түсінік баяндама. Тыңдалды: Ірі байлардың малын алу туралы түсінік баяндама. Баяндамашы жолдас: Батырбекұлы. Қаулы етті: Ірі байлардың малын алу туралы жолдас Батырбекұлының баяндамасын тыңдап, біздер жалпы мынадай қарар қабылдаймыз: Кеңес үкіметінің қолға алып, құлдыққа езіліп, жәншіліп жүрген біздерді датқа байлардың қанауынан құтқаруға шығарған қаулысына қосыламыз. Осы жүргізіліп отырған маусымның жемісті болуына аянбай атсалысып қызмет етеміз. Жиналыс болды. Мәжіліс төрағасы: Батырбекұлы. хатшы: Р.Байсейітұлы».
Осы мәжіліс төрағасының жоғары жаққа жолдаған тағы бір анықтамасында былай делінген: «№16-шы ауылдың байы Ш.Медерұлының жасырған малдарынан 40 қой, 16 жылқы таптық. Мал жасырған жоқпын дейді. Қойған қолына қарағанда жоғарыдағы малдардың рас екендігі анық болып отыр. Сондықтан бұған сот процесі кезінде үлкен жаза беру керек екендігін сіздерге аудандық уәкіл ретінде ұсынамын. 16-шы ауыл уәкілі: Батырбекұлы».
Мінекей, осындай әр құжаттың артында адам тағдыры тұр. Мұндай құжаттар мыңдап кездесетіндіктен зерделеуді, саралауды қажет етеді. Қалай дегенмен де, қазақ тарихындағы осындай қасіреттерді санамыздан ешқашан өшірмеуіміз керек. Осындай ащы тарихымызды зерделей келе, тәуелсіздіктің қадірін тереңірек түсіне білетініміз ақиқат.

Нұрхат СЕРІКБАЕВ,
Тараз қаласы мемлекеттік архивінің директоры, облыс бойынша Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.