Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көмірдің құны неге құбылып тұр?

0 265

Қоңыр күздің лебі ызғарымен есік қаққанда, көпшілік биылғы қыс қатты болатындығын жорамалдауда. Облыстың кейбір аудандарында тіпті алғашқы қар да жауып үлгерді. Осыған орай көмір бағасы да шарықтап кетті. Сарапшылардың айтуынша, мәселенің түйіні тасымалға келіп тіреледі екен. Қала аумағында бұл жағдай қандай деңгейде? Қатты отынның қоры қыстан шығуға жете ме? Көмірдің бағасы күн санап өсіп, тағы қымбаттай түспей ме?

Жалпы биылғы жылыту маусымында облыс тұрғындары 188 мың тонна көмір тұтынады деп есептелсе, бүгінде соның жартысынан көбі тасымалданыпты. Қалғанын қыс түскенше шетінен тасып, жинап алуға да болар еді, бірақ қар ертең қыпылықтап кеп құя түссе, жұртшылықтың көмір іздеп, көше кезіп кететіні анық. Әсіресе мұндай қиын жағдайға қаланың шеткі алқаптарында тұратын тұрғындар тап болатыны белгілі.
– Жылда науқан кезінде көмірдің қымбаттайтыны белгілі. Біздерге бір қысқа 5 тонна қара отын керек. Бүгінде көмірдің тоннасы 22-25 мың теңгеден сатылуда. Оған алқапқа жеткізетін тасымал құнын қосыңыз. Қалтаға аса салмақ түсіретіні сөзсіз. Одан бөлек, көмір қала бойынша жоқтың қасы, – дейді «Қызыл-Абад» алқабының тұрғыны Құрманәлі Назаралиев.
Тұрғынның сөзінің растығын тексеру мақсатында біз қара отын сататын нүктелерді аралап көрдік. Алдымен Мәмбет батыр көшесінің бойында орналасқан тұйыққа беттеп, сатушыны сөзге тарттық.
– Қаражыраның көмірі тоннасына – 22 мың теңге. Бүгінде көршілес Қырғыз елінің кәсіпкерлері төмен бағаға сұрап отыр. Дегенмен қала бойынша көмірдің жоғын ескеріп, біз тек жергілікті тұрғындарға сатып жатырмыз, – дейді өзін Марат деп таныстырған жігіт.
Одан әрі осы көшенің бойында көмірді қабына 1700 теңгеден саудалап тұрған сатушыны көз шалды. Одан басқа аймақтан қатты отын сатып тұрған саудагерді кезіктірмедік. Мәселенің мән-жайын білу үшін облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына ат басын бұрдық.
– Облыс бойынша көмір сатумен 24 нарық субъектісі айналысады. Аудан әкімдіктерінің ұсынған мәліметтеріне сәйкес, бүгінгі күнге жалпы 174,5 мың тонна жеткізіліп, қамтылу деңгейі 92,8 пайызды құрады. Жамбыл, Байзақ, Мойынқұм, Талас аудандарында көмірді сатумен айналысатын кәсіпкерлер жоқ, бұл өңірлер Тараз және Шу қалаларындағы тұйықтардан көмірді сатып алады. Орта есеппен Шұбаркөл, Қаражыра маркалы көмірлердің тұйықтағы бағасы сортына қарай 12-14 мың теңгені құрап отыр. Ал ауылдарға дейінгі арақашықтығын ескерсек, жеткізу құны есебімен 18-20 мың теңгеден сатылуда. Қазіргі таңда облыс көлемінде көмір тапшылығы байқалмайды. Көмір бағасына әсер ететін ең маңызды фактор – бұл соңғы тұтынушыға көмір сататын кәсіпкерлер мен разрездер арасындағы делдалдардың саны. Бұдан бөлек, әсіресе теміржол станция- ларынан шалғай ауылдық елді мекендерде көмірді тұйықта сатып алатын және оны тұтынушыға айтарлықтай үстеме бағамен қайта сататын ұсақ көтерме көмір сатушылардың болуы көмірдің қымбаттауына алып келеді. Осындай Тараз қаласында 20-ға жуық ұсақ көмір сатушылар бар, оларға талдау жүргізу кезінде басым көпшілігі көмірді қаппен сататындығы анықталды (1 қап құны – 900 / 1000 теңге аралығында). Қала ішінде 1 тонна көмірді сатып алу, жеткізіп беру құны орта есеппен 20 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ көмір сатушылармен сұхбаттасу барысында «Тараз-Аса» жолының арақашықтығы бойынша тасымалдау құны – 15 мың теңге (Камаз – 10 тн), яғни 1 тонна көмірдің жеткізу құны 1,5 мың теңгеден тасымалданатындығы анықталды, – дейді басқарманың бөлім басшысы Дамир Тұңғатов.
Бүгінде 24 нарық субъектілерінің теміржол тұйықтарын зерделеу кезінде 9,2 мың тоннаға жуық көмір қоры бар екендігі және қазан-қараша айларына жалпы 30,5 мың тоннаға тапсырыс берілгені белгілі болып отыр. Сала мамандарының сөзіне сенсек, қатты отын тапшылығы жоқ, баға тұрақты. Дегенмен құзырлы мекеме тексеріп кеткеннен кейін кәсіпкер тауарына өзі қалаған бағаны қоятыны белгілі. «Қыстың қамын жаз ойла» дейтін сөз осындайда айтылса керек. Қардың жауып, күннің суытқанын күтпей, тамыз айында қатты отынның қамына кіріссеңіз, қалтаны қағатын делдалдарға ұрынбайтын едіңіз.

Арайлым Шабденова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.