Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көктей түс, көгере бер!

0 225

Қала тұрғындары бір күнін тал егуге арнады. «Соңыңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөздің төркіні көктей түс, көгере бер деген ниетке саяды. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев саябаққа тал егіп, жаңару мен жаңғырудың нышаны болған өнегелі істің басы-қасынан табылды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Өңірде қала аумағын абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау бойынша көктемгі екі айлықтың тал егу шаралары бастау алып, ол жер-жерлерде, аудандарда да жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
– Біз әрқайсымыз өз ауламызды, көшені, қаланы, ауданды таза ұстауға тырысуымыз керек. Абаттандыру бойынша сенбіліктер дәстүрге айналса игі. Тек аумақты тазалау және ағаш отырғызумен шектелмей, сол отырғызылған жасыл желектерді күтіп ұстау жұмыстарын да жүйелі түрде жүргізіп отырған дұрыс. Мұндай сенбіліктердің өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік маңызы зор. Тұрғындардың өз балаларын осынау игі іске тартып, тәртіп пен тазалыққа баулып жатқандары қуантады. Жайлылық пен тәртіпті бірге орнатайық, – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өз сөзінде.
Алдымен облыс әкімі Б.Сапарбаев таңертең Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағындағы аллеяға ағаш көшетін отырғызды. Шараға Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев және облыстық, қалалық ардагерлер кеңесі мен қоғамдық кеңес мүшелері, жастар және волонтерлік ұйымдардың өкілдері қатысты. Сондай-ақ бұл күнгі ағаш отырғызу сенбілігі Тараз қаласындағы облыс әкімдігі ғимараты мен «Қазақ хандығы» монументінің жанында, халықаралық «Әулие-Ата» әуежайы аумағында, Ниетқалиев, Сүлейменов және басқа да көшелер бойындағы аллея, скверлерде өтті. Сондай-ақ сенбілікке қатысушыларды «Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күрек, қоларба сынды қажетті жабдықтармен және ағаш көшеттері мен құнарлы топырақпен қамтамасыз етті. Саябақта асыр салып ойнап жүрген бүлдіршіндер де тал егуге ықыласын білдіріп, қызыға қарады. Адам жанына ерекше жылылық сыйлайтын сәттің бірі де сол болды. Талшыбықтай бұралған жас өрімдер тал шыбығын өздері отырғызып, қуаныштары қойнына сыймай мәре-сәре болды.
– Бұл саябаққа немерелерімді сергіп қайтсын, таза ауа жұтсын деп алып келген едім. Міне, еңбекке баулып, тал-дарақ еккеніне мәз-мейрам болды. Көктем сайын көгеріп, бүршік атып, менің кішкентай бүлдіршіндеріммен бірге бұл жас шыбық та тамырын тереңге жіберіп, жайқалып өсетініне сенімім мол, – дейді қала тұрғыны Ұлтуар Абдрахманқызы.
Көктемнің алғашқы айы наурыздың 1-інен басталған екі айлық тазалық жұмыстары 1 мамырға дейін жалғасады. Сенбіліктерге қаланың орталық бөліктері, үлкен көшелер мен саябақтар, облыс орталығының шағын аудандары түрлі мекемелерге, кәсіпорындар мен кәсіпкерлік нысандарына бекітілген. Тазалық жұмыстары Тараздың төңірегінде ғана емес, облыстың барлық аудандарында қызу жүріп жатыр. Бүгінде облыс орталығында 225 қайың көшеті, 2900 үйеңкі, 150 акация, 800 шаған ағашы, сондай-ақ бірнеше ондаған қарағай, магнолия көшеттері, жалпы алғанда, төрт мыңнан аса жаңа ағаш көшеттері отырғызылыпты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.