Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көкейде жүрген көп сауалға жауап табылды

0 829

Осынау елең-алаң шақта жұртымызға қолдау көрсетіп, батыл қадамдар мен дұрыс шешім шығара білген ел Президентінің наурыздағы Жолдауының маңызы зор, сипаты бөлек. Себебі халық үшін ел басқарып отырған азаматтың әр сөзі келешекке бағытталған батыл жоспарлардан құрылуы керектігі жасырын емес.

Қиын-қыстау өтпелі шақта Президентіміз расында батыл қадамдар жасады. Парқынан нарқы қымбаттап бара жатқан бүгінгі қоғамда қымбатшылықтың алдын алу, саяси реформалар, ел үміт артқан шенділердің жұмысы қатаң жауапкершілікпен қаралатындығы, қала атауларының өзгеруі және осы жұмыстардың артында өзінің халқына деген қолдауы тұратындығы барлығымыздың сенімімізге сенім қосып, жігерімізді жаныды. Әсіресе Президенттің: «Бүкіл құзырет бір қолда болуына негізделген басқару жүйесі қазір өзінің тиімділігін жоғалтты. Бұл жүйе көзқарасы мен ұстанымы әрқилы азаматтық қоғамды ұйыстыра алмайды. Сондықтан біз Қазақстанды дамытудың саяси моделін өзгерту үшін әр қадамды мұқият ойластыра отырып жасауымыз керек», – деген сөзінің астарында бұқараға деген жанашырлық пен бәрімізге ортақ мақсат-мүдде жатқандығы тайға таңба басқандай анық көрініп тұр.
Мемлекет басшысының бұл жолғы Жолдауының ерекше бір тұсы әкімшілік-аумақтық құрылымға арналды. Шыны керек, бұл өзгерісті қоғам көп күтті. Әу баста бюджеттің қаржысын үнемдеу, елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін жетілдіру бағытында қысқартылған аудандар мен облыстар уақыт өте келе шығынға бата бастағаны жасырын емес. Бұл жайында кезінде БАҚ-та түрлі зерттеу, талдау мақалалары жарияланды. Күнделікті тіршілікте түрлі қиындықтармен бетпе-бет келген жергілікті жердің тұрғындары өз өтініштері мен тілектерін әкімге, халық қалаулыларына жеткізіп жүрді. Бұл мәселенің нақты нәтижесі құнды құжатта айқын аңғарылып, алғышарты жасалды.
Қорыта айтқанда, биылғы наурыздағы Жолдау нақты ұсыныс пен биік мақсаттарға бағытталды. Мемлекет басшысы қоғам алдында тұрған басты мәселелерді айқындап берді. Жолдаудың әрбір жолынан көпшіліктің көкейінде жүрген сан түрлі сауалға жауап таптық. Мақсат біреу, жоспар ортақ. Сондықтан біз үшін дәл қазіргі сәтте Мемлекет басшысының сын сағаттарда сүрінбеген сақа саясатына сенім артып, онымен бірге болу һәм қолдау маңызды деп білемін. Ел тыныштығы мен бірлігінен артық баға жетпес құндылық жоқ. Сол құндылығымызды көздің қарашығындай сақтау үшін баршамыз тізе қосып, күш-жігерімізді аянбауымыз қажет. Өйткені жаңа Қазақстанның дамуы – баршамызға ортақ міндет. Тек соны түсінгенде ғана Жолдау жүктеген міндеттер сөзсіз орындалатын болады.

Ғани Садырбаев,
облыстық халық шығармашылық орталығының директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.