Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көк тағыларының тартысы

0 344

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Жамбыл ауданы, Бектөбе ауылындағы атшабарда құсбегілер арасындағы бессайыс жарысы өтті.

Айтулы аламанға жеті командадан 25 спортшы қатысып, жүлделі орындарды өзара сарапқа салды.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков кіріспе сөз сөйледі. Ол өз сөзінде ұлттық спорттың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген құсбегілерге алғысын білдіріп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бұдан соң бірнеше күнге созылған аламан басталып та кетті. Мандат комиссиясының жиыны, турнирге қатысушыларды тіркеу, жеребе тарту, төрешілер алқасының отырысы секілді ресми рәсімдер аяқталған соң, құсбегілер бүркітті қолға шақыру (500 метрден), қыранды еркін ұшыру, қаршығаны қолға қондыру секілді санаттар бойынша сынға түсті. Жарыс қорытындысында бүркітшілер арасындағы додада біздің облыстың тумасы Серікболсын Жалғасұлының мерейі үстем болып, бірінші орынды иеленді. Түркістан облысынан келген Дәурен Аршабайға екінші орын бұйырса, облыс намысын қорғаған Бақдәулет Бабажан үздік үштіктен көрінді.
Ителгіні ырқына көндіргендер аламанында Алматы облысынан келген Медет Шәліпов жеңістің ең биік тұғырынан көрінсе, Түркістан облысының үкілі үміті Дәурен Аршабай екінші, Алматы облысының қатысушысы Нұрболат Ермұхан үшінші орынды иемденді.
Қаршығаны қолына қондырғандар арасындағы жарыста Түркістан облысының құсбегісі Төлемырза Паң топ жарса, екінші орын облыс намысын қорғаған Серікболсын Бабажанға, үшінші орын Атырау облысының өкілі Бекнияз Қуанышбаевқа бұйырды.
Аударыспақтан өткен бәсекеде облыс атынан бақ сынаған Бақдәулет Бабажан мен Серікболсын Жалғасұлы бірінші және екінші орындарды иеленсе, түркістандық Дәурен Аршабай үздік үштікті қорытындылады.
Бірнеше күнге созылған жарыстың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте облыс құрамасы бірінші орын биігінен көрінсе, Түркістан облысының құрама командасы екінші орынға орнықты. Алматы облысының құрама командасы үшінші орынға жайғасты. Осылайша, біздің өңірде ұлттық спорт түрлері ұлықталды. Жарысты тамашалаушылар табиғат аясында өткен додада ұлттық спорт түрлерінің кереметтерін көздерімен көріп, құсбегілердің шеберлігіне риза болды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.