Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әйелмен әлем әдемі

0 302

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков Халықаралық әйелдер күніне орай қыз-келіншектер қауымымен кездесті. «Әйелмен әлем әдемі» тақырыбында өткен шарада әуелі шаһар басшысы сөз алып, мереке иелеріне ақжарма тілегін арнады.

– Әйел-ана – барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, тірліктің қайнар бұлағы. Бүгінде қазақ қыздары қоғамның барлық саласына да еркін араласып, тамаша табыстарға қол жеткiзiп келедi. Бұл – біз үшін, ерлер қауымы үшін, үлкен мақтаныш, биік мәртебе. Біздің қоғамда әйел азаматтар отбасының ғана емес, мемлекетіміздің берекесі, мерейі. Сіздердің бойларыңыздағы шексіз сүйіспеншілік, мейірім мен нәзіктік әр адамның өмірін бақыт пен берекеге толтырады.
Бүгінде әйелдерге жан-жақты жағдай жасау, көпбалалы аналарды қолдау және отбасы институтын нығайту – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Бұл бағытта Тараз қаласында да ілкімді істер жүзеге асырылуда. Айталық, Тараз қаласы бойынша 2010-2024 жылдар аралығында жалпы саны 2 772 көпбалалы ана «Алтын» және 3 772 ана «Күміс» алқамен марапатталды. Осының өзі алтын құрсақты аналарға деген құрметтің ешқашан азаймайтынын айғақтап тұр, – деген Бақытжан Әмірбекұлы өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар қыз-келіншекке Мемлекет басшысының құттықтау хаты мен Алғыс хаттар және Құрмет грамоталарын табыстады.
Келесі кезекте Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай жылы лебізін жолдап, еңбегімен еленген аруларды арнайы марапаттады.
Бұдан кейін медицина саласының ардагері Жұмакүл Абылгазина, білім саласының озық қызметкері, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Мария Айтбекова, Тараз қалалық прокуратураның аға прокуроры Жадыра Елеукұлова, бокстан Азия чемпионатының қола жүлдегері, бес баланың анасы Әйгерім Сәттібаева, «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС 4-разрядты электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету бойынша электромонтері Елена Гергенридер және өзінің 5 баласынан бөлек мүмкіндігі шектеулі 20 балғынды қамқорлығына алып, бауырына басқан көпбалалы патронатты отбасының ұйытқысы Мадина Жорабаева ыстық ықыластарын білдіріп, қала басшылығына ризашылықтарын жеткізді.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.