Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әйел – әлемнің шуағы

0 230

Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай қаланың қоғамдық өміріне белсене атсалысып, әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген нәзікжандылардың еңбегін елеп, құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді әлдилеген аяулылар жақсылық пен ізгі ниетке, марапат пен мадаққа лайық. Көктемнің шуақты күніндей жадырап, жайнаған аруларға алдымен тікелей эфир арқылы облыс басшысы Бердібек Сапарбаев жылы лебізін арнады. Одан кейін сөз алған қала басшысы Айтқазы Қарабалаев та елеулі еңбек етіп жүрген аяулыларды құттықтады.

– Ана – тіршіліктің тірегі. Ол – отбасының берекесі, жақсылықтың бастауы. Қазақ даласы әйел баласының еншісіндегі талай ерлік пен батырлықтың куәсі болып келеді. Оған халқымыздың басынан өткізген талай зұлматы мен алмағайып дәурені де куә. Батыр аналарымыз асқан ерлігі мен өнегелі істерінің арқасында бірлік, тұрақтылық, өркендеу сияқты арқаулы құндылықтар қалыптастыра білген. Қазақ әйелінің бойындағы бұл қасиет өшкен жоқ, ұсақталған жоқ. Алысқа бармай-ақ, былтырғы жылдан бері әлемді аяғынан тік тұрғызып, жаңа сын-қатермен, адамзат баласына төнген қауіппен бетпе-бет келтірген пандемияны алайық. Осы сынға толы уақыт ішінде өз денсаулығы мен өміріне төнген қатерден қорықпай, тәуекелге бел буып қызмет еткен денсаулық сақтау, құқық қорғау, әлеуметтік және басқа да салада еңбек еткен қаншама қыз-келіншек бар. Олар – қазіргі заманның шынайы батырлары. Біз мұндай батылдықтың алдында бас иеміз, – дей келіп, еңбегі еленген аруларға сый-сияпат көрсетті.

Кеш барысында қала әкімі аппаратының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімшесінің басшысы Бахытнұр Тілеубекқызы, қала әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі Гаухар Жолдыбаева облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, қала әкімі аппаратының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімшесінің бас маманы Нұржамал Рахышева, қала әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің күтім жөніндегі әлеуметтік қызметкерлері Райхан Аманқұлова және Майра Токубаева Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен, сонымен қатар біршама азаматшалар қала әкімінің және қалалық мәслихаттың Алғыс хатымен марапатталды.

Шаһар басшысы өз кезегінде Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында «Әйел – әлемнің шуағы» атты мерекелік кездесу кешіне де барды. Кездесуге қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, қалалық мәслихаттың депутаттары, саяси партиялардың, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, кәсіпкер әйелдер, қалалық әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшелері қатысты.

– Дәстүрлі қазақ қоғамында әйел мәртебесінің биіктігі әйелдерге, аналарға жасалған қамқорлығынан, сый-құрметінен байқалады. «Әйел – өмір тірегі ғана емес, әйел – өмірдің өзі» деп Елбасы айтқандай, «әйел» ұғымына дөңгеленген дүниенің бар кереметі сыйғандай. Ұлттың ұйытқысы саналатын әйел адамның, ананың біздің қоғамдағы алар орны ерекше. Бүгінде Қазақстан әйелдері еліміздің дамуына айрықша үлес қосып отыр. Адамзаттың нәзік жанды өкілдері ел экономикасының түрлі саласында, сонымен қатар мемлекеттік қызметте, ғылымда, жеке бизнесте, білім беру мен денсаулық сақтау саласында еңбек етуде, – деді Айтқазы Дәулетқұлұлы.

Одан кейін сөз кезегін алған «Жамбыл облысының іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, кәсіпкер Меруерт Лештаева «Ұлт болашағы – аналардың қолында», облыстық полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ақмарал Жанисова «Әйел құқығын қорғау – қоғам назарында» тақырыбында баяндама жасады. Ал қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы, қалалық мәслихаттың депутаты Эльмира Мырза-Ғали есімі ел есінде қалып, аты аңызға айналған аруларға тоқталып өтті.
– Әз аналарымыздың көш басында Домалақ анамыздың есімі аталады. Айша бибі ару аңызының желісі ел ішінде әлі күнге ғашықтықтың символы ретінде айтылып келеді. Сонымен қатар қазақ даласында ақ бесігін тербеткен аналарымыздың сертіне адалдық, мейірбандық, өр тұлғалық пен қайсарлығына таң қалмасқа болады ма? – деді Эльмира Иниятқызы «Әулиеата өңірінің арулары» атты баяндамасында.

Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесі жанындағы жастар қанатының төрайымы, «Come and cook» аспаздық мектебінің директоры, көпбалалы ана Камила Жарқымбекованың өз айтары бар. Ол «Әйелдердің саяси және қоғамдық өмірдегі рөлі» тақырыбында кеңінен сөз қозғады.
Көріктілердің құрметіне орай ұйымдастырылған кеште сөз алған жас ақын Жұлдыз Бейсек «Мамыражай сұлу көктем, бұл көктем» тақырыбында әдемі әңгіме өрбітіп:
Қыз – қызғалдақ, қыз – анашың,
Бәрінен де қызғанасың.
Аялаңдар, әлпештеңдер,
Гүлден нәзік қыз баласын, – деп жырдан шашу шашты.
Сонымен қатар жиын барысында қала әкімі Айтқазы Қарабалаев айтулы күннің қарсаңында қаланың орталығына өз өңірімізде көктеген, есімдері әйгілі әйелдердің бейнесін ілу қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ қаланың қоғамдық өміріне белсене атсалысып, әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген «Goodmaker» ЖШС-нің директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Амина Қайназарова, облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры Жамал Қалыбекова, қалалық ішкі істер басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшесінің аға инспекторы Анар Мұсаева, «Ана үйі» қоғамдық қорының үйлестірушісі Айнұр Әжібекова, қала әкімдігі ішкі саясат бөлімінің жастар ресурстық орталығының инспекторы, отбасы мәселелері бойынша құрылған жұмыс тобының мүшесі, психолог Айнұр Мырзатаева марапатталды. Кеш соңында жиналғандарға қала әкімінің «Мойныма таққан тұмарым» атты жыр жинағы табыс етілді.

«Айвенго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де ел ішінде елеулі еңбек етіп келеді. Қала әкімі 1984 жылдан бері тігінмен айналысып, Любовь Попова басшылық етіп жүрген ұжымды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, жұмыс барысымен танысып, толағай табыстар тіледі.

Компания президенті Любовь Попова 1998, 2002, 2016 жылдары өнімнің сапасын жақсартып, табыстылығын арттырғаны үшін Қазақстан Республикасының наградаларымен 3 рет марапатталып, кәсіпорын 2001 жылы «Әйел басқаратын үздік кәсіпорын» номинациясының жеңімпазы атанған. Бүгінгі таңда кәсіпорын айына 3000-нан 24000 мыңға дейін тігін бұйымдарын өндіріп отыр.

– Басында ерлерге, әйелдер мен балаларға арналған түрлі киімдер шығарған едік. Қазір біз өз өнімдерімізге төсек жабдықтарымен қатар, арнайы мамандарға арналған киім үлгілерін де қостық. Соңғы бес жыл ішінде тасымыз өрге домалады десек болады. Қалада өнімдерімізді сататын үш дүкен жұмыс істеп тұр, – деді кәсіпорын басшысы.

Еңбегі айқын, бағыт-бағдары анық кәсіпорынға көңілі толған қала басшысы өз пікірін білдірді.

– Кейде әдеттегідей өнімнің сапасы жыл озған сайын нашарлайтыны бар. Ал бұл өндірістен шыққан өнімнің сапасы жылдан-жылға жақсаруда. Бұл деген «Айвенго» ЖШС бізге Қытай, Түркиядан және басқа жақтан әкелінген өнімдерден гөрі артық болмаса, еш кем еместігінің жарқын мысалы. Кәсіпорынның барлық әйелдер қауымын Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтап, өз қаламыздың имиджін көтеруге атсалысқандары үшін алғыс білдіремін, – деді Айтқазы Қарабалаев.

Қала басшысы сан салада еңбек етіп жүрген дәрігер, аспаз, слесарь, полиция қызметкерлері, теміржол және тағы да басқа түрлі маман иелеріне арналған киімдерді тексеріп көріп, арнайы тігілген қысқы күртешелердің тігісінің беріктігі мен жылылығына көз жеткізді. Ал «Вкусная корзинка» қызметкерлері фирмалық кеудешені үш жылдан аса ауыстырмай киеді екен.

Кездесу соңында Любовь Попова тауарларды жарнамалау үшін билборд қажеттігін тілге тиек етті. Қала әкімі өнімнің танымалдығы үшін аянбау қажеттігін айтып, бұл мәселені жуық арада шешіп беретінін жеткізді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.