Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Jambyl-Taraz» – жеңіс тұғырында!

0 1  110

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай «Тараз-Арена» спорт кешенінде сала мамандары арасында  Шерхан Мұртаза атындағы облыстық спартакиада өтті. Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт пен ішкі саясат басқармаларының бірлесе ұйымдастыруымен түндігін түрген турнирде 9 команда 6 спорт түрінен бақ сынады. Кіл мықтының ішінен шын мықтыны танытып, жүзден жүйрік шыққан «Jambyl-Taraz» құрамасы қарсыластарын қоғаша жапырып, жеке дара көш бастады.

Дүбірлі доданың ашылуында сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Садубаев ізгі лебізін жолдап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Құрметті журналистер! БАҚ өкілдері билік пен бұқара арасындағы алтын көпір екені байырдан белгілі. Сіздердің қаламдарыңыздан туған туындылар қоғамдық ой туғызып ғана қоймай, билікке де бағыт-бағдар көрсетуде. Өзара ынтымақтастық деген – осы.
Шер-Ағаң айтпақшы «Журналистердің жегені – жантақ, арқалағаны – алтын». Сондықтан да сіздердің ел үшін етіп жатқан еңбектеріңіз ерен.
Бүгінгі спартакида – достықтың додасы болсын. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін!, – деді басқарма басшысы.
Бұдан кейін жарыс көркі қыза түсіп, ең әуелі қатысушылар эстафеталық жүгіруден күш сынасты. Жалпы ұзындығы 400 метр қашықтықта қарсыластарын шаң қаптырған «Taraz 24» телеарнасының желаяқшылары 1-орынның биігінен көрінсе, «Taraz Press» құрамасы 2-орынды еншіледі. Ал «Jambyl-Taraz» командасы үздік үштікті түйіндеді.
Бұдан кейін үстел теннисінен сынға түскен ерлер арасында «Taraz Press» командасының мүшесі Диас Шаухаров топ жарса, «Jambyl-Taraz»-дық Сәкен Абжапаров 2-ші, «Salyq Tartibi» командасынан Нарбол Қашағанов 3-орынды олжалады.
Ал әйелдер арасында «77» телеарнасынан Аружан Адасхан, «Taraz 24» телеарнасынан Мархабат Көпбосынова және «Jambyl» телеарнасынан Эльвира Әмзеевалар жеңіс тұғырынан көрінді.
Әріптестер ақыл мен ойдың ұшқырлығы сыналатын дойбыдан да шеберлік байқасты. Бұл бәсекеде ерлер арасында «Aulieata-Media» командасының мүшесі Амангелді Әбіл 1-орынды иеленсе, «Taraz 24» телеарнасынан Нұрбол Қыстаубеков 2-ші, «Jambyl-Taraz» командасынан Саятхан Сатылғанов 3-орынға қол жеткізді.

Ал әйелдер сапында «Jambyl-Taraz» командасының тағы бір мүшесі Ғалия Алиева оқбойы оза шапса, «SalyqTartibi»-нен Әсел Бөлекбаева 2-орын алды. Ал «TarazPress»-тік Ақбота Батырбекова 3-орынға тұрақтады.
Қол күресінен өткен тартыста ерлер арасында Айдос Әбілов («SalyqTartibi») 1-орын, Сәкен Абжапаров («Jambyl-Taraz») 2-орын, Серік Тәжібаев («TarazPress») 3-орынды иемденді. Әйелдер арасындағы додада 1-орынды Ардақ Сапибулла («Jambyl TV»), 2-орынды Мираш Жолаева («Jambyl-Taraz»), 3-орынды Салтанат Нурмаханова (Jas Media) қоржынға салды.
Арқан тартудан өткен айқаста «Jambyl TV» 1-орын алса, «Aulieata-Media» мен «Jambyl-Taraz» құрамалары 2 және 3-ші орындарға лайық екендерін көрсетті.
Спартакиданың шешуші сыны саналған волейбол ойынында нағыз жан алысып, жан беріскен шайқас болды. Алайда «Jambyl-Taraz» командасының ойыншылары қарсыластарының адымын аштырмады. Шеберліктің шыңын көрсеткен әріптестеріміз әр кездесуді ірі есеппен жеңіп, волейболдан теңдессіз екендерін айғақтады. Жарыс қорытындысы бойынша қарсылас шыдатпаған «Jambyl-Taraz» құрамасы 1-орынды қанжығаға байласа, Т.Рысқұлов ауданының ойыншылары 2-ші, «Taraz 24» телеарнасы 3-орынды қанағат тұтты.
Жалпы командалық есепте ешкімге дес бермеген «Jambyl-Taraz» құрамасы жеңімпаз атанып, арнайы Кубок пен 300 мың теңгенің қаржылай сыйақысына ие болса, «Taraz Press» командасы екінші орынға табан тіреп, 200 мың теңгелік сертификатты еншіледі. Ал «Taraz 24» телеарнасы үздік үштіктен көрініп, 100 мың теңгемен марапатталды.
Осылайша тартысқа толы өткен журналистер турнирінде «Jambyl-Taraz» құрамасы нағыз командалық ойын көрсетіп, талайдың таңдайын қақтырды.

Жұматай Көксубай 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.