Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Jambyl-Taraz» – шаһардың шұғылалы шамшырағы»

0 64

«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дейді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов. Расында, үнпарақтардың үні, басылымдардың бағыты әрдайым бұқарамен бірге. Газет өткеннің ізі болса, онда жазылған дүние – тарихтың таңбасы. Биыл 30 жылдық белесіне жетіп отырған облыстық «Jambyl-Taraz» газетінің де тарихқа қалдырған қазынасы мол. Ширек ғасырдан астам уақытта шарболаттай шыңдалып, жеңісті де, сындарлы сәттер мен өрлеу-өрісті де бастан өткерді. Ал өткеннің өзін, тарихтың сөзін сөйлету – көнекөздердің еншісінде. Міне, газеттің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында басылымның алғашқы қадамына құт тілеген, сол тұстағы Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы болған, бүгінде қалалық мәслихаттың төрағасы Кенжебек Олжабаймен кездесіп, газеттің өткені мен бүгіні төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.

– Кенжебек Мамашбайұлы, «Jambyl-Taraz» газетінің алғаш ашылуының басы-қасында болған жансыз. Айтыңызшы, қалалық басылымды құрудағы негізгі мақсат қандай еді?
– Газеттің алғаш құрылуына сол кезде Тараз қаласының әкімі болған Болат Жылқышиев тікелей мұрындық болды. Ол кісі 1995 жылдың күзінде шаһар әкімі қызметіне тағайындалғанда мен әкім аппаратында маман едім. Содан араға бір жыл салып, 1996 жылы Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газетін ашу туралы шешім қабылданды. Ел еңсесін енді тіктеп жатқан кез болғаннан кейін қалада ақпараттық саясатқа аса мән берілмеген еді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен қазақ және орыс тілінде қалалық газет жарық көрді.
Қала әкімінің орынбасары Нұрғали Әбілдаевтың да мамандығы журналист болғандықтан газетке көп көңіл бөлді. Екеулеп жүріп, қалалық басылымның қадамын қатайтуға барымызды салдық. Газеттің алғашқы бас редакторлық қызметіне жас та болса талантымен танылып үлгерген журналист Дархан Байтуовты тағайындадық.

Мемлекеттік қаржыландыру болмағаннан кейін бастапқыда қиын болды. Газетті қаржыландыру үшін, ең алдымен, жазылымға күш салдық. Ол тұста қазіргідей газетке жазылуға шақырсаң, үрке қарайтын немесе шу шығаратындар жоқ болатын. Ішкі саясат бөлімінің басшысы ретінде газеттердің бөлінісі менің қолымнан өтетіндіктен, қалалық басылымға көптеу қойып, мекемелер мен бөлімдерге айтып жүріп, таралымын көбейттік. Осылайша бұған дейін республикада «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда», ал облыста «Ақжол» мен «Знамя труда» газеттері болса, біздің күшімізбен Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газеті дүниеге келді.
– Жаңа басылым болғаннан кейін оның материалдық базасын қалыптастыру, кадрлық толықтыру сынды дүниелер қалай шешілді?
– Өзіміздің төл тумамыз, қалалық газет болғаннан кейін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Шама-шарқымызға қарай жергілікті бюджеттен, жетпеген тұсына демеушілер тартып жатып компьютерден бастап, орындыққа дейін жаңа редакцияға қажетті барлық керек-жарағын жасақтап бердік. Тілшілердің де тіршілігін түзеп, қалалық басылымға білікті журналистердің көптеп ағылуына қолайлы орта қалыптастырдық. Нәтижесінде аз уақыттың ішінде газет аяғына тік тұрып, облыстық басылымдармен үзеңгілесетін жағдайға жетті.
– Газеттің «Жамбыл-Тараз» атауы қайдан туды? Идея авторы кім?
– Газет алғашқы қадамын жасап жатқан кезде Жамбылға тарихи Тараз атауын қайтару туралы бастама көтеріліп жатқан болатын. Содан шаһарға еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келіп, қала атауын өзгертіп кетті.
Осы тұста Тараз қалалық ішкі саясат бөлімін марқұм Қалбибі Мақажанова басқарып тұрған. «Жамбыл-Тараз» газетінің атауын сол кісі ұсынды. Қала әкімі Болат Жылқышиев бәріміздің басымызды қосып, жаңа басылымның атауына қатысты пікірімізді тыңдағанда Қалбибі Мақажанованың ұсынысы көптің қолдауын тапты. Ол кісі «Жамбыл-Тараз» газеті облыс пен қаланы байланыстыратын алтын көпірге айналсын» деп әрі тарихи атаулардың үндестігін ойлап осы атауды ұсынған болатын. Өкінішке қарай, әріптесіміз «Жамбыл-Тараз» газетінің ширек ғасырлық мерейтойы қарсаңында 79 жасқа қараған шағында дүниеден озып кетті. Алайда оның артында «Жамбыл-Тараз» газетінің атауы сынды өшпес із қалды.
– «Жамбыл-Тараз» газетінің негізгі бағыты қандай еді? Сөз еркіндігі болды ма?
– Қалалық басылым болғаннан кейін газет таза шаһардың тынысын жазды. Жергілікті билік өкілдерінің жұмысымен қатар өзекті мәселелерді де көтеріп жүрді. Алайда газеттің буыны қатаюы үшін ең бірінші қаржы қажет болды. Сондықтан басылымда телебағдарламалар, құттықтаулар, жарнамалық мәтіндегі материалдар көптеп басылды. Қазір газет-журналдармен халықты қызықтыра алмайтын болсаң, ол кезде халық басылымдардың жаңа санын асыға күтетін. Қала әкімінің қайда барғаны, кімдермен кездескені қызу талқыланатын. Себебі ол кезде қазіргідей әкімдер халықпен апта сайын кездесе бермейтін. Сондықтан көпшілікті әкімнің жұмысы мен әкімдіктің тынысы қатты қызықтыратын. Одан бөлек, ел еңсесін енді тіктеп келе жатқан жылдар болғаннан кейін қалада газ, жарық, коммуналдық мәселелер өзекті болды. Міне, осы жағдайларға қатысты жазылған материалдарды тұрғындар асыға күтіп, оқитын. Қалалық «Жамбыл-Тараз» газетін ашудағы басты мақсатымыз да осы еді.
– Демек, ол тұста басылымдардың беделі биік болды дейсіз ғой…
– Қазір ойлап қарасаңыз, халықтың бәрі телефонға телмірген заман келді. Газетке жазыл десең, қаша жөнеледі. Айтатын бір уәжі – «газетте жазылған дүниені телефоннан оқи саламын» деген ой. Алайда телефоннан газетке шығатын дүниелердің бәрін таба алмайсың ғой. Газеттерде алыпқашпа әңгіме, қауесет, өсек деген сияқты дүниелер жазылмайды. Мақалалар тек дерек пен дәйекке сүйеніп жарық көреді. Ал телефонда толған арзан әрі дәлелсіз материалдар. Одан халықтың, оның ішінде жастардың санасы уланып жатқаны тағы ақиқат. Міне, газет-журналдардың басты артықшылығы осында.
Одан бөлек, мен газет, кітап оқымаған адамдарды құп көрмеймін. Оларға рухани азық жетіспейді. Кезінде қалаға әкім болып келген Болат Жылқышиев та орыс тілді болатын. Алайда қазақ тілді газет, кітап оқығанының арқасында рухани байыды. Егер газет пен кітапта мол қазына болмаса, сол кісілер оқыр ма еді?! Міне, газеттің құдіреті осында. Сондықтан әрбір азамат газет-журнал, кітап оқуы керек деп ойлаймын. Мен өзім де әлі күнге дейін мерзімді басылымдар, кітап, журналдарды үзбей оқимын. Оған себеп – адам баласы өз-өзін жетілдіріп отыруы керек. Сонда ғана ол өзгеге өз ой пікірін, ақыл-кеңесін айта алады.
– Қазір «газеттерді мемлекеттік тапсырысқа байлап қойды» дейтіндер көп. Яғни, басылымдар белгілі бір шеңберден шыға алмайтын күйге түсті. Осыған сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Бұның тиімді де, тиімсіз де тұстары бар шығар. Мемлекеттік саясат болғаннан кейін бұның бәрі заман ағымына қарай жасалып жатқан дүние. Алайда кезіндегі жазылым жүргізу жүйесін бұзбау керек еді. Сол кезде газет-журналдардың өз қаржысы да қомақты болып, ешкімге жалтақтамайтын. Бірақ бұл жүйе бұзылды. Енді басылымдар оқырманды қызықтыратын басқа тетіктерді іздеп жатыр. Ол да дұрыс. Тек соны тұрғындар түсінсе болды. Мол қазына газет-журналдарда жатқанын ұғынса екен деймін.
Менің өзім қала әкімдігінің кеңсесінде отырып білмей, естімей қалатын дүниелерім бар. Міне, соны газет-журналдардан көріп, құлағдар болып отырамын. Сондықтан бүгінгі қоғамға бұрынғы жазылым жүргізу жүйесін қайтару керек деп ойлаймын. Сонда ғана тепе-теңдік сақталып, билік те, БАҚ та ұтылмайтыны анық.
Бұрындары айлық жалақы аз кезде де халық газет-журналдарға жазылды ғой. Ол кезде идеология дұрыс жүргізілді. Бүгінгі идеологиямыз осы халықтың көзін дұрыстап ашуы керек. Бізге Еуропаға, әлде шетелге еліктеудің қажеті жоқ. Өзімізге өз идеологиямыз жетеді. Тек өшкенімізді қайта жаңғыртып, жүйелі бастамаларымызды жолға қойсақ жеткілікті.
– «Jambyl-Taraz» газетінің 30 жылдық мерейтойына орай оқырман қауымға, журналистерге қандай тілек тілейсіз…
– «Jambyl-Taraz» газетінің оқырманы көп болсын! Іздеп жүріп оқитын сүйікті басылым беделінен түспесін! Газет аймақтың айнасы, шаһардың шамшырағына айнала берсін! Журналистер қауымына тек шығармашылық табыс, отбасыларына амандық тілеймін! 30 жылдық белестеріңіз ғасырлық мерейтойларға ұласа бергей!
– Рақмет! Айтқаныңыз келсін!

Сұхбаттасқан Саятхан САТЫЛҒАНОВ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.