«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, қазақ баспасөзінің орны қай дәуірде де бөлек болған. Бүгінгідей аумалы-төкпелі геосаяси ахуалда да газет-журналдардың алар орны ерек. Ашық ақпарат майданында алпауыт елдер баспасөзін тиімді саяси құрал ретінде пайдалануда.
Ақпарат айдынында өзіндік орны бар «Jambyl-Taraz» газеті де соңғы төрт жылдың бедерінде облыс көлемінде тарап, шалғай ауылдардағы ағайынмен қауышты. Басылымның бет-бейнесімен қатар мазмұны да өзгеріп, журналистер қауымы қара халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, бұқара мен билік арасында алтын көпірге айналды. «Шындықтың жүзі», «Құлып пен кілт», «Бар мен жоқ», «Ақ пен қара», «Оң мен сол», «Бұзық фотоаппарат» сынды айдарлар арқылы бұқараның базынасын көтеріп, түйінді түйткілдердің шешілуіне күш салды. Сондай-ақ «Қала-қарбалас», «Қоғам», «Әлеумет», «Меже мен міндет», «Тапсырма талабы – нәтиже» сынды айдарлар билік тынысын тұрғындарға жеткізіп, айтулы шаралардан құлағдар етті. Бұдан бөлек «Заң мен заман», «Самұрық», «Диагноз», «Спорт», «Жалын», «Тылсым», «Талбесік» сынды арнаулы беттер үнпарақты тың қырынан танытты.
Енді, міне, 2025 жылы «Jambyl-Taraz» газеті 12 500 оқырманымен тарихтың жаңа парағын ашып отыр. Жыл ішінде көзі қарақты оқырманды қуантар жаңалықтарымыз аз емес. Бұған дейін салынған сара жолдан айнымай, аймақ тынысын облыс көлемінде таныта береміз. Жаңа айдарларға жан бітіріп, оқырман талғамына қарай жаңашылдыққа бет бұрамыз. Өткір де өзекті мақалаларды көптеп басып, бұқараның мұңын мұңдап, жұртшылықтың жоғын жоқтаймыз.
Халық үніне құлақ түріп, үлкен мінберлерге жеткізуге жол саламыз. Сондай-ақ газет редакциясының жанынан құрылған SMM тобы өңір жаңалықтарын бейне баяндау арқылы жеткізіп, тың жобаларымен көрерменді қуантады.
Құрметті, оқырман! Аса қадірлі жамбылдықтар!Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ana tili» газетіне берген сұхбаты баспасөзге жаңа леп пен серпін бергені анық. «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» деген Президент халыққа үндеуін үнпарақ арқылы жеткізуі газет-журналдарға жауапкершілік жүгін арттырғаны айқын. Осы сенім үдесінен шығуға «Jambyl-Taraz» газеті де бар күш-жігерін салады. Бұл ретте тек Сіздердің қолдауларыңыз газеттің өміршеңдігін ұзарта түсетіні даусыз.
Жасыратыны жоқ, бірер жылдың бедерінде «Интернет басылымдар дәстүрлі ақпарат құралдарының орнын басады» деген түсінік қалыптасты. Алайда, газет – руханият айнасы, қоғамның жаршысы, тасқа жазылған тарих. Бұл тұрғыда облыстық «Jambyl-Taraz» гезітінің таралымы жыл санап өсіп келе жатқаны қуантады. Бұл – Сіздердің бізге деген сенімдеріңіз, артылған үміттеріңіз бен жауапкершілік жүгі. Сондықтан да «Jambyl-Taraz»-дың жаны да, жүрегі де әрдайым оқырманымен бірге.
Осы орайда жылдар белесінде бізбен бірге болып, қолдау білдіріп, сүйікті басылымдарыңызға деген сүйіспеншіліктеріңізден айнымағандарыңызға алғыс білдіреміз. Оқырманы барда басылымның болашағы баянды, беделі биік болатыны анық. Ендеше Жаңа жылда бірлесе бастаған әр қадамымыз берекелі болсын деп тілейміз!
Саятхан САТЫЛҒАНОВ,
«Jambyl-Taraz» газетінің бас редакторы